Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ұмытпаған есім

Ел ұмытпаған есім

– Аймақашқа баратындар бар ма, Аймақашқа? – Әйтеке би кентіндегі базар аялдамасына тоқтаған кезекті «Газель» маршрутының есігін аша сала жолақы жинаушы бала көлік күтіп тұрғандарға айқай салды. Жолаушылар да екі айтқызған жоқ «а-а, Аймақаш болса тоқтай тұр, бала» деп сол аймаққа баратындар жапатармағай мінді де, көлік орнынан қозғалып жүріп кетті.
Кент төңірегінің әр тарапынан тұрғындарға жер беріліп инфрақұрылым нысандары жүргізіле бастағанда теміржолдың шығыс жақ беткейінің жобалық-сметалық картасы «Аймақаш аймағы» деп белгіленіп жүретін тұстары бар екені де аудан тұрғындары үшін таңсық емес. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында, оқушы кезімізде Жаңақазалы поселкесінің шығыс беткейінде, заманында алып ғимараттай көрінген, жаңадан бой көтерген аудандық аурухананың артында бүгінге дейін ел ауызындағы Аймақаш атауы аудан тұрғындарына белгілі.
«Ауылдың аты атама, көшенің аты көкеме» деген ұстаным дерттей дендеп, біраз жылдан бері бәсекеге айналды. Ескерткіш орнатылып, ас беріп, белгілі де белгісіз тұлғаларды орынды да, орынсыз дәріптелуде. Атауы халықтың қалауымен, жарнамасыз-ақ жетпіс жылдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сонда мұның себебі неде, Аймақаш кім?
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық ұйымы кеңсесіне жеке шаруасымен Гүлнар Аймақаш есімді қоғамның мүшесі келді. Сол жердегілер Гүлнарға «тегіңіз кенттегі Аймақаш аймағының атауына ұқсайды екен» деп жай ғана сұрағын қоя салған. Бұған Гүлнар: «Мен сол кісінің туған немересі боламын» деп күле жауап қайтарды. Оның жауабы менің қызығушылығымды оятып, аз-кем мәлімет алғанды жөн көрдім.
Аймақаш Сәйекеұлы 1897 жылы Арал ауданына қарасты Қызылжар ауылында кедей шаруа шаңырағында өмірге келіпті. Әкесі Сәйеке ертерек қайтыс болып, 1910 жылдары отбасылары Қазалы өңіріне қоныс аударады. Жетімдік пен жоқшылықтың тауқыметін көп тартқан ірі денелі, қажырлы да қайратты жасөспірім, жігіт кезінен-ақ қайырымды азамат болған.
1925 жылдары Ақкиіз, Арғын аталған көлді жерге қоныс тепкен. Тал егіп, көркейтуге күш жұмсайды. Бірер жылдан соң Аймақаштың ұйымдастырушылық қабілетіне қызығып, сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметке қабылдайды. Соғыс алдында, соғыс кезінде өңірге қоныс аударып келген шешен, қалмақ өзге де ұлт өкілдерінің арасында кездескен қылмыстық ашуда, аласапыран уақыт болғасын елене бермейтін еңбегі аз болмаған. Қиын-қыстау кездің өзінде қазіргі ескі аудандық аурухананың шығыс беткейін заңды түрде алып, үй-жайын салған жерге арық қазған. Су келтіріп бидай, арпа, тары, жүгері, бақша дақылдарын еккен. Өнімін көпшілікпен бөліскен. Соғыс уақытында майданға аттанғанында Қазалыда кідіріп қалған әскери эшелоннан түсірілген жауынгерлер, госпитальға жіберілуі тиіс жарақаты барлар Аймақаштың атшаптырымдай ауласына әкелінеді екен.
Аймақаш Сәйекеұлы үлкен қазандарға өз өнімі қап-қап арпа, бидайды асып быламық көже жасап беріп отырыпты. Көбірек кідіріп қалған жауынгерлерді командирлері бұл жер бейне бір әскери полигон сияқты сапқа тұрғызып, соғыс өнеріне, соғыс қару меңгеруге, сап түзеп жүруге машықтандырып, майданға аттанған.
Ел-халыққа еңбегімен тапқан өнімімен бөлісіп, қамқорлық жасағанын көре алмағандар «мемлекеттің астығын талан-таражға салып жатыр» деп нақақтан жала жауып, қолына кісен салдырды. Соғыс заңына сәйкес ату жазасының қаупі төнгенде, сол кездегі жөн сөзге құлақ асатын санаулы ғана басшылармен тілдесудің мүмкіндігін тауып, өзінің кінәсіздігін аман қалған.
Аймақаш Сәйекеұлы 1955 жылдан 1960 жылы өмірден өткенге дейін, Қазалы, Арал аймағындағы балық шаруашылығын жетік білетін маман ретінде бұрынғы Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласының әскерилерін балықпен қамтамасыз ететін бригадаға басшылық жасайды.
1960 жылдан бастап Аймақаштағы шаңырағына ие болып қалған. Көпшілікке Шапу есімімен танымал баласы Нұрмағамбет әке жолын жалғастырады.
– Аймақашта атам қайтыс болғаннан кейін бірер жылдан соң дүниеге келіппін, сегіз ағайынды болдық. Есімді білгеннен көргенім, үйіміз поселкеден оқшаулау тұрды. Атшаптырым ауламыз, бау-бақшалық, жеміс, қараталы аралас жүз алпыс түп тал болды. Ауладағы үлкен арықтарда әкемнің балық аулайтын қайықтары тұратын. Соған мініп суды қолымызбен есіп ойнайтынбыз. Әкем жұмыс бабы Байқоңыр қаласымен тығыз байланысты және Қазалы, Арал аудандарындағы сулы аймақтардан Байқоңыр әскерилері үшін балық аулауды ұйымдастырушы болғаннан кейін ауламыз күндіз-түні әскери қызметшілерден, солардың техникаларынан арылмайтын. Бірі келіп, бірі кетіп жататын үлкен жасыл машиналарына әкемнің Қазалы, Аралдан жасақтаған балықшылар бригадасы, солдаттар қайықтарды, ауларын, құрал-саймандарын тиеп теңізге, көлдерге, дарияға аттанып жатса, келесі көліктермен ауланған балықтар біздің аулаға әкелінеді. Осы жерден іріктеліп қайта тиеліп, Байқоңырға жіберіліп жатады. Шаршап келген балықшылар, солдаттар жуынып-шайынып тамақтанады, демалады. Ауламыздың бір бөлігі волейбол, баскетбол алаңы, турник басқа да спорт жабдықтары орналасқан шағын спорт кешеніне ұқсайтын. Солдаттардың ойындарын тамашалап отыратынбыз. Қазіргі үлкендер жақсы біледі. Байқоңыр қаласы тікелей Мәскеудің жабдықтауында болған. Байқоңырға қандай азық-түлік, киім-кешек, зәру зат келсе, біз де соны тұтынатынбыз. Әкеме қаладағы алып әскери балық қоймасының кілті сеніп тапсырылғасын әскерилерге айтқан сөзі жүріп тұрды. Сізге өтірік, маған шын, біздің отбасымыздың бір мүшесі науқастана қалса, немесе отбасына қатысты маңызды шаруасы болса, әкем Байқоңыр қаласындағы әскери аэродромнан ғарыш саласының қызметіне байланысты күнделікті ұшып тұратын реактивті самолетпен Мәскеуге азанда барып, кешке келіп жүретін. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де бұл ақиқат. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында аудандық аурухана құрлысын салу үшін, дәл сол кезеңде санаторий мекеніне бергісіз көркейіп тұрған ауламыз үкімет назарына ілікті. Қызылорда мен Алматыдан комиссия келіп, ауызша және жазбаша қатынастар мен ұсыныстар түсіпті. Әкем келісім бермейді. Мәскеу қаласынан келген комиссия ауламызды, бау-бақшамызды көріп, оның қызмет жайымен танысып, «өте ауқымды, үлкен жұмыс жасаған екенсіздер, ендеше еткен еңбектеріңіздің жемісін көруге толық қақыларыңыз бар. Бұл жөнінде Одақ көлеміндегі үлгі етуге тұрарлық мекен-жайларды дәріптейтін кітапқа енгізетін боламыз. Тұрып жатқан үй-жайларыңыз да, шаруашылықтарыңыз да заң шеңберінде» деп шешім шығарғаннан кейін ғана аудандық аурухана өзіне тиесілі аумақта салынатын болды.
Өкінішке қарай, 1982 жылы асқар тауым, әкем Нұрмағамбет Байқоңыр қаласындағы жұмыс орны, балық қоймасына француз космонавттары үшін балық босатуға кіріп жатқанда қан қысымынан құлап қайтыс болды. Содан кейін-ақ Аймақаштың базары тарқай бастады. Әскерилер біздің аулада тұрған техникаларын, құрал-жабдықтарын жинастырып алып кетті. Аудандық аурухана бой көтергесін, бізге белгісіз себептермен ауламызға су келіп тұрған арықтар бекітілді. Су келмегесін бақшалық, талдар қурап, жердің құнары жойылды. Әрине, бүгінгі күні ештеңеден кемшілігіміз жоқ, әкемізден тараған ұрпақтар бір-бір шаңырақпыз. Айтқандай, екі-үш жыл бұрын жеңгем екеуіміз садақа асына барып, үй иесі біздерді «Аймақаш атаның келіні мен немере қызы» деп таныстырып жатқанда, сол кезде жасы сексеннен асқан Жеміс апа орнынан тұрып «тәуба, тәуба, соғыс уақытында жетім балаларды тиеген эшелонға қателікпен тиеліп кете жаздап шырылдаған мені құтқарып қалып отбасыма тапсырған Аймақаш атаның ұрпақтары екен ғой, айналайындар-ай» деп көзіне жас алған. Осының өзі-ақ атамыз бен әкеміздің азды-көпті еңбегінің елеусіз қалмағаны деп білеміз, есімдері ел-халықтың есінде жүргені біздер, ұрпақтары үшін үлкен мәртебе.
Гүлнар Аймақаштың естелігіне алып-қосарымыз болмады. Тек, адам баласының есімі ел-жұрттың жадында қалу үшін ешқандай мансап-қызметтің қажеті болмайтынын санамызбен түйсінгендей болдық.

Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті
20 сәуір 2021 ж. 1 417 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 88

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 87

Елдігімізді танытқан ерен жыл

27 желтоқсан 2024 ж. 124

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031