Қажырлы еңбегімен қадірлі
Домбыраның қос ішегі тәрізді қатарласа түсіп, шуда жіптей алға шұбаған болат жол бойындағы қауырт тірлік күндіз-түні тоқтаған емес. Тіпті мұндағылар табиғаттың қолайлы немесе жайсыз күндерін елеп те жатпайды. Қашан көрсең де ерсілі-қарсылы тынымсыз қозғалған жолаушылар пойызы мен жүк құрамаларының межелі жеріне дер кезінде, кідіріссіз жетуі жолында аянып қалмайды.
Бұл қиын жұмысты тек ондағы ер азаматтар ғана атқарады десек, қателескеніміз. Өйткені теміржол бойында талай жылдан бері аянбай тер төгіп жүрген нәзікжандылардың да бар екенін ұмытпау қажет. Сол қатарда Қазалы локоматив жөндеу зауытында тепловоз сүртушісі болып қызмет ететін Тиыштық Өтегенова да бар. 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай абзал ананың жұмысымен танысып, ел назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Алпыс жасқа аяқ басқан кейуана осы салаға табаны күректей отыз жылын арнаған. Ендігі кезекте аман-есен, абыроймен зейнетке шығуды ойлайды. Төрт баланың анасымен әңгіме барысында бұл жұмысты жаны қалайтынын байқадық.
– Мұнда 1991 жылы жұмысқа орналастым. Ол елдің енді ғана еңсесін тіктеп, аяққа тұрып жатқан сәті. Сол уақытта әйел заты түгілі, ер азаматқа да қызмет табу оңай болған жоқ. Алла сәтін салып зауыттан орын таптық. Алғаш келгеннен бұл жұмыстың жаныма жайлы екенін сезіндім. Ұжымдастармен тез тіл табысып, бір отбасындай болып кеттік. Қазір екінші үйім іспеттес. Жұмыс орныма бармай, ондағыларды көрмей тұра алмаймын. Шүкір, отыз жылдан бері нәпақамды адал тауып келемін, – деді ақжаулықты ана.
Қазіргі таңда теміржол – елдегі көлік қызметінің нағыз күретамырына айналғаны белгілі. Содан болар осындағылар жүктелген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарап, міндетін салмақты саралайды. Ер, әйел деп бөлінбей, бәрі де темірдей тәртіпке бойсұнуға дағдыланған. Тиыштық Өтегенованың айтуынша, теміржол саласында қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың барлығы қандай алғысқа да лайық екен.
– Ауданның өзінде теміржолда еңбек етіп жүрген әйел заты жетіп артылады. Оларға көпшілік «Осы сендер жұмыста не бітіресіңдер?» деп жатады. Сырт көзге мұндағылардың қызметі оңай көрінгенімен, шын мәнісінде олай емес. Таң сәріден, кеш қарайғанға дейін зауыттың ішінен шықпай қызмет ететін қыздардың еңбегі орасан. Оны бізбен бірге ұжымдас болып жүрген ерлер жақсы біледі. Жұмыстың жеңілі жоқ, тек ебін таба білу керек, – дейді ардақты ана.
Кейуананың қазірде 2 ұлмен 2 қыздан тараған 12 немересі бар. Барлығы өз алдына отбасы болып, шаңырақ көтерген. Өзі кенжесінің қолында. Жұбайынан ерте айырылған кейуана «қайтсемде балаларымды өсіріп-өндіремін» деп, тапқан-таянғанын бүлдіршіндерінің аузына салып отырған. Осындай қажырлы еңбегімен қадірлі болған ананың тағы бір тілге тиек ететін қасиеті, немерелері жанына жинала қалса болғаны, ертегі мен ата-бабадан сақталған салт-дәстүрді әрдайым айтып отырады.
– Мұны айтудың қаншалықты маңызы бар екенін білмеймін, бірақ «Балығы болмаған көл құрысын, киігі болмаған шөл құрысын» демекші, қазір ертегі айтатын әжелердің қатары азайды. Мен бала күнімде, ертегі, салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды әжемнің аузынан естіп өстім. Кейін анам да сөз арасында қозғайтын. Мұнан соң мұны балаларым мен немерелеріме айту маған парыз болып қалды. Осылай одан кейінгілерге де жетеді. Бастысы, байырғы ертегі мен дәстүрдің астарында тәрбие жатыр. Осыны ұмытпаған жөн, – деген ойын білдірді кейуана.
Алпысқа таяған ақжаулықты ана бүгінде жұмыста артынан ерген жасы кішілерге өз өткен жолда көрген-білгенін үйретіп келеді. Басына түскен қандай жағдайдың барлығына төзіп, ел қатарында жүруді ойлап, аянбай тер төгіп жүрген жанның қажырлығына тәнті болдық. Келе жатқан мерекесімен құттықтап, отбасына амандық, алдағы күндеріне сәттілік тіледік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК