Кел, балалар, оқылық...
Таң ата салысымен: «Балам, тұра ғой. Сабаққа кешігесің», – деген ананың майда қоңыр дауысы әрбір баланың есінде болар. Мұндайда көзге шағылыса түскен төбедегі жарықтан жасқанып, шешеміз жаңа ғана жапқышын ашқан терезе тастайтынбыз. Қыстыгүні әйнек қара түске бояп қойғандай көрінетін. Оның үстіне мектепке жеткенше бетіңді қызыл алмаға айнытпай қоятын аяздан да қамығып жатасың. Балалықтан шығар, кейде таңертеңгі ұйқыны ұзарту үшін кешкілік «сабақ киімнің» бір бөлігін киіп, ұйқыға жататын күндерді оқушылар әлі ұмытпағаны анық.
Сол кездері адамды мезі ететіндей көрінетін оқуға дайындықтың өзі қайталанбас қызық екенін енді түсінгендейміз. Өйткені оқушылардың мектепке барып, дәстүрлі білім алудан алшақтағанына жыл толды. Олардың көпшілігі бұрынғы мектеп қызықтарын сағынып, қолайлы ортада зейінін арттыруды аңсап жүргені даусыз. Қуанышқа орай, балалардың бұл тілегі де бірер күннен кейін ақиқатқа айналады. Наурыздың 25-і күні елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері солай деп отыр.
Былтыр коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсуіне байланысты оқу процесі тоқтағанын білеміз. Сол тұста білім беру ісі тосырқамай, онлайн сабақ беруге көшкен. Қазір де күнделікті індет жұқтырғандар тіркелуде. Бірақ бұл IV тоқсаннан бастап мектептердің ішінара дәстүрлі оқытуға көшуіне кедергі келтірмейтінге ұқсайды. Сонда да «Сақтансаң сақтайды» деген тәмсілді ескерген Білім министрлігі жалпы пәндердің 70 процентін штаттық режимде оқытуға қамданып отыр. Қалған сабақтар бұрынғыша қашықтан меңгертіледі. Ал дене шынықтыру пәнін күн жылығасын, таза ауада өткізсе құба-құп. Ұстаздардың дәріс уақыты 40 минутқа кеміп, үзіліс уақыты сәл ұзартылады. Осы тұста сыныптағы оқушы саны көп болмауын ескеру керек. Өйткені бас санитар бір аудиторияда адам саны 25-тен аспау керек деген талап қойып отыр.
Балаларға медициналық маска тақтыру мәселесі бірнеше күн бойы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Біреуі сақтық үшін бетперде шешпеу керектігін айтса, екінші топ оқушылардың білім алуына, сабақ айтуына кедергі келтіретінін алға тартады. Десек те қаулыда бетперде міндеттелмегенін еске сала кетейік. Оқушылар асханада және сыныптан басқа жерде бетпердесін тағып алса артық болмайды. Мұның бәрін аудандақ білім бөлімі басшылығы бақылауда ұстап, санитардық талаптарды қатаң сақтайтындарын жеткізді.
Оқу жылы аяқталар тұста ата-аналар баласына оқу формасын сатып алып беруді ойлағаны сөзсіз. Жасөспірімдердің биологиялық тұрғыда тез өсетінін ескерсек, көктемде алған киім күзде сыймай қалатынын көріп жүрміз. Бұл өз кезегінде ата-ананың қалтасына түседі. Бала бағып отырғандардың әрқайсысының әлеуметтік жағдай әр алуан болғандықтан, қатарынан қалмағанын қалап тұрса да қолы қысқа ата-аналар амал таппай қиналатыны жасырын емес. Осыны алдымен ұққан тиісті министрлік бір тоқсандық оқуға бола «жалпыға ортақ киім киесіңдер» деген пәрменінен қайтқан. Балалар өзіне ұнайтын, ыңғайлы, бірақ таза, ұқыпты, барынша классикалық үлгіде киініп барып, білім алса мархабат.
Айта кету керек, мұндай кеңшілік елдегі жасыл және сары аймақтағы білім беру ұйымдарына берілген. Осындағы 300 оқушыдан артық сыймайтын мектептер толығымен дәстүрлі оқытуға көшеді. 1 сәуірден бастап мектепке ағылған балаларды көшеден көптеп көретін боламыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ