«Қазалы – Теміржолжылудағы» қарымды іс
Аудан көлеміндегі сан түрлі мекемелер арасында «Қазалы –Теміржолжылу» филиалының да өзіндік алар орны бар. Мұндағылар күн суытып, айналаны аяз қысқанда жұртшылыққа жылу сыйлап, көңілдерді қуаныш шуағына бөлейді.
Міне, уақыт тегершігі тоқтамай, ортамызға қоңыр күз жетіп, қыс қыр астында тұр. Осындайда аталған ұжымның тыныс-тіршілігімен танысқанды мақұл көрдік.
Міне, уақыт тегершігі тоқтамай, ортамызға қоңыр күз жетіп, қыс қыр астында тұр. Осындайда аталған ұжымның тыныс-тіршілігімен танысқанды мақұл көрдік.
Іргетас ізі қаттаулы
Әйтеке би кентінде тораптық бу қазандығы құрылысы жылу желілерімен бірге Батыс Қазақстан темір жолының қаржыландыруы арқасында 1994 жылы басталып, 1995 жылы пайланауға берілген. Содан бері «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-на қарасты теміржол мекемелері құрамында жүйелі жұмыс істеді. Тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп, белгіленген міндеттер үдесінен табылды.
Жылдар өте келе көп жердегілер секілді бұл ұжым да нарықтық реформа талаптарын айналып өте алмады. Сөйтіп түрлі құрылымдық сатыларды бастан кешірді.
Қазалы ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 10 қарашадағы қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» және «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» заңына сәйкес қайта құрылды. 2007 жылдың 1 қаңтарынан «Аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқындағы «Қазалы – Теміржолжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына айналды.
Бұдан соң тағы да «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі бұйрығымен «Қызылордажылуэлектроорталығы» МКК-ның теңгеріміне берілді. Сол арқылы қазіргі таңда «Қызылордажылуэлектроорталығы» мекемесінің «Қазалы – Теміржолжылу» филиалы аталып отыр.
Жылу энергиясын өндіру, бөлу, беру және жабдықтау қызметтерін атқарумен айналысатын ұйымшыл ұжым іргетасы қаланғалы бері өмір парағы бетінде өз тарихына байланысты осындай із қалдырып үлгерді. Бұл ұлық жолдың әлі де жақсылықтармен толығып, жалғаса берері анық.
Бел-белестер биігі
Бүгіндері Қызылорда жылу орталығына қарасты «Қазалы – Теміржолжылу» филиалының 100 мекемені, оның ішінде 12 теміржол және 62 тараптық, 26 бюджетке қарасты мекемелер, 3 бес қабатты, 63 екі қабатты және 194 жеке үй тұрғындарын жылумен қамтуға күші жеткілікті.
Қазандық орналасқан аумақ 1, 662 гектарды құрайды. Онымен бірге «ДЕ – 16/14-ГМ» маркалы 4 бу қазандығы, 14 орталық жылу тарату пункті, 1 насос станциясы, 35,3 шақырым жылу желісі бекітілген. 400 тонналық мазут сақтайтын екі темір-бетон резервуары бар.
Бу қазандықтарының 1995 жылғы пайдалануға берілгендегі пайдалы әсер коэффициенттері 90-91 процент аралығында болды. Қазандықтар іске қосылғалы бері 24 жыл өтті. Аталған уақыт ішінде бу қазандықтары мен оның негізгі құрылымдары, жылу желілері және жылу тарату бекеттеріндегі қажетті құрал-жабдықтар жаңаланбаған. Осыған орай филиалдағы төрт дана бу қазандықтары мен қосалқы құрылымдарының жай-күйін анықтау мақсатында 2013 жылдың тамыз айында Ақтөбе қаласынан келген мамандандырылған «ИНШАБ» ЖШС сараптама жасады. Нәтижесінде барлық бу қазандықтарының пайдалы әсер коэффициенті бастапқы қалпынан 55-56 процентке түскенін, қазандықтардың жылу өндіру тиімділігі төмен екендігін анықтады. Қазандықтардың қосалқы құрылымдары, 45 метрлік түтін мөржесінің тозығы жеткенін білді.
Сонымен қатар 2016 жылы филиалға «Энерго тексеріс» ЖШС энерго аудитін жүргізді. Қорытындысында орталық жабдықтарының ескіргендігі айтылып, су қыздырғыш қазандықтарды ауыстыруға ұсыныс берілді. Осы күні тиісті орындар пәрменімен Шымкент қаласындағы «ҚазНұр құрылыс жобалау институты» ЖШС «Қазалы – Теміржолжылу» филиалы қазандықтарын қайта жаңғырту жобасының сметалық құжаттарын әзірлеу үстінде.
Тағы бір айта қаларлық жағымды жаңалық, 2016 жылы «Ремстрой» ЖШС «Қазалы – Теміржолжылу» орталығы қаражаты есебінен бу қазандықтарын көгілдір газға қосты. Жаңа отын көзі біршама өндірістік экономикалық өзгерістер әкелді. Күн райының суықтығы жоғары көтерілгенде пайдаланатын мазут отынының қоры да қоймада сақталады.
Орталық филиалы мамандарының айтуынша, 2017 жылдың қаңтар айының 9-10 жұлдызы күндері ауданда электр энергиясы болмай біршама қиындық туындаған. Абырой болғанда төтенше жағдай үстінде №25 Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының Қазалы электр қуатымен жабдықтау учаскесі қосымша дизель генераторын іске қосып, электр қуатын береді. Әрі қарай бу қазандықтары жылу тарату пунктеріне орнатылған қосымша дизель-генераторлар арқылы барлық мекемелер мен жеке тұрғын үйлерге жылу жеткізіліп, апатты оқиғаның ешкім зардабын тартпайды.
Тілге тиек етілгендей тосын жайдың алдын алу үшін филиалда желілік электр энергия сөнгенде жедел автоматты түрде қосылатын қосалқы 450 кВт электр энергиясын өндіретін дизелді электр станциясын қосу жолдары ойластырылды. 2018 жылы аудан әкімі М.Ергешбаевтың қолдауымен зәру мүлік «Қызылордажылуэлектроорталығы» МКК-ның тарапынан алынып, орнатылды.
Бұдан бөлек «Әйтеке би кентінің жылумен қамтамасыз ету аясын кеңейту» жобасы бойынша 12 мекеме және «Мелиоратор» мөлтек ауданындағы 23 екі қабатты тұрғын үйлер жылу орталығы қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Жоғарыдағы айтылғандардың бәрін де ұйымшыл ұжымның алға өрлеу белесі деп бағаласақ жарасады.
Дайындықта дамыл жоқ
Өткен 2018 – 2019 жылдағы жылу беру маусымында барлығы 36215,2 Гкал өндіріліп, оның ішінде 29261,8 Гкалы тұтынушыларға берілді. Таратылған жылудың теміржол мен тараптық мекемелерге 22,8 проценті, бюджетке қарасты мекемелерге 46,1 проценті, жеке тұрғын үйлерге 31,1 проценті жіберілді. Ал пайдаланылған табиғи газ отыны 6477,619 текше метрге жетті.
Жыл жылдың жүгі басқа. Алдағы 2019 – 2020 жылдардағы жылу беру маусымына жылу жүйелерін сапалы және уақытылы дайындау мақсатында биылғы жөндеу жұмыстарының арнайы жоспары дайындалды. Нақтыланған межелерге сәйкес 4 бу қазандығына, 4 экономайзерге, 8 жылу алмастырғышқа, 2 желілік сорғыларына, 4 қоректік сорғыларына, 4 түтін сорғысына, 4 желдеткішке, жылу желісінің сыртқы қаптамасына, басқа да қосалқы жабдықтарға, 14 жылу тарату пунктіне, бір насос станциясына және қазандық, мазут станциясы, шеберхана ғимараттарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, №3, 4 жылу алмастырғыштардың латун өзектері ауыстырылды және қоректік сорғысы жаңаланды.
Бүгінгі күнге филиал бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталуға жақын. Жауапкершілігі жоғары, ортақ шаруаның басында жүрген азаматтардың қай-қайсысының да біліктілігі мықты. Олар қолға алған ісін аяқтап шыққанша тыным таппайды. Дәл осы тұста бу қазандығының аға шебері Әмин Әжібай, шебер Тимур Дөңесов, жылу жүйесінің шебері Нұрлыбек Дәкібаев, дәнекерлеуші Нұрғазы Нарегеев, Жаңабек Дайрабай, аға оператор Нұрлан Жанай, электрик Әбдірахман Жәмеш, слесарь Бақыт Ибраев, аппаратшы Нұрлан Мырзағұлов, токарь Қарасай Дауылбаев, жүргізуші Әлім Ешмұратовтың есімін мақтанышпен атап өткен орынды.
«Қазалы – Теміржолжылу» филиалының директоры Нұрылда Әбілдаевқа жолыққанымызда:
–Біз үшін тағы бір сындарлы науқан басталғалы тұр. «Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген «Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларына» сәйкес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен нысан бойынша әзірлік паспортын алуға өтініш берілді. Аса күрделі деген нүктелер бақылауға алынып, мұқият дайындалды. Етек-жеңімізді жиып, әзірлікті жылу жіберілгенше жүргізе береміз. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей бізге мұқияттылық пен аңғарымпаздық өте қажет. Жігіттердің бәрі де жылдағы атқарылып жүрген шаруаның ауанын жақсы біледі, – деді әріптестеріне сенім арта сөйлеп.
Қазалытеміржолжылулықтардың қарымды ісі қомақты табысқа жеткізері сөзсіз.
Сахи ҚАПАР