Ынтымақ, бірлік, келісім – басты байлық ел үшін
Сұлу Сырдың бойында орналасқан Қазалы қаласының тұрғындары 1 мамыр мерекесін ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Бұнда бірнеше ұлт өкілі бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Таңертеңмен орталық алаңға жиналған қала тұрғындары «Ынтымақ, бірлік, келісім – басты байлық ел үшін» атты мерекелік шараны тамашалады.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткен салтанатты шеруді қазыналы қарттар мен ақылшы ардагерлер бастады. Көненің көзі – қариялардан кейін Қазалы аграрлы-техникалық колледжі, Ғ.Мұратбаев атындағы №17, Қ.Нұрмаханов атындағы №95 және М.Горький атындағы №16 мектеп-лицей ұжымы орталық алаңға бет түзеді. Бұдан соң «Ақерке», «Өрімтал» бөбекжай балабақшалары, «Қазалы конфет» цехы, Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мекемесі, ветеринария станциясы, Қазалы орман және жан¬уарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Қазалысушар» өндірістік учаскесі, №18 Қазалы қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, қалалық емхана, жалпы білім беретін кешкі мектеп, қалалық және балалар кітапханасы, Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ұжымы шеруді жалғастырды.
Қала тұрғындарын мерекемен құттықтаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бірлігі бекем елдің берекесі кетпейтіндігін, досы көпті жау алмайтындығын ерекше атады. «Ырыс алды – ынтымақ» деген халық даналығының астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің басты құндылығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық» деген аудан басшысы әр шаңыраққа бақыт, береке мен денсаулық тіледі.
Достық мерекесінде әрбір ұжым орыс, кәріс, татар, неміс, өзбек, қазақ ұлтының және «Ұлы дала әні мен биі», «Жұмыр қылыш», «Текемет», «Грузин биі», «Қазақ биі», «Павлин» биін биледі. Сондай-ақ өнерпаздар «Ақкөгершін», «Туған жер», «Сыр елім», «Бейбітшілік сақталады», «Туған ел», «Қазақстаным» әндерін әуелете орындап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
* * *
1995 жылы Қазақстанда дүние жүзінде бұрын соңды болмаған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінгі таңда ол 500-ге жуық ұлттық-мәдени бірлестіктің басын қосып, татулықтың үздік үлгісін көрсетіп келеді. Ұйым әр халықтың дәстүр-салтын, ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, өзге этностың мәдениетіне деген сыйластықты қалыптастыруға үлесін қосты. Кешегі алмағайып заманда жер аударылып келгендерге көрсетілген қазақ халқының қонақжайлығы, жанашырлығы мен адамгершілігі қазіргі тастай татулықтың алғышартына айналды десек қателеспейміз. Сондықтан елдің тарихи тұрғындарына алғыс ретінде, ортақ Отанның гүлденуіне тілектестігін білдіру үшін қазақстандықтар 1 мамырда Бірлік күнін атап өтеді. Қазалы жұртшылығы да бұл мерекені көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.
Күн ұясынан көтеріле бере орталық алаңға ағылған адамдар қарасы қалың болды. Әр халықтың ұлттық киімін мерекелік күнге үйлестіре білген олар концерттік бағдарлама көркін қыздыра түсті. Әсіресе, өзбек, орыс, шешен ұлттарының кейпіне енген мұғалімдер қауымы топтасып би билегенде тамсанбаған көрермен қалмады. Ал сахна сыртында түрлі спорттық ойыннан сайыстар ұйымдастырылды.
Әні мен сәні келіскен мерекелік шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен ауданның бірқатар атқамінер азаматтары қатысты. Жұртшылықты құттықтау үшін сөз алған аудан басшысы бірлік күнінің қоғамдық-саяси маңызына тоқталды. Төле бидің «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген дуалы сөзін мысалға алып, өзара сыйластықты арттыруға шақырды.
– Бүгінде ауданда 14 ұлт өкілдері түрлі салада еңбек етіп, қоғам дамуына зор үлесін қосуда. Бірлік күніне байланысты ұйымдастырылған мерекелік шеруде бір үйдің баласындай болып, қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, грек, неміс пен тәжік ұлты өкілдерінің жақсы көңіл-күймен бірге келе жатқандығы – нағыз татулықтың белгісі деп білемін.
Бұл мереке сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын күн. Расында татулықсыз, бірлік-берекесіз еткен еңбек бекер болмақ. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тәмсілді бабалар бекер айтпаса керек. Бірлігіміз бекем болсын! Мерейлі мереке әр отбасыға мол бақыт, ашық аспан, бақ-береке әкелсін, – деді ол.
Бұдан соң жиылғандар ел бірлігін, татулықты дәріптейтін мерекелік концертті тамашалады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА,
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ