Жылу энергиясы тарифінің жобасы талқыланды
Жуырда Әйтеке би кенттік клубында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандарының қатысуымен жылу энергиясы тарифтерінің жобасын талқылау бойынша жария тыңдау өтті. Басқосуда негізінен « Қ ы з ы л о р д а ж ы л у э л е к т р о р т а л ы ғ ы » мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтері тарифтерінің жобасы сөз болды.
«Қазалы-Теміржолжылу» филиалының басшысы Нұрылда Әбілдаев қазіргі уақытқа дейін таратылып келген 1 гкал жылу энергиясына төленетін баға жеке тұрғындар үшін ҚҚС-сыз 1905,80 теңге, заңды тұлғалар үшін ҚҚС-сыз 13055,41 теңге болғанын айтты. Филиал тарапынан ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне ұсынылып отырған баға 1 гкал жылу энергиясына жеке тұрғындар үшін ҚҚС-сыз 2426,96 теңге, заңды тұлғалар үшін ҚҚС-сыз 16617,05 теңге көлемінде белгіленгенін хабарлады. Сонымен бірге бұрынғы қолданыстағы бекітілген тарифпен алдағы уақытта жұмыс істеу тиімсіз екенін, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтеріне ұсынылып отырған жаңа баға мөлшерін қолдауды сұрады.
Кездесуде аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков мұндай келелі кеңеске жылу энергиясын тұтынатын тұрғындармен бірге көп қабатты үйлердегі пәтер иелері кооперативтері де міндетті түрде қатысуы қажеттігін және бұл мәселені халыққа жан-жақты түсіндіру керектігін жеткізді. Бұл пікірді аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай да қолдап, тұрғындармен тағы бір кездесу ұйымдастырылғаны жөн деген ойын ортаға салды.
Ж.СОВЕТҰЛЫ