Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындарға "трактор" тарту етілетін болды

Тұрғындарға "трактор" тарту етілетін болды

Кеше Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашов шалғайда жатқан Т.Көмекбаев, Қуаңдария және Алдашбай ахун ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті.
Жиынға ауыл тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, және облыс әкімдігімен бекітілген кестеге сәйкес облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Ибраева қатысты. Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы ауылда басталған есепті кездесуде алдымен жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Қ.Разақовтың округ бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аймақтарында жыл бойы атқарған жұмыстары туралы хабарламасы тыңдалды.
Мұнан кейін жыл көлемінде атқарылған іргелі істерді ауыл әкімі Ғ.Ақжігітов жеткізді. Ауылдық округ бойынша өткен жылы 60 отбасы бақша, көкөніс, картоп дақылдарын егіп, одан айтарлықтай өнімдер алды. Бақша дақылдарын егіп, оны аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында «Меңей» каналы тазаланды. «Әли қожа» шаруашылығы 80 гектарға жоңышқа егіп, тұрғындарға нарық бағасынан төмен бағада ұсынуда. Округ бойынша 35 кәсіпкер тіркелген. Ауылда 1 наубайхана, 1 балалар ойын алаңы, 8 дүкен, 1 шаштараз, 1 құс өсіру, 1 көлік жөндеу шеберханасы және 1 тігін цехы халыққа қызмет көрсетуде. Есепті кездесуді қорытындылаған аудан әкімі С.Мақашов ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жылға қойған мақсат-міндеттері туралы баяндап өтті.
Көпшілікті былтырғы жылдың жетістіктерімен таныстырған аудан басшысы, өткен жылғы есеп беру кезіндегі халықтың ұсынысы орындалғанын да атап өтті. Соның ең маңыздысы тіршілік нәрі ауыз су мәселесі болатын. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 68,6 млн.теңгеге ауыл тұрғындары үйлерінің шекарасына дейін су құбырлары тартылып, толық орталықтандырылған сапалы жер асты суымен үзіліссіз, тәулік бойы қамтамасыз етуге қол жеткізілді.
Сонымен қатар ауыл әкімінің теңгеріміне тұрғындардың бақша, көкөніс егу жұмыстарына пайдаланатын «Трактор» көлігін алып беруге уәде берді. Есепті кездесуде ауыл тұрғындары «Жетікөл» сағасын реттеу, ауылдық клуб үйінің құрылысы, бау-бақша егу сияқты сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Жағымды жаңалықтардан хабардар болған ауыл тұрғындары әкім есебіне оң бағаларын берді.


17 қаңтар 2018 ж. 1 603 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 82

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930