Өндірісі өрістеген наубайхана
Ауылды қаржылай қолдау қоры тиімді шағын несиелендіру арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және халықтың әл-әуқатын жақсартуды көздейді. Қоғам 2020 жылы ауылды аймақта тиімді жүзеге асатын шағын несиелендіру жүйесі бойынша қаржылық ресурсқа мұқтаж мақсатты топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ірі компания санатында.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы тартылған қаржыдан несиелейді.
Бүгінде кәсіпкерлерге арнайы бағдарламалар арқылы төмен пайызбен несие беріліп, өндірісті жандандырып, жаңартуға тегін кеңестер де берілуде. Үкімет тарапынан атқарылып жатқан осындай қамқорлықты тиісті деңгейде тиімді пайдаланып, несібесін шағын кәсібінен тауып отырған жандар біздің ауданда да көптеп кездеседі. Солардың бірі – қазалылық Айнұр Әлімбет 4 процентпен үш жылға 4 миллион теңге алып, наубайхана ашты. Қордан алған қаржыға арнайы нан пісіретін электр пеші мен қажетті құрал-жабдықтарды иемденді. Ол бала күтімімен ұзақ жылдар бойы жұмыс істемеген.
– Наубайхана ашу бұрыннан ойымда жүрген еді. Бұл берекесі мол шаруа. Ауыл ішінде пісірілген нанның сапасы жоғары әрі бағасы тиімді болады. Маған нан өнімдерін пісіру ұнайды. Сол себепті де осыны таңдадым, – дейді көпбалалы ана.
Тірлігі алға басқан кәсіпкер өз жағдайын түзеп ғана қоймай, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын цехтан түскен пайданың арқасында іскер әйел ай сайынғы берешегін уақытылы төлеуде. Сапалы өнім – өркендеу кепілі ұстанымымен кәсібін ашып, қазір аудан орталығындағы дүкендердің басым бөлігін өз өнімімен қамтамасыз етуде.
– Бағдарламаның халыққа берері көп. Қаншама тұрғын соның арқасында әл-әуқатын дұрыстап алды. “Бастау бизнес” курсына қатысып, бірқатар мәліметке қанықтым. Қалай кәсіпті дамыту мен клиенттерді көбейту жолдарын үйрендім. Қажетті құжаттарды дайындау ережелерін білдім. Бизнес жоспарды әзірлеп қаражатты алғаннан кейін наубайханаға Мирамкүл Сартай, Жанна Панова есімді көмекшілерді тарттым.
Бүгінде күніге 72 дана нан пісіріледі. Алға қойған түрлі мақсат бар. Соның бірі – кондитерлік өнімдерді жасау, – деп кәсіпкер өз жоспарымен бөлісті.
Тұтынушылар тарапынан нан өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Бұларсыз күнделікті астан бастап, үлкен жиындарға дейін дастарқан мәзірінің сәні кірмейтіні баршамызға аян. Оның үстіне ас атасы кез келген азық-түлік дүкендерінің сөресінде табылуы тиіс.
“Еңбек еткен адамның еңсесі биік” дегендей, Айнұр Мертайқызы мұндай сұранысты толық қанағаттандырып, дәмді өнімдерін аудан нарығына саудаға шығарып қазалылықтардың алғысына бөленуде. Көпбалалы ана отбасылық кәсіпті дамытып, төрт ұлына мұра етіп қалдыруды жөн санайды. Еңбектің нанын жеп, кәсіпкерліктің көзін тапқан ол дөңгеленген шаруасын әрі қарай үлкейтуді қолға алуда. Болашаққа сеніммен қараған Айнұр әлі де бағындырар белестердің көп екеніне сенеді. Бүгінгі нарық кәсіпорыннан заман ағымына сай өнім өндіруді талап етеді. Өндірістің көлемі шағын болғанымен, сапаның сақталуы әрдайым бақылауда. Тұтынушы үшін ең бастысы – нанның дәмдік қасиеттері мен жоғары сапасы.
Ауданның экономикалық әлеуетін барынша арттыру мақсатында халық игілігі үшін қызмет атқарып жатқан өнімі өтімді, жұмысы жүйелі наубайхана жұмысына сәттілік тіледік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА