Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күре жол бойындағы көрікті кешен

Күре жол бойындағы көрікті кешен

Бейсенбі күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойынан «Арзан сіty» сервистік қызмет көрсету кешені салтанатты түрде ашылды. Жаңа кәсіпкерлік нысанды ел игілігіне пайдалануға берген жеке кәсіпкер Арзан Байсуганова.
Сервистік кешеннің ашылу салтанатында жеке кәсіпкердің қуанышына ортақтасуға келген аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев бұл нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін жаңа жыл қарсаңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында орналасқан «Арзан city» сервистік қызмет көрсету кешені өз жұмысын бастап, іске қосылғалы отыр.
Жалпы, аудан аумағынан 96 шақырымы өтетін халықаралық автокөлік дәлізі бойынан сервистік қызмет көрсету нысандарын салуға 5 учаске белгіленген. Қазіргі таңда бір нысан пайдалануға беріліп, өз жұмысын бастады. Екі нысанның құрылысы жүргізіліп, қалған екеуінің құжаттары әзірленуде.
Бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында кәсіппен айналысу ең маңызды мәселелердің бірі екені белгілі. Бұл ретте осындай зәулім ғимарат құрылысын жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер ісі ерлікпен пара-пар.
Жаңа нысан халық ықыласына бөленетін, ауданның дамуына үлес қосатын орынға айналсын дей отырып, жұмыстарыңызға абырой мен табыс тілеймін, – деген Совет Кеңесұлы жиналғандарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Мұнан бөлек, бұл күні облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, кәсіпкердің туыстары атынан Нәлібай Байсубанов, Қалмырза Нұртаза кешеннің ашылу салтанатымен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Жаңадан пайдалануға берілген «С» санатындағы сервистік қызмет көрсету кешенінде 120 адамға арналған кафе, 20 орындық қонақ үй, монша, автокөлік жуу орталығы, шағын маркет, техникалық қызмет көрсету орындары жұмыс жасайтын болады. Тұрғындар мен жолаушыларға қызмет көрсететін кешенде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
30 желтоқсан 2017 ж. 2 145 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031