Сабаққа жүрсең үлгеріп, бестікке толар күнделік

Олай дейтініміз, «Цифрлық Қазақстан» жобасының аясында елдің барлық мектептерінде "KKundelik.kz" бағдарламасы іске қосылды. Мемлекеттен ешқандай қаражат алмай, инвесторлар тарапынан қолдау тауып жасалған жоба «11 жылда өз-өзін ақтап шығады» – дейді бас директор Мұхтар Ілиясов. 2016 жылы қолға алынған бағдарлама жұмыстары 2018 жылы сәтті аяқталып, жалпы қолданысқа берілді.
Мұғалім, оқушы, ата-ана үштігінен құралған құрылымының артықшылығы қандай? Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер үшін оқушылардың үлгерім журналдары мен күнделіктерін тұрақты электронды түрде жүргізу арқылы білім сапасын арттырып, бірізді бақылау жүйесі қалыптасады. Ата-аналар болса баланың оқу процесіне тікелей атсалысып, жетістіктері мен мектептен жасалған ескертпелерден қашықтан хабардар бола алады. Өз кезегінде ауыл мен қала оқушылары білім беру ресурстары мен технологияларының жаңа түрін тең деңгейде пайдаланады.
Аудандағы көптеген білім ордалары биылғы оқу жылынан бастап, қағаз журналдардан бас тартып, электронды түрге көшеді. Осы уақытқа дейін ата-аналар мен шәкірттерге жаңа жүйе туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Ең алдымен ата-аналар мен мұғалімдерге логин мен құпиясөз беріледі. Жыл басында оқу жылының бекітілген жоспары, күнделікті сабақ кестесі бағдарламаға салынады. Әр сыныптағы оқушының жеке мәліметі, 9 және 11 сыныптан кейін кеткендердің тізімін толық енгізуге болады. Бір күнде бес сабақ болса, сабақтың тақырыбы, содан әрбір баланың қандай баға алғаны, үй тапсырмасына не берілгендігіне дейін мұнда бар. Сыныптар жеке топтар ашып, сол арқылы тақырыптан түсінбеген жерін мұғаліммен талқылап, балалар сыныптастарымен желіде бірге дайындық жасайды. Оқу тоқсаны аяқталғанда қорытынды бағаларды сынып жетекшісі бағдарламада бөліседі. Ұтымды тұсы осының бәрін ата-ана да бақылауда ұстап, сұрақтары мен ұсыныстарын сайтта отырып, ұстаздармен ойласуға мүмкіндік бар.
Осы жөнінде Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сансызбаева:
«Жоба мұғалім жұмысын жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылтады. Ата-аналармен тікелей байланыс орнатып, балалардың тәртібі мен сабаққа қатысу белсенділігін талқылау екі жаққа да тиімді. Ұстаздар мен шәкірттерді қадағалап отыру мектеп әкімшілігіне де ыңғайлы. Сондай-ақ сайт жұмысын «App Store» және «Play Market» интернет-дүкендерінен бағдарламаны жүктеу арқылы өз смартфоныңызда жасауға мүмкіндік бар», – деген пікірін ортаға салды.
Озық технологиялар заманында озат оқыған, бәсекеге қабілетті шәкірт дайындау, жас өрендер бойына сапалы білім сіңіру ұстаздың ғана емес, жалпы ұлттың міндеті. Жаңа жүйемен жұмыс жасап, жауапкершілікті арттыру арқылы біз болашақта ел тұтқасы болар сауатты, жаңа жас толқынды тәрбиелейміз.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ