Қамбардың құтты қадамы
Өзіне ұнайтын шаруамен тыңғылықты айналысып, бизнес құрғандарды кәсіпкер атайды. Солардың қатарында Қамбар Қамысбаев та бар. Бүгінде ЖК “Камбар” атауындағы ісін дөңгелетіп отырған Қамбар Темірбекұлы көптен бері жоспарлап жүрген жүк тиегіш көлігін иемденді. Кәсібінің аяқ алысы да жаман емес. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты «Бастау бизнес» жобасы аясында ауылды қаржылай қолдау қорынан 5 жылға 6 процентпен 6 миллион теңгенің несиесін алды.
– Жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Бастау бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып отыр. Жобаның нәтижесі де айтарлықтай, бастысы халық үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазірдің өзінде жобаға қатысқысы келетіндер көп.
30 күнге созылатын оқыту мерзімі бизнесті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. Атап айтқанда, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес жоспарлау, маркетинг, салық режимдері, өткізу нарықтары, құқықтық реттеуге қатысты барлық материалдар тәжірибелік тұрғыдан түсіндіріледі. Оқу бағдарламасына қатысу міндетті, онсыз күтілетін нәтижеге жету мүмкін емес. Әр өткізілетін сабақ жүйелі бағдарламаға құрылған бір тақырыпты меңгермей, екіншісіне өту қиын, – дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік ерекше қызығушылықпен қарамаса кез келгеннің қолынан келе бермейтін қиын шаруа. Оның үстіне адамның жаратылысы да соған бейім болуы керек. Сондықтан оқыту жұмыстарының алдында әр қатысушының әлеуеті сыналып, икемділігі анықталады. Психология осындайда көмекке келеді. Іскерлікке қабілетті анықтау үшін арнайы мамандар ұсынған тест пайдаланылады. Сол арқылы жұмыс тобы адамның қай салаға бейім екенін анықтайды. Осылайша ұйымдастырушы мен қатысушының уақыты бағаланады. Қамбардың таңдаған саласына қажетті жүк тиегіш эксковаторы бірнеше қызметті атқарады. Яғни жер қазады, көмеді, төбешіктерді тегістейді әрі қажетті заттарды тиейді. Бұл көліктің жұмыс аясы кең, құрылыс тасымалының барлық түріне қолдануға болатын кешенді техникаға жатқызылады. Сондай-ақ материалдарды тиеу және аудару үшін қолданылады.
Қазір жас кәсіпкер бір адамды Самат Әбдірахмановты жұмыспен қамтып, “МФК Туран” ЖШС қарамағында газ құбырын құру жұмыстарын атқаруда.
– Ауылды қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы тиімді шағын несиелендірумен ауылдағы халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Әлеуметтік мақсаттардағы шығынды өтеуді үйлесімді ұстайтын, тұрақты түрде ауылдық кәсіпкерлікке қаржылық қызмет ұсынатын шағын несие ұйымына алғысым шексіз, – дейді іскер азамат.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА