Қажырлылық пен қырағылық
Домбыраның қос ішегі тәрізді қатарласа түсіп, шуда жіптей алға шұбаған болат жол бойындағы қауырт тірлік күндіз-түні тоқтаған емес. Және де табиғаттың қолайлы немесе жайсыз күндерін елеп те жатпайды.
Мұндағылар қашан көрсең де ерсілі-қарсылы тынымсыз қозғалған жолаушылар пойызы мен жүк құрамаларының межелі жеріне дер кезінде, кідіріссіз жетуі жолында аянып қалмайды. Солардың арасында вагон қараушы-жөндеушілерге жүктелетін міндетті жеңіл деп айтуға келмейді.
Жақында осы бір мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жандардың бірі Жәнібек Әубәкіровке жолықтық. Оның аузынан шыққан әңгімелерді тыңдай отырып, аталған саланы бекерден-бекер қаламағанын ұқтық.
Әйтеке би кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебінде шәкірттік кезеңнің балдәурен шағын өткізген Жәнібек теміржолшы отбасында есейіп-ержеткен. Әкесі Жеңсікбай вагон қараудың қыр-сырын жетік меңгерсе, шешесі Зейнегүл де болат жол бапкерлері қатарында болып, ортақ шаруаны өрістетуге атсалысқан. Жасынан әке-шешесінің еңбекқорлық қасиетін жадына түйіп өскен балғын жастың бойында қайсарлық пен жігерлілік ұстаным қалыптасқан.
«Бір жолы кешкілік дастарқан басында әкем маған: «Балам, мен сияқты теміржолшы атанғың келе ме?» деді жүзіме барлай қарап. Бұл мамандықты қадірлеп, мақтаныш ететін мен іркілмей «Иә, сіздерге ұқсағым келеді», – деп келісімімді бердім», – дейді өткен күнді еске алған Жәнібек.
Алғаш вагон жөндеуші ретінде жұмысқа қабылданып, үш ай бойы Ақтөбе қаласындағы арнаулы курстан өтеді. Қолына құжаты тиісімен вагон қараушылық мамандыққа ауысады. «Өмір – өзен» деген осы. Содан бергі арадағы жылыстап жылжыған он бес жыл бұл үшін нағыз толысу, тәжірибе жинау мектебіне айналды. Айтылған уақыт аралығында қалаған мамандығының қыр-сырына қаныға түсті. Өндірістен қол үзбей жүріп, Қызылорда агротехникалық колледжінен вагон қараушы және жөндеуші мамандығы бойынша диплом алып, білімін шыңдады.
Бүгіндері Жәнібек Әбубәкіровтың есімі Қазалы пайдалану вагон депосы еңбеккерлері арасында айрықша құрметпен аталады. Ол жүктелген тапсырманы жан-тәнімен беріле атқаратын қырағы вагон қараушы-жөндеуші. Оған мына оқиға айқын дәлел.
2018 жылдың күз айы еді. Жәнібек белгіленген кесте бойынша әріптестерімен бірге кезекті ауысымды қабылдап алған. Күндізгі сағат 16:00-де Ақтөбе жақтан шығып, Алматы бағытына жол тартқан жүк тиелген ауыр құрама келіп тоқтады.
Демалыс бөлмесінен жедел шыққан бұлар қолдарына қажетті құралдарын алып, үйреншікті жұмыстарына кірісті. Айналыс дөңгелегін балғамен ұрып, жағар майдың бар-жоғын бақылап келе жатқан. Соңынан санағанда оныншы вагонның тұсына жеткенде Жәнібектің көзі вагон арбашасының белдігіндегі сызатты байқады. Өлшеп көргенінде 450 милиметрден астам екені анықталды.
Дереу аға вагон қараушы Сақып Аяғановқа болған жайды хабарлады. Мамандар ақылдаса келе ағытып алып, «Ағымдағы жөндеу тұйығына» жіберуге келісті. Қажырлылық пен қырағылықтың арқасында апатты жағдайға жол берілмей жарықшақ түскен бөлшек жөндеуден өткізілді. Қоғамдық мүлік бүлінбей, белгіленген бағытына қайта жөнелтілді. Осындай жетістігіне орай Жәнібек кеудесіне «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ теміржолшылардың төл мерекесі үстінде «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Талапты ерге нұр жауар» деген. Жанына адал еңбекті серік еткен Жәнібек Әубәкіров үшін биылғы 2019 жыл жетістіктермен басталып отыр. Олай дейтініміз ол 20 қаңтар күні алыс жолдан Қазалы стансасына жеткен №3472 және №2826 жүк пойыздарының вагондарынан тағы да екі бірдей ақау тауып, болат жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алды.
Қазалы пайдалану депосының бастығы, аудандық мәслихат депутаты Арғын Орымбаевты сөзге тартқанымызда: «Қашанда теміржолшыларға темір тәртіп пен тиянақтылық аса қажет. Жәнібек үнемі осындай талап биігінен көрінуге күш салады. Біздегі өз мамандығын шебер меңгерген, сенімді жігіттің нағыз өзі», – деген ыстық ықыласын білдірді.
Сахи ҚАПАР