Мектепте оқу мәндірек
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардағы оқушылардың мектепке баруына рұқсат етілді. Бірнеше айдан бері телефонға телміріп, үйге қамалған шәкірттердің мектеп партасын сағынғаны анық. Тіпті ата-аналардың да ауыр кезеңде күндіз-түні балалармен бірге сыналғанын да айта кету керек.
Пандемия басталғаннан-ақ жұмысы екі еселенген мұғалімдердің дәстүрлі оқу форматына көшуі, зор қуаныш болғандай. Себебі қашықтан оқыту барысында қиындық пен кемшіліктер еселене түсті. Бұл тұрғыда аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов әлеуметтік желідегі парақшасында сындарлы кезеңде үштік одақ: оқушы, ата-ана, мұғалімдерге ынтымақтастықпен жасалған жұмыстары үшін өз ризашылығын білдіріп, ұзтаздардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Қиын уақытта ата-аналарға түскен жүктің ауыр болғаны белгілі. Оның үстіне бастауыш сынып, оқушыларының онлайн оқуы көпшілікке қиындық туғызғаны рас. Тіпті кейбірі дәстүрлі емес оқу форматының қиындық тудырып жатқаны туралы шағымданып, әлеуметтік желіде бейнежазбалар жариялағанын да білеміз.
«Ал бүгіннен бастап оқушылар мектепке барады» деген жаңалықты естігенде халықтың иығынан жүк түскені түсінікті. Осыған байланысты Әйтеке би кентінің тұрғыны А.Қазбекқызынан пікір сұраған едік.
– Үйде екі қызым бар. Екеуі де №234 орта мектебінің бастауыш сыныбында оқиды. Бірі 2 сынып, екіншісі 3 сынып оқушысы. Онлайн оқуға көшкеннен қыздарыммен бірге сабақ оқуға көштім. Себебі, төменгі сынып оқушылары болған соң, берілген кейбір тапсырмаларды дұрыс түсінбейді. Ұстазынан сұрасақ, уақытылы жауап алу қиын. Оны да түсінуге болады, өйткені бір сыныпта қаншама оқушы бар. Бәріне бірдей жауап беріп, үлгеру мүмкін емес. Оларды қадағалап отырмасаң, бала болған соң кейде сабағын ұмытып, ойынмен кетіп қалады. Қалай болғанда да оның бір мезгіл партада отырып, сыныптас достарымен араласқанына жетпейді. Бала да бір сарынды өмірден жалығады, – деді Айсәуле.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ