Ескі жылдың жағымды жаңалықтары

аралап, оқырмандармен кездесті. Аудан тіршілігін айнадай қалпында суреттеп, көзі қарақты оқырманға ақжолтай хабаршы атанған “Қазалы” газеті алдағы кезде де үлгілі үрдісті жалғастыра береді.
Өткен жылдың қаңтар айында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауылдық округтерді аралап, есеп берді. Ондаған күнгі сапар барысында шалғай ауылда өмір сүріп жатқан тұрғындардың басым бөлігі жыл бойы атқарылған жұмысқа ризашылық білдірді. Сонымен бірге аудан басшысы назарына күрмеуі қиын мәселелерді ұсынған тұрғындар да болды. Олардың басым көпшілігі байланыс желісін тарту, ауылдық клуб пен балабақша ғимараттарының тозығы жеткендігі туралы айтқан еді. Өз кезегінде М.Нәлхожаұлы аталған қиындықтарды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізген.
Доңыз жылы жанкенттіктер үшін жағымды жаңалықпен басталды десек болады. Өйткені 2 мыңға жуық тұрғын қоныстанған елді мекенде жаңа амбулаториялық емхана пайдалануға берілді. Бұл нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл халқының денсаулық сапасын арттыру үшін қолға алынған игі іс ретінде есте қалды.
Ақпандағы ақжолтай жаңалықтың бірі – Қазалыға Парламент Мәжілісінің депутаттары келді. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы міндеттерді, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында келген халық қалаулылары сайлаушылармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Іссапар барысында “Nur Otan” фракциясының мүшелері Нұрлан Дулатбеков, Бейбіт Мамраев, Бақтияр Мәкен, Кәрібай Мұсырман аудандық аурухананың техникалық мүмкіндігі мен білім ошақтарының жай-күйімен танысты.
Дәл осы уақытта елде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай түрлі іс-шара өткен еді. Он жылға жуық қан майдан кешкен қазақстандықтардың қатарында 69 қазалылық жауынгер болған. Оның 28-і қазіргі таңда ортамызда жүр. Ғани Мұратбаев ауылындағы білім ордасының оқушылары олардың бірқатарымен кездесіп, ерлік істері туралы кең көлемде шара өткізді.
Қытымыр қыстың аяғында ауданда алғаш рет “Coworking” орталығы ашылды. “Nur Otan” партиясының Қазалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен лентасы қиылған орталықтың жастар уақытын тиімді өткізуге, оқырмандар санын көбейтуге тигізер үлесі орасан болды. Аталған орталықтың ашылуына қатысқан аудан әкімі нысанның балалар ойын жетілдіруге, білімін арттыруға жасалған қадам ретінде баға берді.
Ұлыстың ұлы күні тақап қалғанда сол тұстағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына айрықша Үндеу жариялады. 30 жыл бойы ел басқарған Нұрсұлтан Әбішұлы осы сәтке дейін жеткен ел жетістігі, экономикалық тұрақтылықты сөз етіп, артынша өз өкілеттігін тоқтататыны жайлы баяндады. Бұдан соң Президент өкілеттігін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерінің алдында ант беріп, ел тізгінін қолға алды.
Сәуір айы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Әлмәмбет Әлішевтің 80 жылдық мерейтойымен есте қалды. Көркем ойдың кемеңгері әдеби ортадан шалғайда тұрып, аудандық партия комитеті мен газет редакциясының табалдырығын тоздырып, елге белгілі жазушы атанған. “Батыр болып тумайды” кітабының ізін ала “Ат тұяғын тай басар”, “Бәйтеректің бұтағы”, “Иірім” мен “Ой орамдары” атты толғауларды дүниеге әкелген озық ой иесіне жерлестері салтанатты кеш ұйымдастырған болатын.
Аталған ай соңында қазалылықтар “Алтындар ұстаханасы” атап кеткен Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 10 жылдық мерекесі аталып өтті. Осы сәтке дейін облыстық, республикалық, халықаралық білім олимпиадалары мен түрлі додада топ жарып жүрген мектеп шәкірттерінің бағындырған белесі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Аймақ бойынша үздік оқу орны ретінде танылып үлгерген мектептің мерейтойына ауданның бетке ұстар азаматтары қатысып, Е.Бозғұловтың мұражайы мен оқушылардың қолөнер бұйымдарымен танысты. Бұдан бөлек сәуір айында ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі Ерболат Дәленов Қазалыға келіп, бірнеше тағылымдық шараға қатысты.
Мамыр айы келсе Жеңіс күні қатар айтылатыны белгілі. Биылғы жеңістің 74 жылдығы Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін тіптен ерекше болды. Өйткені аудандағы санаулы ардагерінің бірі – Лепес Әуесбаевқа аудан әкімі Мұрат Ергешбаев кент орталығында орналасқан зәулім үйдің кілтін табыстаған еді. Пәтер кілтін тапсыру барысында сөз алған аудан басшысы жеңістің оңай келмегендігін, сол үшін ардагерлерге қарыздар екенімізді тілге тиек етті.
Көктемнің ақыры боксшы Ақеркеге ғана емес, Қазалы жұртшылығы үшін табысты сәт болды десек жарасады. Өйткені халық тілеуін тілеп отыратын спортшы қыз Қазақстанның жазғы Спортакиадасында жеңімпаз атанды. Осы кезге дейін Батыс Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, ел чемпионы атанған А.Бақытжаннан бапкерлері үлкен үміт күтеді.
Мамыр айы “Жалпақтағы” ағайынның бірінен-бірі сүйінші сұрауымен ерекше есте қалды. Неге десеңіз, аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақжона ауылдық округіне қарасты «Жалпақ» елді мекеніне сервистік су жүйесі тартылғаны хабарланды. Аудан басшылығының ондағы халық санының аздығына қарамастан игі іске білек сыбана кіріскеніне ауыл тұрғындары дән риза.
Жаздың алғашқы айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауданға келді. Сапар барысында “РЗА” акционерлік қоғамының 660 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауарлы кешені мен 30 мың тонна сүт өнімдерін қайта өңдеуге қауқарлы зауыттың жұмысымен танысты. Осы тұста ферма басшысы Самұрат Имандосов С.Омаровқа өңірдегі мал шаруашылығын дамыту бағытындағы түйіткілді мәселелерді тілге тиек етіп, оңтайлы шешім табуына ықпал етуін сұрады.
Қазыналы Қазалы жұрты қашанда қайырымдылыққа жаны жақын екені мәлім. Осыған байланысты аудандық “Жанқожа батыр” мешіті жанынан “Асыл Иман Ихсан” қайырымдылық қоры құрылған болатын. Жүректеріне иман ұялаған ұйымдастырушылар аудандық, облыстық мәслихат депутаттарының, кәсіпкерлер мен мешіт жамағатының қолдауымен 10 миллион теңге қаржы жинап, 1000 шаршы метр жер учаскесіне баспанаға мұқтаж көпбалалы аналарға арнап үй тұрғызды. Маусым айында 5 отбасыға жаңа баспана кілті берілді. Сәйкесінше, аудан әкімі қор мүшелеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.
Маусым айында Мемлекет халқы үшін үлкен маңызға ие шаралар көптеп өткізілді. Соның бірі – ҚР Президентінің ресми түрде қызметіне кірісуі еді. Елордада өткен салтанатты жиында Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайына әкелінген соң, жаңадан сайланған ел Президенті мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді. Конституцияның 42-бабына сәйкес халыққа ант берді.
Шілденің шіліңгір ыстығында Арал ауданында балықшылар тойы өткізілді. Аймақта 2005 жылдан бері тойланып келе жатқан шараға бас-аяғы 500-ден аса адам қатысты. Оның ішінде Қазалы ауданынан арнайы шақырылған “Мақсатбаев” шаруа қожалығының төрағасы Темірхан Мақсатбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын, Төребек Игіліков «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, сала ардагері Жаңбырбай Қуатбаев «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының Еңбек Ері» төсбелгісіне ие болды.
Қазалыда мал шаруашылығы айтарлықтай дамып келе жатқаны даусыз. Оны өзге мемлекеттерден келетін немесе экспортталатын ірі қара жайына қарап, оңай байқауға болады. Осы мақсатты аудан кәсіпкерлерінің алды “Сыр Маржаны” серіктестігі “Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасы аясында 2015 жылдан бастап Көларық ауылдық округінің “Шеңгелді” учаскесінде мал бордақылау алаңын іске қосты. Осыған дейін алыс-жақын шетелге отандық өнім жеткізуді жолға қойып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген серіктестік Иран мемлекетіне ірі қара малын экспорттаумен айналыса бастады. Бұл жергілікті ауылшаруашылық саласы бойынша айрықша жетістік екенін айта кеткен жөн.
Шілденің соңында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың ауданға іссапары жалғасты. Аудан тынысымен танысқан ол алғашқы бағытын Ә.Тыныбаев атындағы Басықара су торабынан бастады. Бұдан соң ауылшаруашылық ісімен айналысатын жергілікті ірі кәсіпорындардың жұмыс барысын бақылады. Ел игілігі үшін бой көтеріп жатқан ғимараттардың жай-күйін көріп, жауапты мамандарға тиісті тапсырма берді. Сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Ал тамызда жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, “Шапағат” медалінің иегері, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі Рүстем Жанайдың 75 жылдығы аталып өтілді. Аудандық оқушылар үйіндегі кешке ақынның жары Күләш Досжанова, балалары, немерелері және елдің әр түкпіріндегі дос-жарандары, шәкірттері қатысты.
Сонымен қатар аудандағы іргелі қоныс Ақсуат ауылының құрылғанына 70 жыл, мал шаруашылығын өркендетуде аянбай тер төккен Социалистік Еңбек Ері Дүйсенбай Махановтың 110 жылдығына арналған “Ауылым – алтын бесігім” атты көлемді шара ұйымдастырылды.
Тамыз айының екінші ширегінде Бозкөл елді мекенінде өткен ауыл күні аясында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Осы елден шыққан азаматтар мен ауыл тұрғындарының күшімен салынған “Бала ахун” мешіті бозкөлдік Күнәжат Қаниевтің ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Қуанышты оқиғаға орай ауыл тұрғындары арасында спорттық сайыстар өтіп, ас берілді.
Қыркүйекте Қобыланды батыр жырын жатқа айтудан республикалық “Тұлпар мініп, ту алған!” байқауының аудандық кезеңі өтті. Аталған сайысқа ауданнан 340 талапкер қатысты. Ел балаларын ұлтжандылыққа шақыратын додада №170 мектеп оқушысы Аяулым Әзен жеңімпаз атанып, тағы бірнеше оқушы сайыстың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Аталған ай жергілікті медицина саласы үшін де сүйіншілеген жаңалықпен басталды. Қазалы ауданаралық ауруханасында “Medtronik” серіктестігі арқылы алынған “Ангиограф” медициналық аппараты іске қосылды. Қазалылық дәрігерлер облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмаиловтың жетекшілігімен аймақтағы аудандар арасында алғаш рет жүрек қан тамырына күрделі ота жасады.
Қазан айының басында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың туғанына – 90 жыл толуына орай “Жеңіс” паркінде дәстүрлі грек-рим күресінен XІV халықаралық турнир жалауын көтерді. Оған Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдер мен республиканың бірнеше қаласынан балуандар қатысты. Байрақты додаға қазақ күресінің аңызына айналған Жақсылық Үшкемпіров, Азия күрес қауымдастығының Президенті Дәулет Тұрлыханов қонақ ретінде қатысты.
Ерте көктемде шаруаға кірісіп, ала жаздай төккен тер жемісін көретін қоңыр күз – шаруа баққан дала еңбеккерлерінің жанын жадыратып, молшылыққа кенелтетін маусым екені белгілі. Сыр жұрты осыған орай “Алтын дән” еңбек мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биыл Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында өткен үлкен шарада қазалылық ауыл шаруашылығы озаттары да бой көрсетті.
Атап айтсақ, “Агро-Өркен” серіктестігінің механизаторы Әділбек Әуез ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” атанды. Жер емген тағы бірнеше еңбек адамы омырауға төсбелгі тақты.
Қазанның қорытынды күндерінде аудандық “Қазалы” газетінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік және Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының, “Құрмет” орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу кеші өтті. Оқырмандармен еркін ойталқы ұйымдастырылып, қалам тербеп жүрген жандар қолтаңба алып үлгерді.
Қараша айы кіргенде Қорқыт ата атындағы аудандық балалар музыка мектебі ұжымы “Бар түркіге ортақ абыз – Қорқыт баба” тақырыбымен 55 жылдық мерейтойын атап өтті. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мекемеге 2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен күллі түркі дүниетанымының негізін қалаушы, Ұлы абыз, композитор Қорқыт атаның есімі берілді.
Сондай-ақ қараша айында қазалылық қыздар Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. Олар 81 және одан да жоғары салмақ бойынша сынға түскен болатын.
Желтоқсанда ауданда “Ақбаян” облыстық әншілер байқауы өтті. Оған Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы және Арал ауданынан 12 талапкер қатысып, өзара бақ сынасты. Сайыс нәтижесіне сай бас жүлдені жерлесіміз Мадияр Жеткерген еншіледі.
Желтоқсанда орын алған жыл жаңалығы ретінде “Әлсейіт” көпірінің пайдалануға берілгенін айтсақ жарасады. Әлсейіт учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтетін темір-бетон көпірі 2 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы 219, ал ені 12 метр. Көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін елді мекен тұрғындары үшін жол қатынасы, көпір – ең үлкен өзекті мәселенің бірі болған. Міне, сол мұқтаждық өз шешімін тауып, Қазалы ауданының 7 және Арал ауданының 6 ауылындағы 14 мыңнан астам халықтың тілегі орындалды.
Қалай десек те биылғы жыл аудан жұртшылығы үшін табысты болды. Жақында ғана арғы беттегі көпқабатты үйлер пайдалануға беріліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жастарға пәтер кілті табысталды. Сонымен бірге қала мен кент арасын біріктіру бағытында ауқымды істер атқарылуда. Жақында ел игілігі үшін жұмыс істейтін мекемелер үйінің құрылысы толық аяқталып, халық тілегін қанағаттандырудың жаңа формасы жоспарлануда. Ағымдағы жылы атқарылған басқа да толымды тірліктер жайын толығырақ оқығыңыз келсе, газеттің өткен сандарынан таба аласыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ