Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғат тылсымы

Табиғат тылсымы

Сәуір айы басталды дегеннен қатты жел соға бастаса болғаны, кез келген қызылордалық шаңнан көзін қорғаштап: «Бесқонақ келіп қалған ба?» – деп қояры сөзсіз. Айналасын алай-дүлей етіп, ауыл шаңын көкке көтеріп, желдің ызғары әп-сәтте тоңдыра кететін бұл уақытша құбылысты білмейтін жан жоқ. Сондықтан ертеден қазекең осынау ауа райының құбылысын «амал» деп бір ауыз сөзге сыйғызып атайды.
Қазақ әдетте бесқонақ сәуірдің сегізіне кіріп, он сегізіне шығады деп есептейді. Және бес алты күн әрі-бері ауытқуы мүмкін екенін айтады. Қалай болғанда да айдың осы бастапқы екі онкүндігінде бесқонақ ырымдауы тиіс. Ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр не бірыңғай жауын жауады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болатын кездері де бар. Осыны білетін қазақ бұл шақты «өлара» деп әр кез сақ отырады. Жеңіл киініп алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды ұзатып өрістетіп жаймайды.
Дегенмен қыс пен көктемнің осындай тоғысар шағындағы ауа райының бұзылуын іштей жақсылыққа жориды. Кей жылдары сәуір тыныш өтсе, «бесқонақ биыл ырымдамады, жаз қалай болар екен» деп алаңдайды. Көп жағдайда сол мазасыздануы бекер де болмай, жаз жауын-шашынсыз өтіп, жердің оты, астықтың шығымы аз болады. Демек бесқонақ – ауа райының қас-қабағын баққан қазақтың өмірден түйген сабағы.
Құбылыстың неге «бесқонақ» деп аталуына қатысты түрлі аңыз бар. Соның ел ішінде көп тарағаны: «Баяғыда бес адам сәуірде жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті».
«Бесқонақ» – байырғы қазақ күнтізбесінің бірден бір жұрнағы. Сол бойынша жылдың әрқайсысы тоқсан күндік төрт маусымға бөлініп: көктем – «жылтоқсан», жаз – «оттоқсан» немесе «жазтоқсан», күз – «күзтоқсан», қыс – «желтоқсан» аталған. Бұлардың әрбірі төрт табиғат дүлейінің «патшалық» мерзімі саналады. Мәселен, «Жылтоқсан» – су арнасы «жылға» сөзінің түбірінен, яғни Су маусымы дегенді, «Оттоқсан» – өсімдіктің барынша өсіп отқа, қуатқа айналатын, малдың қуат жинап отығатын, адамның табиғаттағы барлық дәруменді сіңіріп күшейетін От маусымы екенін білдіреді. Сол секілді «Күзтоқсанда» табиғат күзеліп, барлық өскен нәрсе топыраққа айналады. Ал «Желтоқсанда» ауа қожалық етеді. Бұл дегеніміз – жел, боран, қардың саф ауасы.
Ежелде қазақ «бесқонақтың» алдында айға қарап көктеуге шыққан екен. Яғни сәуірдің 5, 6, 7-сі күндері ай тоғысады. Дәлірек айтқанда, айдың Үркер жұлдыз шоғыры (Плеяды) басып өтуін «тоғыс» деп атаған. Қазақ осы күні аспанға қарап, ауа райын болжайды. Мысалы, Үркер айға жақындаған күні ауыл жерге қонады. Ал жұлдыз айдың тасасында қалған күні ерулейді, айдан өткен күні өріп шығады. Осы ай тоғысынан кейін көп ұзамай «бесқонақ» келеді.
Сәуірде жауған жауынға қазақтар басын тосқан. Себебі «көктемдегі жауын – сауып тұрған сауын» деп айтады. Яғни сәуірде жауған жаңбырдың емдік қасиеті бар деп санаған. Халық сол жаңбырға басын тосса, жыл бойы басы ауырмайды, ауыртпалықтар кетеді деген наным болған.
Сәуір айының он бесінен кейін алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып қоя береді. Халық осы найзағайдың жарқылын «Қыдыр қамшысы» ойнады дейді. Бұдан соң қыс біржолата кетті деп есептеледі. «Сәуір болмай – тәуір болмас» деген де осыған қатысты айтылса керек.
Бесқонақтан кейін ай соңында келетін «Тобылғы жарған» деген құбылыс бар. Бұл – сәуірдің соңғы күндері болатын салқын. Ол бір-екі күнге созылады. Осы кезде тобылғы салқыннан бүршік жарады. Сәуір айы аяқталып, мамыражай мамыр келседе табиғат тосын мінезін көрсетуден жалықпаймыз.

А.БАҚЫТҰЛЫ
17 сәуір 2021 ж. 2 127 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031