Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғатқа тағзым еткен ұжым

Табиғатқа тағзым еткен ұжым

Табиғатты аялау – әрбір азаматтың борышы. Сол себепті елімізде “Таза Қазақстан” акция­сы белең алып, танымал тұлғалар көпшілікті айналаны таза ұстауға, көркейтіп-көгалдандыруға шақыруда. Қазалы ауданы бойынша бұл бас­тама бүгінгі күнге дейін бірнеше мәрте атқарылды. Нәтижесінде табиғатты лас­таған қоқыстар жойылып, ағаштар егілді. Алайда бұндай жұмыстармен ондаған жылдардан бері Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жүйелі айналысып келеді. Бұдан бөлек тіршілік иелерінің қауіпсіздігі мен өңірде орын алған экологиялық мәселелердің шешілуіне өз ықпалын тигізіп жүргені тағы бар. Жақында аталған ұжымда болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Ауданға қарасты 1 785 579 гектар орман қоры үш орманшылыққа бөлініп берілген. Оның ішінде жасыл желегі жайқалған аумақ 896267 гектарды құрайды. Осының барлығына бақылау жасау үшін 36 орман күтушісі, 6 орман шебері, 3 орманшы, соған сәйкес 3 орманшының көмекшісі, 2 инженер мен директордың орынбасары, жалпы саны 75 қызметкер аянбай еңбек етуде. Мемлекеттік орман қоры 14 айналымға бөлініп, әрбірінің паспортына сәйкес қорғаушылары бекітілген.
Сондай-ақ жыл басында кезекшілік кестесі жасалып, Басықара, Қарлаң, Абай және Әлсейіт бекеттерін күзетуге көктем мезгілінде тиісті мамандарға тапсырылады.
Орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің директоры Ардақ Кәдірдің айтуынша, биылғы жылы бірқатар маңызды істер қолға алынған. Соның ішінде сексеуіл ағашын егу ісі ерекше қарқын алған.
– Бұл жоба Оңтүстік Корея елімен жасалған меморандумға сәйкес жүргізілуде. Екіжақты келісім арқылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егуді аяқтадық. Құм көші мен тұздың ауа қабатына таралуын тежеуге көмектеседі.
Бұдан бөлек қазан айында 2000 гектар жерге сексеуіл тұқымын себуді жоспарлап отырмыз. Бұл облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы есебінен жүргізіледі, – дейді ол.
Сонымен қатар мекеме мамандары биыл Көкшетау қаласынан катальпа, сумах ағаштарын әкеліп, жерсіндірген. Себебі жергілікті жерде өсетін қараталдың аурушаңдығы белең алып келе жатқан көрінеді. Оның үстіне аталған ағаш түрлері басқаларына қарағанда таза ауаны көбірек бөлуге бейім келеді екен. Сол себепті мекеме аудан бойынша өткен көгалдандыру маусымында жаңа ағаш түрлерін халыққа үлестіріп берген. Келешек емен, туя, можжевельник, гледичия, тағы да басқа ағаш түрлерін әкеліп, туған жерді одан әрі көркейте түсу ісіне барынша атсалыспақ.
Мекеме басшылығы жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмыспен қамту бағытында да бірқатар шараларды қолға алған. Мәселен, оңтүстіккореялық әріптестерімен жасалған келісімшарт нәтижесінде мекеме қорына 43 млн теңге қаржы түскен. Оның бір бөлігіне қызмет үшін жаңа техника алған. Соған сай 40-қа жуық азаматты 6 ай мерзіммен жұмысқа қабылдаған. Бұл топ Әйтеке би кентіне кіреберіс жолдың екі қапталын қамтыған 7 гектар жерге жасыл белдеу аумағын қалыптастырды. Онда егілген терек, қара тал, сыр тал көшеттерінің 90 проценті жайқалып өсіп тұр. Сондай-ақ жоғарыдағы жұмысшылармен жасалған маусымдық келісімшарттың уақыты біткеніне қарамастан басқа да жобалардың есебінен олардың әрі қарайғы ісін жалғастыруына жағдай жасалып отыр.
Ауданда орман шаруашылығы туралы сөз қозғалғанда бірінші болып ойға “Ояз” бағы оралатыны анық. Мұндағылар бақты ну орманға айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрі қолданылып жатқанын айтады. Басқа аймақтардан әкелінген ағаш түрлері де алдымен осында егіліп, үйретіледі. Ал қазір бақтың 3 гектар жеріне Шымкент қаласынан әкелінген 625 түп алма ағашы күтіп бапталуда. Оның басым бөлігі көктеген. Келер жылы жоспарланған толықтыру жұмыстарынан кейін бұл аумақ тек алма ағашы ғана өсетін баққа айналмақшы.
Қызметкерлер үш бөлікке топтас­тырылған орманшылықтың бүтіндігін бүлінбеуін, жайқала өскен жасыл желектің заңсыз балталануы, жан-жануарлардың суық қолдылар оғынан мертігуіне жол бермеуге тырысады. Мекеме ішінде белгіленген тәртіп бойынша 36 орман күтушісінің әрқайсысы 40000 гектар жерге жауап береді. Осыдан-ақ әлі де болса мекемеде штат тапшылығы бар екендігін байқауға болады. Өз кезегінде браконьерлердің белсенділігіне жол ашады.
2019 жылдың бірінші жартыжыл­дығында орман заңдылығын бұзғаны үшін 1 азаматқа хаттама толтырылған. Оған 25250 теңге әкімшілік айыппұл салынып, табиғатқа келтірген залалы үшін 2525 теңге өндіріліп алынған. Сонымен бірге аң-құс ережелерін бұзған 5 азамат анықталып, 44187 теңге әкімшілік, табиғатқа келтірген зияны есебінен 94687 теңге айыппұл салынған.
Мекеме қызметкері Таңыберген Оразалиев мұнда Қызылқұм орманшылығының басшысы қызметін атқарады. Оның қарамағындағы 24 орман күтушісі, 4 орман шебері мен 1 көмекшісі бірлесіп, 1 334 626 гектар жерді күзетеді. Қуаңдария өзенінен басталып, Қарақалпақстан мемлекетінің шекарасына дейінгі аумаққа кезек-кезегімен 4 адамнан құралған топ рейд жұмысын жүргізеді. Бөлім басшысы мұндағылардың барлығы өз ісін сүйіп істейтін қызметкерлер екенін жеткізді. Қызмет барысында кезіккен тосын жағдайлар туралы әңгімеледі.
– Рейдтік жұмыстар сырттан қараған адам үшін қауіпті саналғанымен, шын мәнісінде қызыққа толы. Қылмыскерлермен бетпе-бет келетін кездер де болады. Далалық жерде көшпелі төсек-орнымызды жайып, түнейміз. Осындай бір күні “Камаз” толы сексеуіл тиеп алған азаматты құрықтадық.
Ол кісінің: “Рұқсат қағазым бар еді. Таппай тұрмын”, – деген сөзін айыппұлдан сытылып кетудің жолы деп қарадық. Осылайша тиісті жұмыстарды жасап, хаттама да толтырып бердік. Бұдан соң олар өз жөнімен, біз кеңсеге қарай беттедік.
Оқиға орнынан ондаған шақырым қашықтағаннан кейін алдымыздан екі қолын жоғары көтере бізге қарсы жүгірген адамды көрдік. Дереу көлікті тоқтатып, шаң басылғаннан кейін қарасақ, жаңа ғана біз ұстаған азамат екен. Қолында рұқсат қағазы бар. “Таптым”, – деп келіп, қағазды бізге тапсырғаннан кейін, жерге жантая кетті. Біздің жұмыстың реті солай болса да, ұялып қалдық, – деп өткенді еске алды ол.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ


30 тамыз 2019 ж. 1 397 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930