Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарықтық

Жарықтық

Шіркін, жарықтық! Бұл сөздің тура немесе ауыспалы мағынасын да мейлінше сезініп өскен біздің жақтағылардың өткен күндері әлі есінде. Егемендік еншіге тиіп, алғашқы Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жылдарындағы электр жетімсіздігі тұсында торыққан жұрт үшін күн көсемнің атымен аталатын шамның маңызы айрықша, бағасы құнды-тын.
Келмеске кеткен Кеңес дәуірінің санаға салмақ салатын идеологиялық қысымы көп болғанымен, кеңшілігі де аз емес еді. Дүкен сөресінде тұратын заттың бағасы одақтың қай тұсында да бірдей. Қазіргідей газ жүргізіліп, интернет тартылмаса да, біздің ауыл сол кездегі өркениет өрісінен кенде болмады. Тақтайдай тегіс жолдар, көшеде радио үнемі ән салып, хабар жеткізіп, уақытты айтып тұратын. Үйіне жиһаз алмаса да, адамдар «бес сомдық» радионы, үй телефонын түгелге дерлік пайдаланылатын. Көктемнен – күзге дейінгі қырман басындағы қызу тіршілік белгісін самаладай самсаған жарық шамдар білдіретін.
Күндізгі жұрттың жұмыстан шаршағанын басатын ауыл клубы тұрғындардың мәдени тынысымен бірге, ауызбіршілік, сыйластықтың үлкен үлгісін көрсететін орынға баланатын. Айына бір келетін үнді фильмінің өзінен бұрын жарнамасы жететін. Клуб меңгерушісі дөңгелек қобдишасын алып, автобусқа мінді дегенше, көрген көптің жанарына қуаныш сезімі ұялайтын. Ал кино басталғанда жастар жағы қаз-қатар орындықтардың соңғы жағына жайғасып, сыйластықпен кішілер – үлкенге, қайнылар – жеңгеге, жезделер – балдызына ілтипат білдіріп, отырған жерлерін босатып беретін. Бозбалалар мен бойжеткендердің бір-біріне сезімін ұсынуға киноның ықпалы зор. Ортақ тақырыпты қаузаған жігіттер қыздар жағын үйіне жеткізіп, кейде билет алып беріп, құрмет көрсетеді. Үнді фильмдерінің шарапатымен бас қосқан аға-жеңгелер де көп.
Мәдениет ошағына жиналатындардың тағы бір тобы – балалар. Олар жаңа кино келгеннен бастап өздері қолқабыс ететін жұмысты тезірек бітіріп, ата-анасынан жақсы баға алып, клубқа жетуге қамданады. Оларға тиесілі көрмендер отыратын орындықтар мен сахнасының арасындағы бос орын. Бәрі бірінен соң бірі жайғасқан бұл жерге үлкендер де шынатақтап жатып, кино көретін кез болады. Кино кейде бір, кейде үш сағатқа дейін созылады. Оның алдында өзге көрсетілімдер мен жаңалықтарға жарнама жасайтын көріністер де назарға ұсынылады. Бірақ ештеңе жайылмаған сыздау орыннан салқын тигізгендер туралы естімейтінбіз.
Ата-анасынан ақша ала алмағандар тесіктер мен саңлаулардан сығалайды.
Ал басқа уақытта клубта ауыл өнерпаздарынан түзілген түрлі үйірмелер, вокальді аспапты топ жұмыс істейді. Сондай-ақ «Бірлікте» ұжымдар арасындағы жарыс жиі болып тұратын. Бұл қызықты шарада «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, түрлі дала консерваториясының таланттарына тәнті боласың.
Ауылда наубайхана жұмыс істейді. Барлық әйел-аналар үйден нан пісіретін болса да, неге екенін қайдам, оның өнімдеріне деген кезек бір толастамайтын.
Сол кезде ауылдан көшкендерден гөрі, сырттан қоныс аударып келушілер қатары көптігінің себебі осындай толымды тірлікке тікелей байланыстылығын енді ғана ұғынғандаймыз.
Осындай думанды күндер, шат-шадыман көңіл-күй, ауылдағы ауымды істер қатары бір жылдары өз тінін үзерін ол кезде ешкім ойға алмаған болар... Оның барлығына жаңа қоғамдағы өзгеріс өз ықпалын тигізбей қоймады. Берекенің бастауындай болған электр тапшылығы титыққа тиді.
Алдымен уақытпен сөндірілетін жарық, артынша мүлде қылаң бермеуіне ағайын да амалсыз көндікті. Ертемен жағар май арқылы жағылатын шамдарын әзірілеп, киімді қыржымсыз жууға дағдыланып, барлық электрмен жасайтын жұмысты қол еңбегіне қайта айырбастады. Дақылдарды диірмен, келіге түйсе, сүт өнімдерін құдықтарға батырып қоятын амалды дағдыға айналдырды. Күн ыстықта тез бұзылатын етті сақтаудың дәстүрлі технологиясын қайта жаңғыртты. Ондайда тұздалған жас етті түнімен жайып, ертемен жинап, мұржа арқылы жел келіп тұратын пеш ошақтарының ішіне қағазға орап салатын аналарды талай кездестірдік.
Осы тұста жаңалық жаршысы болған радиолар желіден ажырап, балалар ойыншығына ауысса, теледидар тек көрнекі заттың біріне айналды. Ал токтан ажыратылған тоңазытқыш құрғақ азық, кейде сабын-кір жуғыш ұнтақтар сынды ұсақ заттар сақтайтын сөре жұмысын атқарды.
Той-томалақ, мереке-жиын да, қазалы жай болған жағдайда ғана арнайы қондырғымен электрдің аз көлемді қуаты берілетіні болмаса, біраз уақытта жұрт оны іздемейтін жағдайға жетті.
Кей жерлерде бес-алты, болмаса он жылдан астам уақыт жарықсыз отырған біздің ауыл сияқты өңірге бұл жағдай кеңінен таныс. Кейінгі жылдары мектеп бағдарламасына компьютер құрылғысы еніп, нұсқаулық келгенде ЭЕМ пәнін мұғалімдер оқушыларды кешкі мезгілде бір сағат қуаттандыратын құрал көмегімен оқытатын.
Бұл кезде дүние есігін ашқан бүлдіршіндердің дені өз шаңырақтарында туған. Есік ашқан дегеннен шығады, бірде туғалы электр көзін көрмеген бір бүлдіршін жанған жарықтан шошып, жылап жіберген көрінеді.
Бір қызығы, жарықтың жоқтығын өз кәделеріне асырып, қорасын уақ малдарға толтырған ағалар да болды. Олар бейнемагнитафон сатып алып, бейнекассеталармен үйлеріндегі теледидардан кино көрсетті. Шаруашылық тарап, жұмыс азайған тұста адамдарда да ақша қайдан болсын, кино ақысы жұмыртқа, тауық, тары, күріш, бидай айырбасымен жүзеге асты. Бұл кәсіппен айналысқан бірнеше үй ұсақ-түйегіне дейін тоналтса, енді бірі қиындықтан қысылмай өтетін жол тапты. Біздің ауылдағылар осындай заңсыз жолмен болса да болливуд пен голливуттың, Қиыр Шығыстағы жұрттың мәдениетімен таныс болды. Ауылдастар кітапханадағы жауһарлардың барлығын тауысып, өз ізденістерін дамытты.
Менің де бір күні шамның көмегімен кітап оқимын деп бөлмені өртеп, қолымды күйдіріп алған жайым бар.
Елді мекендер аралығын жалғаған бағандар мен жарық беретін құралдардың тоналуын кейіннен қалпына келтіру жұмысы жаңа бағыт алған елге оңайға соқпады.
Осындай қиындыққа кезіге тұра, сеніміне селкеу түспеген тұрғындар туған жерден тамырын үзбеді. Ел ертеңіне сеніммен қарап, өз қолдарынан келгенше тірліктерін тіктеді. Сондай сындарлы сәтте де сағын сындырмаған армандары орындалды, айтқандары айнымай келді. Қиындықты еңсерген қауымға жақсылықтар жол ашты. Жолдар жаңаланды, электр, интернет, ұялы байланыс, ауызсу кедергісіз жеткізілді. Жаңа мешіт, балабақша, мектеп, емхана нысандары бой көтерді. Бір кезде «болашағы жоққа» санап көшіп кеткендердің алды қайта ата қонысына көш түзеді. Сәулеті бір-бірінен асқан тұрғын үйлердің ішкі, сыртқы жөндеу жұмысын көріп, мұндағыларды қаладан кем тұрмыс кешіп жатыр деп ойлаудың өзі қате. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген жастар тұрақтап, үй салып, тұрғындар қатарын көбейтуде. Ауылдағы әлеуметтік нысандарда бос ваканцияның жоқтығы ертеңге деген сенімді еселейді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
15 қазан 2019 ж. 1 986 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031