Саумал сауып, қымыз сапырған
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауылдық жердегі кәсіпкерлікті өз қаржысымен қатар 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша тартылған қаржыдан несиелейді.
Қазіргі таңда шаруақожалығы мен жеке кәсіпкерлер белсенді қаржыландырылуда. Несиелер негізінен мал шаруашылығын дамытуға, техникалық құрал-жабдықтар алуға, егін егуге және жылыжай ашуға беріледі. Осы бағыттар бойынша қазалылықтарға қомақты қаржы бөлінуде.
Әйтеке би тұрғыны Алпамыс Есет 25 жылдан бері жылқы ұстап, халықты сауықтандыруға өз үлесін қосып келеді. Алғашында 2 бас мал төресін алып, оны үш жыл ішінде 8 басқа көбейтеді. Жуырда олардың санын ұлғайту мақсатында ауылды қаржылай қолдау қорынан 4 миллион теңге несие алды. Жылына 6 процент төлейтін қаржыға 24 пен 36 ай арасындағы 14 бас жылқыға қол жеткізді.
– Мал шаруашылығында жылқы негізгі орында. Оның түлігі сәуірден бастап шілдеге дейін үйірге қосылады. Жақсы жылқы 20-30 жасқа дейін жасайды.
Жалпы қазақ үшін төрт түліктің осалы жоқ. Дегенмен жылқының адам үшін атқаратын қызметі өте жоғары бағаланады. Мереке-қуанышта, қайғы-қасіретте, басқа түскен ауыр күндерде адамның жан серігі, айырылмас досы болған. Сондықтан да жылқыны жақсы көремін. Төрт түліктің бұл түрі жайлы көп білгім келеді. Халқымыз оны құрметтеп, ерекше қастерлейді. Оған арналған аңыз-әңгіме, шығарма, өлең-жыр мен ертегілер өте көп. Жылқы төлі сүйкімді, әрі жүйрік болып келеді. Жылқы жасына қарай: құлын, тай, құнан, дөнен, айғыр деп аталады. Ол қасиетті де, сымбатты жануар. Мойнынан түскен жалыны жібектей сусылдайды. Сирақтары ұзын, көздері ботадай әдемі. Жылқының дене бітімі көздің жауын алады. Жаныңды тыныштандырады. Бұрынғы кезде батырлар жылқыларын қастерлегені соншалық, арнайы есіммен атаған. Мәселен, Қобыланды батырдың Тайбұрылы, Алпамыстың Шұбар, Төлегенде Ақбоз деген аты болған. Бұлар жәй атау емес, жүйрік, сұлу, әрі батырдың ең жақын досы бола білген. Жылқы аса қатты күтім жасауды талап етпейді. Сол себепті де осы түлікті ұстауды құп көрдім, – дейді еңбекқор кәсіпкер.
Оның айтуынша, қымыз – аса пайдалы, қырық ауруға ем. Ал биенің еті өте тәтті, қыстық соғымға таптырмайтын ас. Онымен ауқаттанғанда бойдағы суықты шығарып, денені қыздырады.
Сондай-ақ жылқылар бізді қауіптерден қорғайды. Оның ширақтығы мен сезімталдығы жоғары болғандықтан ата-бабамыз жылан жоламасын деп қастарына жылқы байлап жатқан. Тағы бір пайдалы тұсы – ат үстінде көп жүрген адам буын ауруына шалдықпайды.
Осылайша отбасын асырап отырған Алпамыс Есет 22 бас жылқымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жер алып қожалық ашуды жоспарлап отыр. Мал бордақылау ісін де қолға алғысы келеді. Әр қазалылық бай-бақуатты болуға лайықты. Өз тарапымыздан кәсібі келіскен жанның ісіне береке тіледік. Үйірі мыңғырсын, қымызы сарқылмасын деген ниеттеміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА