Құс шаруашылығы күй талғамайды
Қаз бен тауық – үй жағдайы үшін пайдалы құстар. Өйткені олар көп күй талғамайды. Ет пен майды, қауырсын мен мамықты мол береді. Бүгінде тауық пен қаз өнімдеріне сұраныс мол.
Осыны ескерген Арықбалық ауылының тұрғыны Ертас Сұлтанбеков қаз өсіріп, оны көбейту ісімен айналысып отыр. Ол өз кәсібін ашуда мемлекеттік бағдарламаның шарапатын сезінді. Кәсіпкерлік палатасында «Бастау бизнес» курсына қатысып, дайындаған бизнес жоспарымен 505000 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Қазіргі таңда Ертас Оспанұлы 51 бас қаз және балапан шығаратын инкубатор аппаратын алып, құс шаруашылығын дамытуға үлес қосуда. Сонымен қатар бау-бақша мен алма бағын өсіруді де қолға алған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағытына орай берілген өтеусіз грант шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға тиімділігін көрсетіп отыр” – дейді Ертас.
Оның айтуынша, оқу кезінде бизнес сауатын толықтыруда әр аймақтан келген тренерлер кәсіпті тиімді жүргізудің қыр-сырын түсіндірген. Тауық та, қаз да төзімді құстар қатарына жататындықтан, тақтайдан тығыз етіп жасалған қоралар арзан әрі қолайлы болып саналады.
Іскер кәсіпкер көпбалалы отбасыларына жасалып жатқан қолдауға дән риза. Ол жары Ләйләмен бірге Аңсаған, Ерсұңқар, Әбілмансұр, Айханым есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Осындай үлкен шаңырақты асырау үшін тынбай еңбектену қажеттігін түйсінген Ертас аулада азын-аулақ тауық, қаз ұстап, жазда бау-бақша дақылын егеді. Еңбекқор жігіт құс өсіру мен жеміс-жидекті баптауды жаны қалайды.
“Қазір табыс табуға бар мүмкіндік бар. Бастысы ниет болуы тиіс. Мемлекет тарапынан алған қаражатқа 50 қаз бен балапан шығаратын жабдық алдым. Бұйырса, алдағы көктемде жұмыртқаларын жинап, қаз басын көбейтуді жоспарлап отырмын”, – деген кәсіпкер сөзінен өз ісіне шынайы сенімділік аңғарылды.
Қаз асыраушының сөзіне сенсек, балапандардың жұмыртқаны жарып шығу мерзімі бір айға жуықтайды екен. Сарыауыздардың алғашқы қорегіне негізінен ұсақтап туралған піскен жұмыртқа, асқан күріш немесе тары беріледі. Екі аптаға дейін әрбір екі сағат сайын жем беру керек. Бұдан кейін балапандар шамамен екі айда қанаттанғанда, оларды жетілген құстардың қорегіне көшіреді. Ал ересек қаздарды жаз бен күзде көбінесе жайылымда ұстап, кешкі мезгілде ғана қоспа жем мен дән береді. Құстарды күніне бір рет бақшаның көк шөптерімен, адам тұтынуына жарамсыз жемістер мен көкөністің, асхана, дән мен ұн қалдықтарынан дайындалған быламықпен қоректендіруге мән беріледі екен.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ