Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сталинге арналған бункер

Сталинге арналған бункер

Гитлерге арналған бункер Германия мен Польшада болғандығын кино фильмдерден талай көрдік. Бас қолбасшы Иосиф Сталинге арналған бункер Москва, Ярославль, Горький, Қазан, Ульяновск, Сталинград, Куйбышев қалаларында болғанын қазір де, кезінде де ешкім білген жоқ. Солардың біреуі ғана Куйбышев қаласындағы бункері туралы айтқым келіп отыр. Бұл бункердің тереңдігі 37 метр, яғни 12 қабат үймен бірдей еді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Гитлерге Берлинде арнап салған, соғыстан соң жарып жіберіп көміп тастаған бункердің тереңдігі 16 метр болса, Ұлыбритания Премьер-министрі У.Черчилльдің Лондондағы бункері 6 метр тереңдікте болды. Енді әлемде теңдесі жоқ бункердің қалай салынғаны жайлы сөз қозғайық.
1941 жылдың 15 қазанында фашистік дивизиялар Москваға 16 шақырым жерге дейін жақындап келді. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Куйбышев қаласына СССР Жоғары Кеңес Президиумын, Халық Комиссарлар Кеңесін, Қорғаныс Комитетін, барлық дипломатиялық миссияларын көшіруге шешім шығарды. Осы шешіммен бірге Куйбышев обком ғимаратының астынан И.В.Сталинге арналған бункер салу үшін құпия бұйрық шығарды. Бункер жобасын және оны іске асыру сәулетші және инженер Юлиан Островскийге жүктелді. Ю.Островский өзімен бірге бекітілген 115 құрылыс инженерлері мен Москва метросын салған 597 құрылысшылармен асығыс аттанып кетті.
Бункер жұмысын өте құпия жүргізілгені соншалықты, сол маңайда тұрған тұрғындар іргесінде алып құрылыс жүргізілгенін байқамапты. Осы күнге дейін жер астындағы 25 мың куб. метр топырақ сыртқа қалай байқаусыз шығарылғаны белгісіз болып отыр. Бункер жұмысы үш ауысымда тәулік бойы жүргізіліп, тоғыз айдан аз уақыт ішінде, 1942 жылдың 1 қарашасында «аса құпия нысан» пайдалануға берілді. Алайда бас сәулетші Юлиан Островский барлық құрылыс инженерлері мен метро құрылысшылары бір күнде жоқ болып кетті. Содан бері қанша жыл өтсе де, бұл бункер қалай салынғаны туралы бір дерек жоқ. Тек әрбір жұмысшы «мемлекеттік құпияны жарияламау туралы» қолхат жазып бергені ғана белгілі. Небәрі 713 адамның аз уақыт ішінде күні бүгінге дейін теңдесі жоқ бункерді ешқандай техникасыз қалай салғаны белгісіз болып қалды.
Енді бункерге қалай кіретініне тоқталсақ, Куйбышев обкомының холлындағы екінші қабатқа көтерілер тұста белгісіз ағаш есікті НКВД кезекшісі тәулік бойы күзететін. Осы ағаш есікті ашқанда, сүңгуір атом кемесіндегідей брондалған темір есік бункерге апаратын еді. Жиырма метр төмен түскесін ұзындығы 50 метрлік коридор бойындағы 1 - 4 қабаттағы бөлмелерде байланыс офицерлері, Сталиннің көмекшілері, Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің мүшелері, азық-түлік қоры, жарық беретін генератор бөлмелері орналасты. Бас қолбасшы Сталиннің кабинеті 34 метр тереңдікте орналасты. Кабинет Кремльдегі кабинетінен еш айырмашылығы болмады, қабырғада Суворов, Кутузов портреттері ілулі тұр. Кабинеттегі жиһаз да, сол күйінде. Онда алты есік бар, дәл Кремльдегідей, оның 4-уі алдамшы есік, 5-шісі кіріп шығатын есік болса, алтыншысы санузельге апаратын есік. 1942 жылы шығарылған раковина мен унитаз әлі күнге дейін жұмыс істейді.
Сондай-ақ аумағы 72 шаршы метр болатын, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 28 мүшесіне арналған мәжіліс залында Маркс, Энгельс, Ленин портреттері ілулі тұр.
Осы Куйбышев қаласында авиациялық завод көшірілген 35 күннен соң, алғашқы Ил-2, Ми-3 ұшақтарын шығара бастады.
1941 жылдың 23 желтоқсанында завод директоры Третьяковқа Сталин: «Жолдас Третьяков сіз елімізді жерге қараттыңыз, Қызыл Армияға күніне 1-2 дана ғана ұшақ беріп, мазақ қылмаңыз. Бұл үшін басыңызбен жауап бересіз. Соңғы рет ескертемін» деп телеграмма жіберді. Осындай телеграмма алған Третьяковтың жағдайын көз алдыңызға елестетудің өзі қандай қорқынышты, замандастар естелігіне қарағанда завод директорының шашы ағарып кеткен көрінеді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған жанкешті еңбегінің арқасында, аз уақыт ішінде завод күніне 26 ұшақ шығаратын болды.
1943 жылдың басында завод директоры Сталиннен жаңа-жылдық құттықтау телеграммасын алды. Сол жылы Третьяковқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

26 желтоқсан 2020 ж. 2 389 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930