Ой мен тойға жаңғыру қажет
Жуырда №266 мектеп-лицейде білім беру саласы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен "Қазіргі тойымыз, сіздің ойыңыз?" атты дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат қызметкерлері, қоғамдық бірлестік өкілдері, мектеп мұғалімдері, ардагер ұстаздар, жастар мен дін, мәдениет саласының мамандары, асабалар және ата-аналар қатысты.
Алқалы жиында аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков: «Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу көргенділік» деп атап өткен болатын. Даңғазалық пен ысырапшылдық күнделікті өмірде орын алатыны жасырын емес. Той ғасырлардан келе жатқан әр отбасының қуанышы. Оған ел болып ортақтасу қажет. Бірақ әрқашан да тағылым мен тәрбиенің мектебі болғаны абзал», – деді.
Қазалы ауданының Құрметті азаматы Шарафадин Алтынбай, ардагер-ұстаз Қадырбек Бекетов, Райхан Жұмағанбетова, №266 мектеп-лицей мұғалімі Алтынай Ысқақова және асаба Асылбек Түймебаевтың ортаға салған талғамды пікірі де көптің көкейінен шықты.
Олардың айтуынша, рухани дағдарысқа ұшырамау үшін бәрінің алдын алу керек. Қазіргі той-думан ырду-дырдуға айналды. Асабалар қазақы салт-дәстүрден көрініс қосып, сценарий құрса өзгелерге үлгі болар еді. Тортқа от жағып, оны өшіру Батыстан келген үрдіс. Сондықтан от жақпай шығарса және әдепсіз ойындарды шектеп, тойға балаларды ертіп келуді доғарсақ дегенді жеткізді.
Пікір алысуда аудан тұрғындары да өз уәждерін айтты. Қуанышты басқосу барысында өнерпазды айдаладан емес, айналадан іздесе, яки, қонақ кәде дастарқанда отырғандардан сұралса «әу» демейтін қазақ жоқ. Атырауда той күндіз атқарылады. Осы қолға алынып, келіннің беті күн жарық кезде ашылғаны салт-дәстүрге қайшы келмесі анық деген ұсыныстар білдірілді.
Сондай-ақ қаржы саласының ардагері Кемал Көпжасаров та асабаларды сынға алып, кейбірінің келген қонақты ұзақ күттіртетінін, үстелге орналастыру тәртібінде де қонымсыздық орын алатынын жеткізді.
Ой-талқыға толы отырыста тойдың мемлекеттік сипаты, тойдағы қонақтар саны, басталу уақыты, той дастарханындағы ысырапшылдық секілді мәселелер де талқыланды.
Келелі жиынды қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен білім беру саласы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Қуанышбаев өткізілген іс-шараның көтеретін жүгінің салмақты екенін алға тартты. "Қазақ қашанда дастарқанды ұлық тұтқан, тойға кеш келген адам қуаныш иесін сыйламағандық саналады. Шақырылған жерге уақытылы келуді қалыптастыру қажет. Кезінде үлкендер кемшілікті бетке басудан тайсалмаған. Жөнсіздікті айтып, келеңсіздікті түзеу әбестік емес. Қарама-қайшы пікірлер көп айтылды. Мұны кеңесіп, той мәдениетін дұрыстаған абзал. Жалпы қазақтың ойы мен тойына жаңғырту қажет», – деді ақсақалдар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА