Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар неге топтасып жүр?

Тұрғындар неге топтасып жүр?

Қазіргі таңда әлем халқы үшін еңсеруі қиын қауіпке айналған вирустың беті қайтар емес. Күніне мыңдаған адам жарық дүниемен қоштасып, он мыңдап саналатын науқас емделетін орын таппай, аурухана дәлізін тоздырып жүр. Жер бетіндегі медицинасы керемет дамыған елдердің салы суға кетіп, шарасыз күйге түскені қашан?! Жолында кездескенді жайпап өтетін індетті жоюдың жалғыз амалы адамдардың үйде отыруы екені түсінікті. Бірақ халық осы қарапайым қағиданы да назардан тыс қалдырып жүргені көңілге кірбің ұялатады.
Осы сәтте артық амалы қалмаған Филлиппин Президенті карантин ережелерін бұзғандарды атуға рұқсат берсе, көптеген елдер азаматтарын күштеп үйде отырғызуға әрекеттенуде. Мәселен Үнді, Орталық Азия елдері мен Шешенстан билігі тәртіп сақшыларына халықты күштеп үйлеріне қууға бұйрық берген. Бұндай шаралар Қазақстанда айыппұл салумен шектеліп отырғанын білеміз. Асылында бұл мемлекеттің пайдасы үшін ғана емес, елдің амандығы үшін мәжбүрлі түрде жасалып жатқан шара екенін көбісі біле бермейді. Әйтпесе тыйым салынған тұста ережелерді ескермей, көше кезу өзінің де, басқаның да өміріне бейжай қарау емей немене?
Аса қауіпті жұқпалы ауру себебінен жарияланған карантин уақытында халыққа қандай талап қойылады? Бұндай сәтте адамдардың бір-бірімен араласуы шектеледі. Тиісті мамандардың рұқсатынсыз қаладан шығуға немесе басқа аймақтардан кіруіне кедергі жасалады. Жұрт көп жиналатын жерлерге залалсыздандыру жұмыстары ұйымдастырылып, азық-түлік, дәріхана сияқты маңызды нысандардан басқасы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Осы ережелер Қазалыда қаншалықты сақталуда?
Бұған дейін аудан аумағына қатынас шектелгені, сауда нысандарының жұмысы реттелгені туралы жаздық. Бірақ карантин режимінде бірқатар тұрғындар сақтық шараларын санадан шығарды деуге негіз бар. Оған себеп төтенше жағдайда көмек ретінде берілетін 42500 теңгенің құжаттарын жинау екені анық. Бұл тұста кінә бірреттік көмекті алуға асыққан жұртта ма, әлде құжат рәсімдеуді оңтайландыра алмай отырған саладан ба? Қалай болғанда да айтып келмейтін аурудың жаппай таралауы дәл осындай жерден басталатынын естіп, біліп отырмыз.
Әлеуметтік төлемнің жыры басталғаннан бері аудандық жұмыспен қамту орталығы, «Қазпошта» мен «Халық» банкінің алдында жиналған адам қарасынан көз сүрінеді. Кейбірі тіпті аудан әкімдігі ғимаратының табалдырығын тоздырып жүр. Бірер күн бұрын аталған төлемді алу ережелері қайта өзгеріп, тұрғындарға жаңа талаптар қойып берді. Бұдан кейін құжат реттеу үшін көше кезгендердің одан да көп болатынын көзге елестетіп көріңіз.
Жергілікті мамандар ­коронавирустың ауданға кірмеуі үшін күш салып жатқаны белгілі. Бірақ аймақ көлеміндегі Шиелі, Жаңақорған сияқты аудандарда ауру жұқтырғандар анықталғандықтан мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Карантинге қарамастан топтасып жүргендердің арасында індет жұқтырған бір жанның ғана болуы елдегі ахуалды күрделендіріп жіберуі ғажап емес. Сондықтан қатаң карантин ережелерін орнатуды бүгіннен бастаған жөн сияқты. Бұған дейін аудандық полиция бөлімі мамандары үш адамнан артық жиналуға рұқсат етілмейтінін айтқан еді. Бірақ олардың да құзыреті топтасқан жұрттың жанына батпай тұрғаны ­жасырын емес.
Желідегі әлеумет бұл мәселе төңірегінде өткен аптадан бері дабыл қағып келеді. Оқиғаға қатысы бар мекеме қызметкерлері ғимарат алдына кезекте тұрудың «мәдениетін» көрсетіп, жерге ара қашықтықты сақтауға арналған белгілер сызды. Бүгінде лауазымды тұлғалар осындай жерлерге кезекшілікке қойылып, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы баяндады.
– Қазалы ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұқпалы індеттің таралмауы үшін карантин жарияланғалы белгілі. Бұндай уақытта адамдар көп жиналмауы қажет. Алайда аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі «Халық банк» пен «Қазпошта» АҚ Қазалы аудандық филиалдарында кезекте тұрған адамдардың қарасы қалың.
Осыған орай банк пен пошта бөлімшелеріне арақашықтық сақтау үшін белгілер жасалып, кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Кезекшілікте аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арақашықтықтың сақталуын қадағалайды, – деді Ж.Советұлы.
Аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер тарапынан тұрғындарды үйде отыруға шақыру, көшеде түсіндірме жұмыстарын жүргізу жүйелі жүріп тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мәселе қолға алынған шараларда емес, нәтижеде емес пе? Халық әлеуметтік көмекке байланысты құжаттарын тапсырмай үйге қайтпайтыны түсінікті. Сондықтан қаржы ұйымдары мен құжаттандыратын мекеме мамандары тұрғындармен телефон арқылы байланысып, онлайн түрде мәселесін шешіп берсе құба-құп болар еді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
07 сәуір 2020 ж. 670 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031