Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алты шаңырақтың сыры

Алты шаңырақтың сыры

Қазақ салтында бейтаныс ауылдың үстіне топырлай түсе қалу дәстүрі жоқ еді. Сол дағдыға қарай салтанат таластыра асқақтап тұрған ақ шаңқан үйлерге көшбойы қалды-ау дегенде Сырым бір адамын ауылмен хабарласып, өздері тынығып, аттарын суытып алуға рұқсат сұрауға жібереді. Ол ауылға аяңдап келіп, ошақ басындағы жұртқа бұйрық беріп тұрған кексе адамға жолығып, сәлем береді де, жөн сұрасады.
– Бұл кімнің ауылы? Мынау не жиын? Реті келсе, түстеніп, ат суытып шықсақ дейміз. Мені рұқсат сұрауға жіберді.
– Ау, өздерің кімсіңдер? Ауылдан аулақ тізгін тежегендеріңе қарағанда жай қонақ емессіңдер-ау деп топшылаймын.
– Иә, оныңыз рас. Біздің жолбасымыз атақты Сырым би.
– Ее, – деді кексе адам. – Сырым би туралы көп естиміз. Құдай сәтін салып, енді көретін болдық-ау. Ол сәл бөгелістен кейін:
– Мынау үш жүзге аты мәлім Мөңке бидің ауылы, – деп сөзін жалғастырды.
– Би кенже баласын үйлендірмек. Қазір құдасын шақырып, сый құрмет көрсетіп жатыр. Мен ішке кіріп, рұқсат сұрайын, – деді. Сәлден соң қайта шығып:
– Би рұқсат етті. Сырым би құда отырған үйге жайғасады. Қалғандарыңызды әр үйге бөліп түсіреміз, – дейді.
Манағы жігіт Сырыммен амандасты да құдалар отырған үйге қарай ишарат білдірді. Бұл Сырымды Мөңке отырған үйге шақырғаны болатын. Бірақ Сырым жалғыз ермеді. Қасына бес серігін ертіп, әлгі жігіт бағыттаған үйге беттеді. Қалғаны өзге үйлерге қарай жүрісті.
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмассалам – деп Мөңке би түрегеліп Сырыммен төс қағыстырып амандасты.
Есен саулық сұрасқан соң, Мөңке би:
– Ал Құдайы қонақ, менің егде тартқан шағымда көргелі отырған жақсылығымның үстіне кез келдің. Сірә, ниетің ақ шығар, бата етіп жібер – дейді.
Сонда Сырым жүрелей отырып: «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын, әумин» – депті.
Мөңке бастап, қалғандары түгелдей беттерін сипады. Тек төрде отырған құда ғана елдің ең соңында ырымын жасайды. Әрі өзі тынышсызданып қозғалақтай береді. Мұны байқап қалған Мөңке: «Құда түзге шығады, кебісін салыңдар» деп дауыстайды. Сонда өзінің ыңғайсыз жағдайға қалғанын сезген құда:
– Жоқ. Менің түзге шыққым келіп отырған жоқ. Мен мына құдайы қонақтың берген батасын түсінбей отырмын. Бұл кісі «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын» деді. Осы мені қозғалысқа түсіріп отырған. Бұлардың өздері алты адам. Алтауы алты шаңырақтың іргесі ажырамауын айтты ма? Болмаса, осы жерде алты ақ шатыр тігулі тұр. Алтауының алты шаңырағы бар. Солардың іргесі ажырамауын айтып отыр ма, түсінбедім, – депті.
Осы кезде Мөңке би сөз бастайды. Өзінің оң жағына жайғасқан Сырымды нұсқап:
– Мынау отырған алты жасында алды дауыл, арты құйын атанған Сырым батыр Датұлы. Көзімнің тірісінде бір кездессем деп жүруші едім. Жер ортасына келгенде Құдай тілегімді берді. Әрі бүгінгідей жақсылығымның үстінен түсті. Ал енді жаңағы Сырым берген батаның сырын айтайын, құда! Құлай қаласа, біз ағайын болғалы отырмыз. Екеуміздің баламыз қосылып, ата жолын жалғастырмақшы. Сонда сенің балаң маған келін болып түседі. Ол үш шаңыраққа ие болады. Бірінші өз шаңырағы – төркіні, екінші – қайын жұрты – біздің шаңырақ. Үшінші – нағашы жұрты. Сондай үш шаңыраққа менің балам да ие болмақшы. Демек екі бала қосылғанда алты шаңырақ шығып тұр. Жаңағы батырдың берген батасы осы алты шаңыраққа байланысты. Егер сол алты шаңырақтың іргесі ажырамаса, онда біздің ағайыншылығымыздың мәңгіге кеткені. «Құда мың жылдық» деген ұлағатты сөз де сондай ажырамас іргеден шықса керек. Осы алты шаңырақтың іргесі ажырамаса, онда сол алты шаңырақты құрап отырған алты рулы елдің арасының ажырамағаны. Мұндай жағдайда адам мен адам, шаңырақ пен шаңырақ, ел мен ел бірлікте болып, бақыты биікке өрлей береді. Себебі «Бірлік бар жерде тірлік бар» – депті.
Дайындаған
А.БАҚЫТҰЛЫ
27 наурыз 2021 ж. 5 978 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031