Сұлу болудың бір сыры
Бұл қандай өнер? Адамдар денелерін түрлі ою-өрнектермен безендіруді ертеден меңгерген. Қолға қына салу өнері көне Вавилонда, Ассирияда, Месопотамияда, Грецияда және ежелгі Үндістанда да кеңінен таралған екен. Қынамен сурет салу ол тек сәндіктің ғана емес, сонымен қатар тылсым күштерден қорғайтын тұмар ретінде де танымал деседі.
Бір білеріміз, бұл өнер – адам бойынан сабырлықты, ыждаһаттылықты талап етеді. Әрине, сурет салуға деген ебіңіз ең бірінші орында. Бүгінде өзінің сұлулық салонын ашып, бойжеткендерге сұлулық сыйлап жүрген Гүлайым Қазиева қынамен сурет салу өнерін де жақсы меңгерген. Сұлулық салонында келушілерге шаш сәндеу, қию, бояу, қас теру, бояу, татуаж бен тырнақ безендіру, құлақ тесу, бет әрлеу қызметтері көрсетіледі. Тағы бір атап өтер жайт, бұл салонда бетіңіздегі дақтарды түрлі аппараттармен тазарттырып, ұлумен ем жасата аласыз.
Келушілерді ілтипатпен қарсы алатын «Гүлайым» салонында осы салада бірнеше жылдық тәжірбиесі бар Жанар мен сұлулық әлеміне жаңа қадам басқан Назерке жұмыс істейді. Әр келушінің талғамынан шығып, ойындағыдай бейнесін жасап беруге бейімделген сұлулық салонының қыздарына сенім білдіретін қыз-келіншектер көп.
Сұлулықтың сырына қаныққан салонның қыздары үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оның бір дәлелі, жоғарыда айтқан қынамен сурет салу өнері.
«Бұл өнерді өзім интернеттен қарап үйрендім. Қазір қынамен сурет салудың бірнеше түрін білемін. Сурет салуды жастайымнан жақсы көретінмін. Қынаның адам денсаулығына еш зияны жоқ. Бірнеше түсі болады. Тұтынушы талғамына сай түс таңдайды. Қынаны Қазалыдағы дүкендерден аламын. Қыз-келіншектер мейрамдар қарсаңында немесе жай сұлулық үшін, тіпті қалыңдықтар той алдында қолдарына сурет салдырып жатады. Ол екі апта немесе одан да ұзақ уақыт қолда тұрады. Суреттің қиындығы, көлемі, жұмысының уақытына қарай бағасы әр түрлі», – дейді Гүлайым.
Өнердің бұл түрін «менди» деп атайды екен. Ал араб елдерінде жай «хна», «хенна» деген атаумен қолданыста. Денеге немесе қолға қынамен ою-өрнек, сурет салуды бірі құптаса, енді бірі жөн көрмейді. Әлбетте, талғамға талас жоқ. Мұны әркімнің өз қалауына қалдырайық. Ең бастысы, денсаулығыңызға зияны болмаса болғаны.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.