Бақылау сенімсіздікті сейілтеді

Кеше осы мәселелерге байланысты “Nur Otan” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан мен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бекқали Бекбауылов “Құтты мекен” жобасы аясында Қазалы қаласында салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамту жайын және құрылыс нысандарын аралады. Ондағы жұмысшылардың жай-күйімен танысып, құрылысқа қолданылатын заттың сапасы жайынан хабардар болды. Сонымен қатар қаладағы 81 гектар аумақта бой көтеретін ғимараттарға ауызсу, газ, электр энергиясын әкелудің жолдары талқыланды. Алдын ала жұмыс басталмас бұрын бірініші ретте инфрақұрылыммен толық қамтамасыз еткен ләзім екені айтылды.
Елде аса беделді партия мамандары соңғы кездері саяси, мәдени шаралардың басы-қасынан табылып, әртүрлі шаралар мен қоғамдық жұмыстарда ерекше белсенділік танытып жүр. Бұл ел азаматтарының партияға деген сенімін арттырады. Партияның жергілікті өкілдері бұл сарындағы жұмыс мұнымен саябырламайтынын айтып сендірді.
– Партиялық бақылаудың жиі ұйымдастырылуы құрылыс жұмыстарының заңдылыққа сай жүруіне ықпал етері анық. Келешекте мұнда мекеме мамандары, тұрғын үйлерге халық қоныстанатындықтан қауіпсіздік шарасы қатар қаралғаны жөн. Бүгін полиэтиленді ауызсу желісінің салыну барысын қадағаладық. Халыққа дұрыс жағдай жасауды, құрылысты сапалы орындауды қатаң тапсырдық. Аталған шараны біршама уақытқа созып, жергілікті жаңа құрылыс нысандарын түгелдей бақылау жоспарда бар, – дейді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Б.Бекбауылов.
Ал жүйелі жұмысқа жауапты мердігер компания мамандары айтылған сын-пікірлерді назарда ұстап, тиісінше жұмыстар жасалатынын айтты. Тұрғындар игілігі үшін қолға алған дүниенің жауапкершілігін сезінетіндерін жеткізді.
Айта кетейік, құрылыс бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен 136,779 мың теңге қаржы қаралған. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 13,671 мың теңге бөлініп, қазірдің өзінде 100 млн-ға жуық қаражат игерілген. Соған сай бүгінде 6,3 шақырым жолға құм, саз төсеу жұмыстары атқарылды. Тағы 1,2 шақырым жолға малта тас төселген.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ