Қазалы ауданы карантинге жабылды
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында Қазалы ауданында 2.04.2020 жылғы сағат 00:00-ден бастап 15.04.2020 жылғы сағат 7:00-ге дейін карантиндік режим енгізілді. Қазалы ауданының бас санитарлық дәрігерінің 1.04.2020 ж. №4 қаулысымен ауданға көліктің барлық түрлерінің келуіне және шығуына тыйым салынады.
Аудандарда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, бұл індеттің әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында қарқынды шаралар қабылдануда:
– Коронавирустың таралуының қазіргі жағдайын ескере отырып, азық-түлік тауарларын, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және басқа да тұрғындардың өмір сүруіне қажетті тауарлар мен қызмет түрлерін, өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етуді қоспағанда аудан аумағына автокөліктерге кіруге және шығуға тыйым салынады.
– Жүк және жолаушылар тасымалдауды есепке алмағанда соңғы станциясы Қазалы стансасы болып табылатын жолаушыларға Қазалы стансасынан түсуге тыйым салынады;
– Діни үйлердің, балабақшалардың, базарлардың (жануарларды өткізу орындары (мал базарлары), автомобиль және т.б.), сауда үйлерінің, азық-түлік емес сауда орталықтарына қызмет көрсететін кәсіпкерлік құрылымдардың барлық түрлерінің, оның ішінде жеке тұрған азық-түлік емес дүкендердің, автосалондардың, автоқосалқы бөлшектер сату салондарының, гүл павильондарының, химиялық тазартулардың, кір жуу орындарының, фотоательдердің, фотосалондардың, оптикалардың, ломбардтардың, жылжымайтын мүлік жөніндегі мекемелердің, техникалық қызмет көрсету станцияларының, сауналардың, фитнес-клубтардың, тренажер залдарының, спорт кешендерінің, бассейндердің, сұлулық салондарының, құрылыс, жиһаз базарлары мен тауарлар сататын дүкендердің, шаштараздардың, спа-орталықтардың, логистикалық орталықтардың, қонақ үй кешендерін, аяқ киім жөндеу мен басқа барлық жөндеу шеберханаларының, студиялардың, барбершоптардың, компьютерлік және интернет клубтар, букмекерлік және лото, мото конторалар, бильярд клубтары, үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары, тәуліктік пәтерлер мен үйлерді, көрмелерді және басқа да осындай қызмет көрсету саласындағы объектілерді жалға алу қызметтері тоқтатылады.
– Азық-түлік гипермаркеттерінің, оптомаркеталарының, супермаркеттердің, минимаркеттердің, дүкендердің, азық-түлік сөрелерінің, бірінші кезекте қажетті тауарлар саудасының жұмысына күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен сағат 8:00-22:00-ге дейін, ал азық-түлік базарларында сағат 10:00-18:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Осы шектеу шараларын сақтай отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша жұмыс істейді.
– Дәріханалардың жұмысы санитарлық-дезинфекциялық күшейтілген режиммен рұқсат етіледі;
– Мейрамханалардың, дәмханалардың, кафелердің, шайхана-асханалардың және басқа да қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын "Клиенттерге дейін жеткізу" қағидаты бойынша сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс істейді.
Ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысында бұдан өзге де бірқатар қауіпсіздік шаралары бар. Біз тек аудан тұрғындары үшін маңыздыларын көрсеттік. Бір айта кетер жайт, ауданның бас санитарлық дәрігерінің 31.03.2020 жылғы №3 қаулысы өз күшін жояды.
Құрметті аудан тұрғындары!
Бұл шаралар Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылданып отыр. Баршаңызды ресми ақпарттарға назар аударып, үйден шықпауға, талаптарды қатаң сақтап, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі