Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын

Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын

Ертеректе Сырым батыр алты серігімен бірге жол жүріп келе жатып, атақты Мөңке бидің ауылына жолығады. Би кенже баласын үйлендіріп, құда шақыру жоралғысын орындау үстінде екен. Мөңке Құдайы қонақтарды өзі отырған үйге түсіруге әмір береді.
Астан соң қонақтарына қарап: “Бата етіп жібер” дегенде, айтқан тілегінің соңын Сырым:
– Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын! Әумин! Әумин!” – деп аяқтайды.
Батадан кейін құда:
– Мен мына құдайы қонақтың берген батасын түсінбей отырмын. Бұл кісі: “Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын”, – деді. Қонақтардың өздері – алты адам, алтауы – алты шаңырақтың иесі. Сол алты шаңырақтың іргесінің ажырамауын айтып отыр ма? Болмаса осы жерде алты ақ шатыр тігулі тұр. Алтауының алты шаңырағы бар. Осылардың іргесінің ажырамауын айтты ма? – деп сауал қояды.
Сонда Мөңке би Сырымды нұсқап:
– Алты жасында алды дауыл, арты құйын атанған Сырым бидің батасының сырын айтайын. Құдай қаласа біз ағайын болғалы отырмыз. Екеуміздің балаларымыз қосылып, ата жолын ілгері жалғастырмақшы. Сенің балаң маған келін болып түседі. Ол шаңыраққа ие болады. Біріншісі – қайын жұрты, екіншісі, – нағашы жұрты, үшіншісі – төркін жұрты.
Сол сияқты – менің балам саған күйеу болады. Ол да үш шаңыраққа ие. Олар – өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Демек, екі бала қосылғанда алты шаңырақ шығады. Осы алты шаңырақтың іргесі ажырамаса – біздің ағайындығымыз мәңгіге жарасады. “Құда мың жылдық” деп осындай тамырлы жарастықты атаса керек. Сіз бен бізге, келешек шаңырақ иелеріне де қажеттісі осы емес пе? – дейді.
Қарап отырсаңыз, керемет өнегеге толы әңгіме. Әрине түсіне білгенге...
...Ал қазір ше? Қазір бәрі мүлдем бөлек. Сөздің астарын түсіндіріп, айтатын қария, жастарға жөн-жосық көрсететін ақ жаулықты аналар қатары азайып барады. Соның салдарынан бір-бірін ұнатып қосылған ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейіп бара жатқандығы қынжылтады. Қашанда үй болу оңай емес екені белгілі. Қай үйде болмасын ара-тұра түсініспеушіліктердің кесірінен ыдыс-аяқ сылдырайтыны заңдылық. Осындайда туындаған дау-дамайды, өршіген отты ұлғайтпай, уақытында ақылмен басатын екі жақтың ата-анасы.
Дегенмен бүгінде “ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды” деген өркөкіректікке салынатындар аз емес. Екінші жақ та қалыспай “одан басқа әйел құрып қалып па, табылады” деп көздері жәудіреген балалардың қамын ойламай, бүтіндей отбасын ойрандату фактісі жиі орын алуда. Бұл осы күнгі ең үлкен қасіреттің бірі. Осыдан келіп уыздай ұйыған алты жұрттың арасы үзіліп, алауыздық туындайды. Тірі жетім мен жесір, толық емес отбасы пайда болады. Осындай шаңырағы шайқалып, балаларын шұбыртып, ата-анасын паналаған жалғызбасты аналар көбейді.
Соңғы уақыттары “Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман” деген тәмсіл ескерусіз қалуда. Қызды «жатжұрттық» деп жаңа отауында сіңісіп кету үшін ақыл-кеңестер айтудың орнына, қызын арланбастан кері әкелетін құдағиларға не дерсің?! Мұның бәрі тағдыр деп ақталуы мүмкін. Десе де саналы адам әуелі өзін сынап, тәрбиелесе шешілмейтін мәселе болмайды. Жастардың қызбалығын басу үшін ата-ананың көмегі қажет. Таяз ойланбай, тереңірек бойлап ертеңгі күнді қамдаса кейін өкініш болмас еді. Нендей ауыр түйіннің де шешімі табылады. Ендеше ашуға салынбай, сабырлылықпен балалардың бақыты үшін бір отбасын сақтап, алты шаңырақтың іргесін ажыратпайтындар қатары көбейсе екен. Себебі жалғыздық тек Құдайға ғана тиесілі. Осыны естен шығармасақ екен.
Нұрай ШАБЫТ
30 маусым 2020 ж. 2 002 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930