Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рахмет саған, Отаным!

Рахмет саған, Отаным!

«Ырыс, қайда барасың?» – десе: «Ынтымағы артқан елге барамын», – деген нақылды ойыңа оралтатын көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекеде Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде өздеріне қонақжай пейіл танытқан қазақ халқына алғыс айтады. Ризашылық пен құрметті арттыратын қадірлі мейрам қарсаңында тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған аудандағы бір топ өзге ұлт ұрпақтарының пікірлеріне ден қойдық. «Ортақ ­Отанда өрісіміз кеңеюде» деген ұстанымдағы жерлестердің бұл орайда өз ­айтарлары бар.
Андрон Криков:
– Күнделікті ақпарат құралдарынан дамыған, өркениет көшінен өз үлесін алған мемлекеттердің де бір-бірімен, ішінара қақтығыстарға ұшырап жатқанын көріп, көңіліміз алабөтен күйге енеді. Ал бұл жолда бейбітшілікті, ауызбіршілікті ұстанған Қазақстан ешқандай тәжірибеде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым – Ассамблеяның жұмысын жанды жүргізіп, қасиетті шаңырақты ортақ Отаны санайтын сан ұлыс өкілдерінің бастарын біріктірді.Олардың әрбіріне құрмет көрсетіп, салт-дәстүрлерін жаңғырту, мәдениеті мен әдебиетін дамыту, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осындай азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау жолын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білген мемлекетке біздің де алғысымыз шексіз.
Муаззам Рахметова:
– Елде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні белгіленгенін естіген барлық қазақстандықтар игі бастамаға қолдау білдірді. Бұл – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, Тәуелсіз Қазақстанды өркендету жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні.
Қазақстандағы дәстүрге айналған өзара түсіністік, түрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарын құрметтеу барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдарды қалыптастыруға себеп болды.
Бір кездері ата-бабамыз пана іздеп келгенде, жатсынбай, жақын еткен қазақ бауырларға бірлік пен достықтың жарқын мерекесі қарсаңында ризашылығымызды білдіріп, келешектің кемел боларына Ассамблея өкілдері де әрқашан ауызбіршілікпен атсалысады дегім келеді.
Ришад Құтлыбулатов:
– Қазақстан – жүзі бөлек болса да, жүрегі бір, тілі бөлек болса да, тілегі бір жандардың басын береке бесігінде қосқан қасиетті қарашаңырақ. Уақыттың қандай тезіне түссе де, татулықты ту етіп, келер күнге үкілі үмітін желкен еткен ел жаңа ғасыр белесін бір-біріне деген сенімі, бірлігі арқасында бағындырды.
Күнтізбеге қосылған жаңа мереке – Алғыс айту күнін ешкім жатсынбады. Себебі адамгершілікті арттырып, бірін-бірі бағалауға үндейтін мейрамның бауырмал ел үшін артықтығы жоқ. Тұрақтылық болмаған аймақта даму да ілгерілемейтінін жер жаһандағы орын алып отырған жағдайлар көрсетіп отыр. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастырып, отандастардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын үлгісіне ұйытқы болуда.
Алеся Советова:
– XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныстанған. Ал 1930 жылдардағы ұжымдастыру науқанымен 250 мың шаруа жер аударылса, өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға 1,2 миллионға тарта адам келген. Олардың барлығы осы өлкеге орнығып, түрлі жағдайларды қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондай қилы кезеңдерде өзге ұлт өкілдеріне кең құшағын жайып, бір үзім нанымен бөліскен қазақтың бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіруге бағытталған Алғыс айту күні игілікті бастаманың бірегейі саналады. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, достық, бір-біріне деген құрметке тәрбиелеп, этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға себепші мерекемен барлық жерлестерімді құттықтаймын.
«Кім қайдан бақыт тапса, ол соның жұмағы», – деген таныс тәмсіл бар. Бір кезде бабалардың табаны тиген топырақ қазір ұрпақтары үшін туған жерге айналған. Әдетте жетістігіңе сүйсініп, қиындығыңа күйінетін туған жер дегенде тебіренбейтін адамның болуы мүмкін емес. Сондықтан өзімді Қазақстанның ажырамас бөлшегіне балаймын.
Фархат Баймуратов:
– Бұл күндері Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілі жолды нұсқауда. Қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалап келген басқа жұртты бауырына басты, қайғысына қамығып, ортақ пейіл танытты. Саяси жүйе қыспағымен осы жерді паналаған адамдар қазақ даласынан жайлы тұрақ тауып, өсіп-өнді, ұрпағын жалғастырды.
Тәуелсіздік туы көтерілген алғашқы кезеңдерде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстанда этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісімнің сақталуын мықтап назарда ұстады. Бұл істің жалғасындай болған Алғыс айту күні – қиындықты бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде егемен ел құру жолында аянбай тер төккен барлық республика азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін айтулы мерекесі.
Р.S Алғыс айту күні тұғыш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгіліндегі табиғаттың тосын мінезінен ауыр жағдайға тап болып, елде аштық орын алғанда губернатор Уильям Брэдфорд адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін бұл күнді белгілесе, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін ұлттық мереке қатарына қосады.Қазақстан халқы мейрамды 2016 жылдан бастап тойлауда. Осы жылғы 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялаған болатын.

Дайындаған Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
29 ақпан 2020 ж. 1 992 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031