Адалдық жолынан таймаған
Ежелден Сырдың бойы батырлар мен ақындардың мекені. Сонымен бірге сүлейлер мен шешендердің, әулие-әмбие мен ишан-мақсымдардың кіндік қаны тамған жер. Солардың ішінде Орынбет ишанның да орны ерекше. Ол – ел ішінде бала оқытумен қатар әулиелігімен де ел аузында қалған жан.
Жанқожа батырдың сенімді серігі әрі пірі болған Дәрменқұл ишанның баласы Орынбет ишан 1821 жылы дүниеге келген. Алғашқы діни сауатын әкесінен алып, 16 жасында Хиуадағы Көкілташ медресесінде 8 жыл оқып, үздік тәмамдаған. Мұнан соң Бұқарадағы Мир Араб медресесінде 5 жыл дәріс алып, Иршад ишан шатырхатын иеленген.
Өзінің парасат-пайымы және ел-халыққа жасаған өнегесімен есте қалған Орынбет ишанның туғанына биыл 200 жыл толып отыр.
Осы орайда әулие бабаның ел жадында қалған аңызға бергісіз оқиғалары жайында ишан ұрпағы Ғабдулла қажы Іззәттың деректерін қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
– Орынбет ишан Дәрменқұл ишанның төртінші баласы. Бұқар медресесінде діни оқумен қатар, әскери және табиб емшілікті де игеріп шығады. Ұстазы оқып жатқан 200 бітіруші шәкірт ішінен Орынбет ишанды Бұқара әмірінің қазилығына ұсынады. Орынбет ишан 37 жасында Кішкене аталығының, оның ішінде Асан руының сұратуымен Сыр бойына, Бекарыстан би бастаған алты Матығұл ағайынның ортасына алдырылады. Үш жерден мешіт салып беріп, балаларды діни, иман мен білімнің әр саласынан сусындатып, сауаттандырады.
Ишанның іргесі Матығұлдың тоғыс ағайындарының ішінде болады. Орынбет ишан бабаның әулиелік қасиетін, ілім-білімін, сұңғыла ғұлама көрегенділігін осы уақытқа дейін көзін көрген ұрпақтары айтып отырады. Бабаның 3 әйелінен 5 бала болады, бәрі де мешіт ұстаған. Ол кісі 1906 жылы 85 жасында Тесік деген жерде көз жұмып, тірі кезінде салдырған Қожалар қабіріне жерленеді.
Өзімнің Бұхара сапарымда өзбек ғалымына: «Ишан деген қандай дәреже?» дегенімде, «бір ахунда 40 молданың білімі, бір ишанда 40 ахунның ілім-білімі болады. Содан-ақ ишанның қандай дәреже екенін біле бер», – деген болатын.
Нала
Орынбет ата өте налакес, лепесі қабыл адам екен. Біреуге өкпелеп, ренжісе айтқан наласы табанда орындалатын көрінеді. Ауыл тұрғындары көнекөз қариялардан естіген бір әңгімені айтпасқа болмайды.
Пендешілік, іштарлық, қызғаншақтық қай уақытта да қатар жүрген ғой. Атамыздың елді ауызбіршілікке, ілімге шақырған, қаншама халыққа жасаған жақсылығын көре алмаған пенделер көп кедергісін тигізіпті.
Бір кісі атамыз таңғы асын ішіп отырған кезде атпен шауып келіп, киіз үйді сыртынан қамшымен сабалап:
– Бұл жерден көш! Келген Бұхараңа қайт! Сенсіз де ілім алып, сенсіз де иманды боламыз, – деп ат үстінде шіреніп тұрып айтыпты.
Атамыз:
– Әй мұсылманның баласы! Аттан түсіп, үйге кір, дәм тат, – дейді.
– Жоқ, көш дегесін көш! – деп әлгі адам айқайлауын қоймапты.
Сонда атамыз:
– Әй, зәнталақ! Ең құрығанда аттан да түспей шіреніп айттың ғой. Сайраған тіліңе қызыл сүйел шығып, батар күнмен сен де батарсың, – деген екен.
Айтқандай кеш бата Орынбет ишан атазға: “Әлгі атпен келген кісі марқұм болды. Соған сізді шақырып жатыр. Намазына шықсын”, – деген хабар келіпті.
Сонда атамыз:
– Ол зәнталақ, тәкәппар болды. Алла жазасын берді. Намазын шығармаймын, – деген екен. Айтқандай, тіліне қызыл сүйел шығып, қиналып, батар күнмен таласа үзілген екен.
***
Атамыз дінге тіл тигізгендерді, қиянат жасаушыларды жек көріпті.
Бірде Құтпанбет деген кісімен екеуі қатты сөзге келіп қалады. Орынбет ата 85 жасында дүниеден қайтады. Атамыздың марқұм болған хабарын естіген Құтпанбет ақсақал:
– Ишанға тілім тиген кезім бар еді, барып ырзаласып қайтайын, – деп үйіне келді. Баба соның алдында ғана өз иманын өзі айтып, бақилыққа аттанып кетіпті.
Құтпанбет ақсақал:
– Ореке, кешірім сұрап үлгере алмадым. Кешір, Ореке. Осылай болды, – деп атамыздың бетін жаппақ болғанда, ақтық мата өз-өзінен лақтырылып қалады. Аң-таң болған Құтпанбет ақсақал Орынбет атаның бетін қайта жабуға ниеттенді. Бетін жапқан ақтық қайтадан серпіліп түсіп қалады. Үшінші рет жаппақ болғанда Құтпанбет ақсақалдың қолы қатып қалады.
Құтпанбет ақсақал:
– Иә, Ореке өлсең де, кереметің қайтпаған әулие екенсің ғой, жарықтық. Кеш мені, кеш. «Жолыңа боз қасқа, боз қасқа», – деп егіл-тегіл жылапты.
Сол кезде Құтпанбет ақсақалдың қолы орнына түскен екен дейді.
Иманға келген ұрылар
Орынбет Ишанның Бұхарада қазилық қызмет атқарып жүрген кезі болса керек. Бұхар ханы Абдул Азизден рұқсат алып, елге барып қайтпақ ниетпен жолға шығады.
Ол кісі атты сәндеп мінетін жан екен. Астында шым қара жорғасы, күміспен күптелген ер-тұрманы бар елге қарай жол шығады.
Сол тұста Бұхар шаһарынан шыққан жолаушыларды тонап, кейде өлтіріп кететін атышулы, талайды қан қақсатқан тоғыз баукеспе ұрының жол торитын уақыты болса керек.
Иман шаһардан шығып, біршама жол жүргеннен кейін, шым қара ат пен күміспен күптелген ер-тұрманға қызыққан қарақшылар ізінен қуады.
Атамыз атының басын алыстан көрініп тұрған жалғыз үйтамды бетке алып, қаша жөнеледі.
Тоғыз қарақшы ізінен қалмай, екі атты алға суырылып, қылышын жалаңдатып, жетіп қалады.
Орынбет ишан үйтамға жетіп, атын сыртқы қоршауға іле сала, арқасын құбыла бетке бұрып, Алладан тілегін тілеп, дұғасын айтып отыра кетеді.
Қуып келген екі қарақшы шаппақ болып қылышын көтере бергенде:
– Иә, Алла! Өзің жар бола гөр! – деп бір уыс топырақты екі қарақшыға шашып жібереді.
Міне, ғажап! Атамызды шаппақ болған екі қарақшының қолы қылышпен қоса қатып қалады. Артынан жеткен серіктері екеуін көріп, шошып кетеді. Зәрелері ұшқан, қолы қатып қалған қарақшылардың бастығы:
– Әй, жолаушым! Әулие жан екенсің. Талай адамды зар қақсатып, обалына қалып сорлатып едік. Әулиелігіңді, киелігіңді мойындадық, біздің қолымызды түсіре гөр! Жөнімізге кетейік, – дейді.
– Жоқ! Алдымен сендерге қояр шартым бар. Барлығыңды ханның алдына апарамын. Қолдарыңды сол жерде түсіремін, – дейді.
– Ойбай, тақсыр! Бізді ханға апара көрме, барлығымызды өлтіреді, – дейді қарақшылар.
– Жоқ! Ханға өзім кепіл боламын. Барлығыңды да өлтіртпеймін, – деп уәдесін беріп, әлгілерді ханға алып келеді.
Бұхар ханы орнынан тұрып:
– Иә, Ореке! Мына қарақшы баукеспелерді ұстай алмай жүргенімізге көп болды. Талайды қан қақсатқан қанішерлер. Барлығын да қазір халықтың көзінше дарға асамын, – дейді.
– Хан ием! Мен бұларға уәде бердім “Уәде Құдайдың аты”. Менің сізге қояр бір шартым бар, – депті.
– Айтыңыз шартыңызды, – дейді хан.
– Шартымды айтсам, мына тоғыз адамға қазынаңыздан тоғыз нар және бір-бір қалта күміс теңгеден ақша беріңіз.
Бұхар ханы өзінің пірі болған бас қазиы Орынбет Ишанның сөзін тастамай, айтқанын түгелдей орындайды.
Берілген барлық нарды, ақшаны тоғыз қарақшыға үлестіреді және ортаға қасиетті Құран Кәрімді ашып:
– Міне, енді сендер бұл қарақшылық кәсіпті қойып, саудамен немесе басқа кәсіппен айналысып, адал еңбек етіп, күн көріңдер. Бұрынғы кәсіптеріңді қойыңдар, – дейді.
Барлығына Құран Кәрім кітабын ұстатып, ант-су ішкізеді.
– Ой, Әулием, енді мұндай арам кәсіпті желкеміздің шұқыры көрсін. Сіздің кереметіңізге, қасиетіңізге сендік, – деп қарақшылар кешірім сұрайды.
Сол мезетте қолы қылышымен қатып қалған екі қарақшының қолы орнына келеді.
Міне, талайды зар қақсатқан тоғыз қарақшыны Орынбет Ишан осылай тәубесіне келтірген екен.
Осыдан кейін Бұхар мен Қазақ даласының жолы ашылып, жолаушыларды тонайтын ұры-қарылардан тыныш болған екен.
«Өмірге батыр келеді...»
Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтің әкесі Түктібай 1906 жылы Тесіктегі мешітке 2 жасар Қалманды ертіп және жетегіне бір қойды алып, Орынбет Ишанға келеді. «Мына Қалман жанға батаңызды беріңіз, артына серік болар бауырлары болсын» деп мешіттегі байлаған қой қашып кетіп, Түктібай қойдың құлағын боқтаса керек, Сонда Ишан:
– Оо, Түктібайжан маған беретін қойыңның құлағын боқтықпен дымын қалдырмадың ғой, – десе керек. Ишан атамен әзіл-қалжыңы жарасатын Қалман: «Боқтық болған құлағын маған бер, Қалман жанға батаңды бер», – деген екен.
Сонда Орынбет Ишан Қалманға бата беріп тұрып:
– Иә, Түктібай! Қалманжанның артынан еретін бауыры болады. Бірақ дүниеге бір мүшел салып келеді.Атағы халыққа мәшһүр болады. Есімін – Үрмәш қой, – депті.
Мұнан соң 1917 жылы Кеңес Одағының батыр Үрмәш Түктібаев өмірге келген екен.
Дайындаған Есет ТАБЫНБАЕВ