Кәсібі келіскен келіншек

Қазір оның қуанышында шек жоқ. Бөлінген ақшаға 7 құнажын мен дөнежін байтал сатып алды. Жылқыларды 300 гектар аумақты қамтыған “Раманқұл” атты шаруа қожалығында бағуда. Айбазар Жарылқағанқызы бұл төлдердің басын көбейтуді мақсат етуде. Ол бұған дейін де қарап жатпай өз қаражатына шағын наубайхана ашып, ауыл тұрғындарының той-томалағы мен құдайжолына түрлі тәттілер пісіріп берумен айналысып келген. Үлгілі отбасында жұбайы Болатпен бірге 4 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп отыр.
– Біз қарашаңырақта тұрамыз. Қолымда 82 жастағы қайын атам бар. Сол кісі кезінде күріш егістігінде бригадир болған тұста одақ ыдырай бастағанда: “Алда қандай заман болады? Төрт түліктен қол үзіп қалмаңдар. Ертең азық әрі күнкөріс қажеттілігіңе жарайды” деп мал жинап баққан. Жер алып шаруа қожалығын құрды. Қазір бұл отбасылық кәсіпке айналды. Болат шаруашылықты дамыту мақсатында жұмысқа қажетті техникаларды жинады. Атап айтқанда, комбайн, трактор мен прессподборщик бар. Көліктерді інілері Қайрат пен Алмас Есенамановтар тізгіндейді. Балаларым Наурыз, Қырмызы, Тұрды мен Самат студент. Ал Нұржан мен Біржансалым мектеп оқушысы. Осылардың қамымен кәсіптің түр-түрін дөңгелентуге тырысып жүрміз. Еңбектенсең, берекесі де мол болады, – дейді көпбалалы кәсіпкер.
Бұдан бөлек кәсіпкер ана 20 адамдық монша ашқан. Тек оның бір кемшілігі жылыту жүйесін толық бітіруге қаражаты жетпей тоқтап тұр. Еңбекқор жанның айтуынша, сәл көмек болса, оны да іске қосуға дайын екен. Қожабақылықтар да моншаның қосылуын асыға күтуде. Мақсаты мол кәсіпкер әйелдің алға қойған жоспары жеткілікті. Жаңа идеяларға да бай. Дегенмен бұның бәрі қаражат пен уақыт еншісіне тәуелді. Мұндай жігерлі де қайратты кісілер қатары көбейсе, жайылым малға толып дала көркін кіргізері сөзсіз.
Сондықтан да мемлекет халыққа жан-жақты көмектесіп, 2021 жылға дейін бағдарламада қойылған міндеттерді орындау арқылы белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің өсуін 10 процентке жеткізуді көздеп отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА