Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанатын кеңге жайған жоба

Қанатын кеңге жайған жоба

2014 жылдан бастап, жүзеге асырыла бастаған «Серпін – 2050» жобасы – елдегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі. Қазір халықтың игі жобаға деген қызығушылығы орасан. Ол жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік беріп отыр. Бұл күні «Серпін – 2050» жобасы қанатын кеңге жаюда.
Десек те көпшіліктің көкейінде әлі де бірқатар сауал бар. Оларды жобадағы әсіресе, жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі мазалауда.

Серпіліс беретін мүмкіндіктер
Бүгінде мемлекетте кәсіби білім алған мамандардың жетіспеушілігі сезіледі.Сол себепті осындай жүйенің жандануына ел үлкен үміт артады. «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы еңбек нарығындағы өңірлік үйлеспеушілікті теңдестіруге және жастарға кәсіби білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қабылданған жоба бірінші кезекте мыңдаған жас бойжеткен мен бозбалалар үшін сапалы тегін білім алуымен ерекшеленеді. Бұл жұмыс берушілермен талап етілген кәсіпті игеруге жағдай туғызып, түлектерді міндетті түрде жұмысқа орналастырудыкөздейді.
«Серпін – 2050» жобасын іске асыру 2014-2015 оқу жылы республиканың 25 колледжінде 37 мамандық бойынша ­басталды. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде солтүстік өңір колледждерінде 1000 түлек оқытылды. Келесі оқу жылындааталған тапсырыс артып, 1200 орынды құрады.
Сонымен қатар жұмыс берушілердің белгілі бір кәсіби сала мамандарына мүдделі болуына сәйкес бағдарлама бағыттары кеңейтіледі. Талапкерлер «Тігін өнеркәсібі және киімді модельдеу», «Темір жолдарының құрылысы, жол және жол шаруашылығы», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Жол қозғалысын ұйымдастыру», «Өрт қауіпсіздігі» сияқты қызықты әрі талап етілген мамандықтар бойынша білімін шыңдай алады.
Әрбір өңірде талапкерлер қажетті ақпаратты ала алатын «Серпін – 2050» штабтары ашылған. Жастардың кәсіби және мобильділігін арттыру мәселелерін жедел және уақытылы басқару үшін Үйлестіру кеңесі құрылған.

Болашағына бағдар берген
Бағдарламаға бай тәжірибесі және тарихы бар колледждер қатысады. Сондай оқу мекемелерінің бірі – Қостанайға қарасты Жітіқара қаласындағы политехникалық колледжін бітірген Сыр өңірінің тумасы Дастан Рысбеков өз таңдауына өкінбейді. Үздік материалдық-техникалық қоры мен педагогикалық қызметкерлерінің білікті құрамының арқасында колледж «Серпін – 2050» жобасына қатысқан.
Кейіпкеріміздің айтуынша, оқу орнында бағдарламаға қатысатын оңтүстік өңір студенттері кездесуге асқан жауаптылық және ынтамен дайындалады. Барлық грант иегерлері тұрмысқа жайлы жатақханаға орналастырылады. Бөлмелер жаңа жиһазбен жабдықталып, онда қолайлы жағдай үшін теледидар, төсек-орын, ас-үй заттарына дейін қойылған. Жатақханада студенттердің өзекті мәселелерін шешу үшін күнделікті әкімшілік кезекшілік белгіленді.
– «Серпін – 2050» бағдарламасында әлеуметтік мәселенің мұқият ойластырылғанын атап өтуге болады. Соның арқасында студенттерге арналған асханада 3 реттік тегін тамақтану ұйымдастырылды. Әрбір студентке сыртқы қысқы киімді сатып алу үшін 64 820 теңге мөлшерінде ақшалай қаржы аударылады. Оқушылар үшін демалыс уақытында екі жаққа қарай жол жүру ақысы бөлінді. Ай сайын шәкіртақыны да уақытылы алып тұрдық.
Шүкір, жаман болмадым. 2 курста жүріп, Мәдениет сарайына орналастым. Қазір осында көркемдік жетекшімін. Шаңырақ көтердім. Жан жарым Жанеркемен екі ұл тәрбиелеудеміз. Қызмет орнымның ықпалымен екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Бұл бағдарламаның берері көп. Жастар қорықпай, солтүстікке келіп, қазақыландыруға үлес қосса, нұр үстіне нұр. Жұмысқа да орналасуға еш кедергі жоқ, – дейді жас маман.
«Серпін – 2050» бағдарламасының игілігін көрген қатысушылар қатарында қазалылық әпкелі-сіңлілі Жансая мен Ақмарал Асановалар да бар. Ақмарал осы жылы диплом алуға дайындық үстінде. Ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетін қызыл дипломмен тәмамдамақ.
– «Серпін – 2050» бағдарламасы менің бағымды ашты десем артық айтқандық емес. Осыдан төрт жыл бұрын ҰБТ-да көрсеткішім Алматы, Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарына қабылдануға жетпей қалды. Сол кезде ата-анам «Серпін – 2050» бағдарламасымен білім алуға кеңес берді. Дереу шешім қабылдап, оқуға аттандым. Бұйыртса, 4 жыл алған білімді жалғастырып, магистратураға құжат тапсырғалы отырмын, – деді Ақмарал Асылбекқызы.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

02 маусым 2021 ж. 528 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930