Партиялық бақылау жасалды
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы аудандағы бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан құрылыс нысандарына тексеру жұмыстарын жүргізді. Рейдке “Нұр Отан” партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мәмбетжан, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Тиыштықов, бөлім маманы М.Ниязов, «Арал» СЖКБД филиалының Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімше бастығының орынбасары Н.Аймағамбетов және «ҚЭТТК» АҚ аудандық электр торабының басшысы Н.Ізтілеуов қатысып, құрылыстардың сапасымен танысты.
Қорытындысында бақылау комиссиясының мүшелері аудандық партия филиалының ғимаратында арнайы отырыс өткізіп, рейд барысына талдау жасалды. Партиялық бақылау барысында анықталған бірқатар кемшілік ортаға салынды.
Қарлаң учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін жүргізу жұмысына жоба бойынша салынуы тиіс құбырлардың астына қалыңдығы 10 см құрғақ құм төселуі, темірбетон құдықтарының жер асты бөлігін 2 мәрте сырлау, задвижка, винтельдерді орнату барысында жобадан ауытқымауы, Қазалы қаласындағы спорт алаңының құрылысына жасанды төсеніштің астындағы қабаттардың талаптарға сай болуы ескертілді. Аталған ескертулер мен талаптар бойынша мердігер мекемелер барлық олқылықтың орнын толтыратындарын айтты.
Гүлдәрі ИМАНАЛИЕВА