Қызылордалық медбике майданда неміс солдаттарын да емдеп, алғысқа бөленген
Соғыс және еңбек ардагері, медицина қызметінің запастағы капитаны Любовь Колесник Германияның Ной-Репен қалашығында жараланған кеңестік жауынгерлермен бірге неміс солдаттарын да емдеген, деп хабарлайды www.inform.kz.
Любовь Сергеевна 1925 жылы Оңтүстік Қазақстанның Арыс өңірінде әскери қызметкер отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Степановтар отбасы (ол кезде Люба әжейдің тегі Степанова болған) үшін қайғылы жағдай орын алды. Әулеттің әкесі дүниеден озып, Любаны үлкен ағасы Қызылордаға алып келді. Осыдан кейін тура 18 күн өткенде соғыс басталған.
Ол жергілікті медицина техникумына оқуға түсіп, оны бітірген соң бруцеллезге қарсы күрес станциясына жолдама алған. Сонда жұмыс жасап жүріп, жасы кәмелетке толған соң майданға аттанды. Ол әйгілі Г.Жуков қолбасшылық еткен бірінші Беларусь майданына түскен.
Немістер совет солдаттары мен медбикелеріне үрейлене қарағаны есімде қалыпты. Сол кездегі бұйрық бойынша, жараланғандардың барлығына бірдей көмек көрсету міндеттелген. Жау қатты қарсыласты. Жараланғандар да көп. Ал госпитальді тоқтаусыз нөсер жауған батпақты жерге орналастыруға мәжбүр болған. Жаралы жауынгерлердің астына ағаш бұтағын төсеп, жаңбырдан қалқалау үшін плащ-палаткаларды пайдаланған кезіміз де болды. Дәл сондай жағдай Польшадағы майданда да болған, - дейді қарт майдангер.
Қатардағы Степанованы жұмыстың қиындығы қорқыта алған жоқ. Өмірі әскерде өткен әкесінің тәрбиесі оның кез келген жағдайға бейімделіп, Отан алдындағы борышын адал атқаруына жәрдемдесті. Тіпті, бомбалау кезінде де жүрегі шайлықпады. Аспан айналып жерге түсердей снарядтардың дауысы тым жақыннан естілгенімен, байбалам салуға, қорқынышқа ерік беруге болмайтын еді. Госпиталь жеңіл жараланғандарға арналғанымен, мұнда ауыр жарақатпен де сарбаздар көп түсетін. Оларды тылдағы госпитальдарға санитарлық пойыздармен жөнелткенге дейінгі күтім – госпиталь дәрігерлерінің мойнында. Сондықтан, қызметкерлер тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеді.
Любовь Сергеевна Ұлы Жеңіс күнін де осы қалашықта қарсы алған. Ол госпитальде 1945 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет етіп, Қызылордаға қайта оралды. Елге қайтар алдында бейбітшілік туралы сөзін Берлиннің ең әйгілі рәмізі – Бранденбург қақпасына жазып қалдырған.
Люба әжей Қызылордаға келген соң локомотив депосына фельдшер болып орналасып, зейнетке шыққанша сонда еңбек етті. Сонымен қатар, үнемі кеңес әскерінің ерекше есебінде болды.