Жылдың үздік имамы
Тақырыпқа арқау болған азамат Үрмәш Түктібаев ауылының тумасы Ізәт Ғабдулла қажы. Қазақ халқы «Асылдың сынығындай» деп имандылықты жанына серік еткен абыз жандардың ізбасарын айтса керек. Ғабдулла қажы тамырын тереңнен тартқан Алты Алаштың ардақтысы, рухани пірі Мүсірәлі қожа Софы Әзіздің, беріден Сыр мен Қыр өңіріне танымал караматты әулие, қожа Орынбет ишанның ұрпағы. Бабалары Аллаһтың ақ жолын ұстанып, шариғаттың шартын үзбей, Ислам дінін тұмар қылып, отырған жерлерінде мешіт үйін тұрғызып халықтың діни сауатын ашқан. Дертіне ем іздеген жанның өміріне шипасын дарытқан тұлғалар. Ауыл орталығындағы «Орынбет ишан» мешітінің имамы, Ғабдулла қажы атадан қонған ізгілік үрдісін жалғап, жамағатты имандылыққа баулып, дін мен ділімізді ұрпақ санасына сіңіруде. Ауыл халқы Ғабдулланың білімдар, ізденімпаз және мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауда жомарт азамат екенін жақсы біледі. Осындай игілікті істерімен және дін жолындағы ұқыптылықты ұстанымдары арқылы халықтың көңілінен шығып келеді. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының тарапынан болған тапсырмаларды тиянақты орындауда және бекітілген жоспарға сәйкес, дін өкілдерінің дәстүрлі есебі жыл соңында өткізіліп келеді. Өткен жылдың аяғында өткізілген аудан көлеміндегі мешіт имамдарының өз деңгейінде қызмет жасап, ақпарат-насихаттық жұмыстары мен шаралары туралы жылдық есебі қорытындыланған болатын. Аудандық «Жанқожа Батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов қорытынды нәтижесінің ұйғарымен аудан көлеміндегі мешіт имамдарының ішінен Ү.Түктібаев ауылындағы «Орынбет ишан» мешітінің имамы Ізәт Ғабдулланы жылдың үздік имамы номинациясы бағамына ұсынған.
Үстіміздегі жылдың наурыз айының екінші он күндігінде ауданда өткізілген «Дін мен дәстүр егіз ұғым» атты танымдық кешке облыстық «Сырдария-Ақмешіт» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысып, Ислам дінінің дамуына жан-жақты өз үлесін қосқандығы үшін Ізәт Ғабдуллаға шынайы ризашылығын білдіріп, Қазалы ауданы бойынша 2017 жылдың үздік имамы номинациясын тапсырды.
Қуаныш ЕРҚОЖА,
Ү.Түктібаев ауылы