Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Соттасатындар саны азайды

Соттасатындар саны азайды

Елдегі тұрақтылық, аймақтағы бірегейлілік пен белгілі бір аумақтағы жұрттың тату өмір сүруі дау-дамай шешуші органдар жұмысының нәтижесімен де тікелей байланыс­ты екені ақиқат. Өйткені сот алдына дауласып барған азаматтардың арыз-шағымы мен көкейтесті мәселесін толыққанды ұғынып, тараптардың одан әрі араздасуына тоқтау салатын дәл осы ұйым. Өткен жылы осындай келелі істер нәтижесінде сотқа арызданып келетін жандардың саны бұрынғыға қарағанда біршама азайған. Бұл туралы аудандық сот төрағасы Дидар Мұратбекұлы сейсенбі күні сот ғимаратында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Сот төрағасы алдымен жақында қолданысқа енген заң жобаларымен таныстырып өтті. Бұл құжат елдегі өсім алған қылмыс түрлерімен күрес мақсатында қабылданғанын, осының әсерінен биылғы жыл қорытындысы бойынша теріс әрекеттердің саны қысқара түсетініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы мен заң шығарушы органдардың негізгі мақсаты халық арасындағы мәмілені қалыптастыру арқылы ауызбіршілікті нығайтуды көздейтінін айтты. Прокуратура, аудандық сот пен аудандық полиция бөлімінің үшжақты меморандумының арқасында қол жеткізілген жетістіктер жайына тоқталды.
– Меморандум нәтижесінде аудандағы дау-дамай деңгейі біршама төмендеді. Өйткені 2018 жылы сотқа 177 іс келіп түскен болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 136-ға азайды. 2019 жылы қаралған шағымдардың 88-і ғана прокуратура мен полиция бөлімінен жолданып, жариялы түрде қылмыстық іс қозғалса, қалғаны жеке айыптаумен қозғалып отыр, – деді Д.Мұратбекұлы.
Сонымен қатар сот төрағасы ағымдағы жылы жазасы қатаңдатылған ауыр қылмыс саны көбеюі мүмкін деген болжам келтірді. Өйткені бұл қылмыс түрінде татуластыру амалы қарастырылмайтын көрінеді. Бұдан бөлек халық денсаулығына, имандылыққа қатысты қылмыстар, оның ішінде есірткі заттары мен бұйрықтық істер сияқты әрекеттерге медиация әдісі жүрмейді. Ондай азаматтар тиісті заң талаптарына сай жазасын алмақ.
– Аудан жұртшылығының ынтымаққа бейім екендігі көңіл қуантады. Себебі өткен жылы қаралған істердің 74 проценті медиация әдісі арқылы аяқталған. Бұл азаматтық істердің көлемін біршама азайтып отыр. Мұндағы барлық судьялар бір жағынан татуластырушы тарап жағында да жұмыс істейді. Дауласушыларды сот отырысына дейін 5 күн ішінде мәмілеге келтіру амалдарын қарайды. Нәтиже ойлағандай орындалса арызданушы тарап шағымын кері қайтарады. Бұндай сауапты іске былтыр аудан әкімінің өкімімен құрылған билер кеңесінің де тигізіп отырған үлесі мол, – деп жиынды қорытындылаған. аудандық сот төрағасы ел тұтастығын сақтау – басты мақсат екенін тілге тиек етті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 қаңтар 2020 ж. 723 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031