Бала арманына қанат бітірген
Сейсенбіде жұмыс барысымен Қазалы ауданының Жанқожа батыр атымен аталатын ауылына жолға шықтық. Жасыл-желегі жайқалып, анадайдан менмұндалап көрініп тұратын ауылдың көркіне көз сүйсінеді. Елді мекен жанындағы суы мөп-мөлдір Ащыкөлдің талайдан бері тұрғындардың ырзық-несібесіне айналып отырғаны көрініп тұр.
Байқағанымыздай, көшелердің барлығы дерлік асфальтталған, тақтайдай теп-тегіс. Тап-таза көшелердің бойында жайқалған ағаштар ауыл ажарын одан әрі ашып, нұрландыра түскен. Алғаш болып аялдағанымыз ауылдық әкімдік ғимараты болды. Сапарбек Қуатов басқаратын ұжымның ауызбірлігі мен толымды тірлігі мекеме ауласынан кіргеннен көрінді. Мұнда да бой көтерген түрлі талдар мен әсем гүлдер көңілге ерекше әсер қалдырады. Келуіміздің жай-жапсарын түсінген әкім ауылды аралатты. Ол әңгіме басын «Біз облыстық «Үздік тіректі ауыл» байқауына қатысудамыз» деп бастады. Оның айтуынша, Арықбалық округінде 288 отбасында 1652 адам тұрады. Кәсіпкерлік кең қанат жайған Жанқожа ауылында 28 шаруа қожалығы, 1 серіктестік, 35 жеке кәсіпкер бар. Тұрғындар наубайханадан нан алып, шаштараз, аралас заттар дүкені мен жолаушылар және жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің қызметін пайдаланады. Мал басын көбейтушілердің қатары да жыл санап артып келеді екен. Еңбектің қай түрінен де қашпайтын жанқожабатырлықтар биылғы жылы «Құмарық», «Құмарық-1» каналдары бойынан 10 гектар жерге бау-бақша өнімдерін еккен. Ауыл ішіндегі саябақтар, демалыс орындары, жаңадан салынған, жаңартылған әлеуметтік нысандар барлығы назарымыздан тыс қалмады. Әрқайсысына аялдап, тыныс-тіршілігімен таныстық. 90 балаға арналған «Жауқазын» балабақшасы, №94 мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория бәрі де ең алдымен тазалығымен көзге түсті.
Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын да сезініп келеді. Өткен жылы Қазалы аграрлық-техникалық колледжінде үш адам «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқу курсынан аспазшы, сантехник, тігінші мамандықтарын меңгерген. Ал, биыл төрт адам оқуға тіркелген. Бағдарламаның екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасымен бес, «Бизнес Кеңесші» жобасы негізінде алты адам кәсіптік білімдерін жетілдірген.
Ауылдың тыныс-тіршілігін тыңдап келе жатып, еңсесі биік, сәулетті ғимараттың жанына тоқтадық. Бұл жуырда ғана пайдалануға берілген спорт кешені. Ғимарат алдынан күтіп алған мекеме меңгерушісі Ғанибек Рзабай кешеннің ішімен таныстырды. 300 орынға арналған ғимаратта душ, әжетхана, ұлдардың және қыздардың киім ауыстыру бөлмесі бар. Медпункт жұмыс істейді. Үлкен залда футбол, волейбол, баскетбол ойнайды. Бірнеше жаттығу құралдарымен жабдықталған залда ауыл тұрғындарының кез келгені жаттыға алады. Қазірше қазақша күрес, волейбол, кикбокс секциялары ашылып, жұмыс жүргізуде.
Спортқа құмар ауыл жастары мен жеткіншектер саны көп. Мәселен, бір ғана қазақша күрес секциясына 90 бала жазылған. Олар үш топта жаттығады. Жаттықтырушылар Әділет Өмірбеков пен Нұрталап Лекеровтің айтуынша, балалардың қазақша күреске деген қызығушылықтары аса жоғары.
«Мен 6-сыныпта оқимын. Ауылда спорт кешені ашылады деген сәттен-ақ қуанышымда шек болмады. Спорттың осы түріне қатты қызығатынмын. Менімен қатар жаттығып жүрген сыныптастарым да бар. Спортпен айналыссаң сабақтан кейінгі бос уақытыңды тиімді пайдаланасың, деніңнің сау болуына да көмегі зор. Мен келешкете чемпион болып, еліміздің көк туын әлемдік додаларда желбіреткім келеді. Осы арманыма жетуге себепші болар кешенді ауылымызға салып берген ағаларға алғысым шексіз», – дейді Рамазан Нұралы.
Жаңадан ашылып отырған спорт кешені жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуде мол септігін тигізеді деген сенім бар.
Біз сіздермен Жанқожа батыр ауылында аялдаған бір ғана нысаннан алған әсерімізбен бөлістік. Алдағы уақытта ауыл тынысын әрі қарайда әңімелейтін боламыз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА,
Фотоколлаж Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА