Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкек айының кереметі

Көкек айының кереметі

Байырғы қазақ сәуір айын ықылым заманнан «көкек» деп атайды. Бұл көктем мезгілінің екінші отыз күндігі болса да ауа райы жадырап сала береді деген сөз емес. Оның өзіндік ауыртпашылығы, шаруалар ісіне келтіретін кедергісі болады. Әлемде орын алған осынау ахуалдың шарықтаған тұсы сәуір айына тұспа-тұс келгені де тегін емес шығар. Ал қазақтар ата-бабаның «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген тәмсілін негізге алып, ай аяқталғанша азулы ауру таралуын тияды деп үміттеніп отыр. Сондықтан ағымдағы айдың кейінгі жұрт біле бермейтін қасиетін, ­қыр-сырын зерттеп көрдік.
Ертеректегі қазақ ай атауларында өзіндік ерекшеліктер бар. Мәселен, Наурыз айы «Хамал» деп аталған. Мамыр мезгілі бұрында Зауза, маусым айы Саратан ата телінген. Сол сияқты шілде – Әсет, Тамыз – Сүмбіле, Қыркүйек – Мизам, Қазан – Ақырап, Қараша – Қауыс, Желтоқсан – Жәди, Қаңтар – Дәлу, Ақпанға Құт деген атау берілген. Бұл тіршілікті малмен байланыстырған ата-бабаның күн райына, табиғи құбылыстарға байланысты берген есімдері еді. Сол арқылы көпті көрген қариялар, жұлдызшылар болуы мүмкін індеттің, табиғи апат, неше түрлі тасқындар мен үсіктің алдын алып, болжай білген. Ол жайында көптеген тарихшылар, зерттеушілердің дәлелдемелері бар екенін айта кетейік.
Негізінен аталған ай араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау 90 жылдары көкек атауымен қолданысқа енген. Осы сәтте сәуір айы неліктен байырғы атымен, «көкек» айы деп аталмайды деген сұрақ тууы заңды. Оның себебін саяси бұрмалаумен байланыстыруға толық негіз бар.
Осы бір өзгерістің куәсі болған есімі елге белгілі журналист Марат Тоқашбай әлеуметтік желіде: «Қазақша ай аттарында апрель айын көкек» дейді. Ал сәуір қайдан пайда болды? Оның тарихы мынандай: 1990 жылы 24 апрельде арнайы заңмен Қазақстанда президенттік билік енгізілді. Тура сол күнге Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұрын апрель сөзі қолданыла беретін. Компартияның қылышынан қан тамып тұрса да жаңа басылымда ай аттарының қазақша берілгенін көңіліміз қалап тұр. Алайда бір аптадай ғана бұрын Орталық Комитеттің апрель Пленумы өткен. Оны қалай жазамыз? «КПСС Орталық Комитетінің Көкек Пленумы» десең бас кетеді. Содан, газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев жол тапты: «Сәуір Пленумы» дейік деп. Осы тіркестегі сәуір сөзі біртіндеп барша басылымдарға ауысты. Одан кейін «Орталық Комитет» те, «Пленум» да жойылды. Бірақ қазақша ай аттарының ішінде көзге шыққан сүйелдей боп арабша сәуір сөзі қалып қойды. Енді соны неге түзетпеске?!» деп жазды. Алайда бұл тарихта бір ақ рет орын алған жағдай емес екенін аңғардық.
Бұл жазба жарық көрген уақыттан бір жыл бұрын қазіргі сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те «Айды айырмаған – амалды білмейді» деген мақала жариялайды. Онда «көкек» сөзімен болған қиындық туралы баяндаған.
«Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Осы көкек қалайша сәуір болды? «Егемен Қазақстан» газетінде Шерхан Мұртазаның басшылығында қызмет істеп жүрген кезіміз. 1990 жыл. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Редакторымыздың қабағы түйіле түсті. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан Шераға бізге «тыңдаңдар» деген ишара білдірді.
– Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? – деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап.
– Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер...
Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Бұдан кейін қанша уақыт өтсе де, бұл атау өзгеріске түскен жоқ, – деді ол.
Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы болып тұрған уағында Өзбекәлі Жәнібеков: «Сонда Лениннің «Апрель тезистерін» – «көкек тезистері» дейміз бе?» деген уәжді алға тартып, «Көкек» атауын ысырған да тастаған. Бүгінде қолданыстағы ай атауының авторы ретінде осы кісінің есімі аталады.
Көпшілік бабалардың «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөзді ертеректе айтқанын еске түсіріп, сәуір сөзі кеше ғана қолданысқа енбегені жайында дәлел айтады. Ал қазіргі ғалымдар «сәуір» сөзі айдың атауы ретінде емес, осы айдағы амал атауы ретінде қолданылғанын айтып сендіреді.
Сәуір амалы кіргенде ауыл қариялары (шамамен осы айдың 20-сыншы жұлдызында басталады) жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты аспанда қалып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады деп болжанады. Сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге де болмайды. Себебі аяқ астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран соғуы мүмкін.
Ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп те атаса керек. Халқымызда бұл амалға қатысты «Сәуір болмай, сайран болмас, Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – Сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн», «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақал-мәтел, қанатты сөздер бар.
Тағы бір деректерде айдың «көкек» деп аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты қаралады. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы. Ал Куфтин көкек айын көк-көк («едва зеленый») деген сөзден шыққан деп түсіндіреді, сөйтіп, «жас көк» деген ұғыммен ұштастырады. Қазақтар үшін көкектің даусы ай атауын белгілеуге негіз болса, чулымдықтар мен барабалықтар үшін қарға даусы, қарғаның ерекшелігі бұл айды «қарға ай» деп қоюға негіз болған. Ал саяндықтар «құстың пашқы айы» деп атаған. Көктемгі табиғаттың әсемдігіне сәйкес тувалықтар мен шорлар бұл айды «көрік айы» деп атаған. «Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады» деп, айдың атауын сәуірмен ауыстырған.
Ал Шоқан Уәлихановтың пайымы бойынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Оның себебі ретінде май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қойған байырғы қазақтарды мысалға келтіреді.
Ел аузында бұл айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты мынадай өлең жолдары кездеседі:
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ,
Көктемнің дер шағы бар.
Айдың – төлдер көкке тоқ
Көкек аты тағы бар.
Сәуір айы – шаруа айы.
Еңбек етіп жатыр ел.
Көкек келді – көктем келді.
Сәуір айында жаз қамымен жүргендерді әуреге түсіретін «Бесқонақ» кезеңі бар. Ол – көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын уақыт. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт «бесқонақтан» әлі күнге дейін қатты сақтанып, күтініп отырады. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандар күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені «бесқонақ» кезінде қайтсе де суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Қалай десек те қазақ халқы үшін несібесі кем, қиындығы аз мезгіл жоқ. Бастысы ұлт сенімі бойынша табиғат беретін сый тарықпаса болғаны. Бұл айдан да халық өзгешелік, тіршіліктің тәуір арнаға түскенін күтетіні анық.
Дайындаған Сартай БАЙЖАН
07 сәуір 2020 ж. 2 393 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930