Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырымның шешендік сөздері

Сырымның шешендік сөздері

Ата тұрып ұл сөйлесе ержеткен болар.
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
— Балалар, аман ба? — депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
— Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! — дейді. Малайсары жалт қарап:
— Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? -— дейді.
— Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар, Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар,— дейді Сырым.
— Сен толған екенсің, мен тозған екенмін,— деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.
Қадірсіз десең халқымнан сұра
Сырым сынамаққа Бөкен биге сәлем бере барса, қарт:
– Қай баласың? – депті. – Даттың баласымын, – депті Сырым.
– Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл тауды екен-ау! – дейді Бөкен.
– Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады деген қайда? Шалдың үш түрі болады деуші еді: қадірсіз шал, қазымыр шал, қыдырма шал. Өзің соның қайсысың? — депті Сырым.
Сонда Бөкен қарт селк етіп: — Бала, қадірсіз десең халқымнан сұра, қазымыр десең қатынымнан сұра, қыдырма десең көршімнен сұра? — деген екен.
Мінезің ауыр болсын
Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан келген жұмысын сұрайды. Сонда Сырым:
— Менің сізге келген жұмысым — біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім,— дейді.
Сонда Бөкен: «Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің»,— деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ — бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін,— дейді. Батасын бергеннен кейін: «Мен не десем де бәрінің де мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер»,— дейді Бөкен қарт.
Сонда Сырым:
— Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің — халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл — дегенің.
Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің — беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің.
Өкпең жоқ бауыр болсын дегенің — не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма — дегенің.
Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің — ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ-қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл — дегенің.
Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым,— депті.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен:
— Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді,— міне, алты бәле деген осы. Бұған қалай түсіндің? — дейді.
Сонда Сырым батыр: — Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үйі таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз өзіңнен туған кей бала, есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешем дегеніңіз сол баланың әйелі, келінің. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей»,— дейтін шығар. Ауру мен кәрілік түсінікті ғой, ата»,— депті.
Сонда Бөкен қарт: «Бақытты бол, балам, жақсы шештің»,— дейді. Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен. Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын шертті, оған сен аузынды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?»— дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені — басқа бәле қайдан келеді»,— деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа» бәле қызыл тілден келеді дегенім»,— депті.
Табалдырықтан биік тау жоқ
Нұралыны шаппақ болғанда ағайыны бөгет жасай беріпті, сонда Сырым: «Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан мықты жау жоқ»,— деген екен.
Сөз анасы не?
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз керіс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі»,— деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
— Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? — деп сұрайды.
Сырым батыр:
— Сөз анасы — құлақ,
Су анасы — бұлақ,
Жол анасы — тұяқ! — деп жауап береді.
Үргеніш шешені:
— Дау мұрады не?
Сауда мұрады не?
Қыз мұрады не?
Жол мұрады не? — дейді.
Сырым батыр:
— Дау мұрады — біту,
Сауда мұрады — ұту.
Қыз мұрады — кету,
Жол мұрады жету,— дейді.
Үргеніш шешені:
— Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? — деп сұрайды.
— Жан-жағыңызға сіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? — дейді.
Үргеніш шешені:
— Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? — дейді.
Сырым батыр:
— Сырымның айтқанын тыңдамай, өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді,— дейді.



18 желтоқсан 2017 ж. 15 922 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031