Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 47 300 түп ағаш егілді

47 300 түп ағаш егілді

Өткен сенбі күні Қазалы ауданы аумағында ұйымдастырылған ағаш отырғызу акциясы аясында 47 300 мың түп ағаш егілді. Қоршаған ортаны көгалдандыруды басты мақсат еткен шара көпшілік тарапынан үлкен қолдау тапты.
Аудан орталығындағы акцияға әрбір ұжым атсалысып, туған жердің жасыл желекке айналуына ерекше үлестерін қосты. Оған мектеп ұстаздары, балабақша қызметкерлері, студент жас­тар, теміржол саласының мамандары, дербес бөлім қыз­меткерлері, дәрігерлер, мем­лекеттік қызметкерлер, арда­герлер мен мешіт қыз­меткерлері белсенді қатысты.
«Егілген ағаш ауаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, күн ыстықта пана, боранды күндері қорған болады. Сондықтан, өзіміздің туған өлкемізді абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын келтіруге баршамыз үлес қосуымыз керек. Бүгін аудандық орталық аурухананың ұжымы акцияға білек сыбана кірісті. Биыл ғана пайдалануға берілген ғама­раттың айналасын көгал­дандыру үшін дәрігерлер көшеттер отырғызып, күтімге алуда. Осы жылы 1000 түп ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жеміс-жидектер де бар», – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Күншығар Әбілов.
Аудандағы тал отырғызу акциясы Әйтеке би кентімен ғана шектеліп қалмады. Қазалы қаласы және барлық ауылдық округтерде 21 мың түп көшет отырғызылса, оның 4300 түбі түрлі жеміс ағаштары екен.
«Ағаш ек, гүл ек – туған жерді түлет» деген тәмсілге сай қазалылықтар аудан аумағына жасыл белдеулер орналастыруды да қолға алуда. Берекелі бастама аясында “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” халықаралық автокөлік дәлізі мен Әйтеке би кентіне кіре беріс жолына 1-2 жылдық 26300 түп ағаш көшетін отырғызу ұйымшылдықпен жүргізілуде.
Халықаралық автожолдың бойындағы жасыл белдеу басында “Намыс құрылыс” ЖШС жұмысшылары қарқынды еңбек етуде. Бүгінгі таңда күре жол бойындағы 7 гектар жер тегістеліп, арнайы техника арқылы жыртылды. Арықтар қазылып, қоршалып жатыр. Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен жеткізілген 17500 түп ағашты отырғызу жұмыстары да бас­талып кетті. Мамандар ағаштардың ережеге сәйкес отырғызылуын бақылауға алған. Айта кетейік, бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 13426,3 мың теңге қаржы бөлінген.
Дәл осындай жасыл белдеу Әйтеке би кентінің бас қақпасынан бастап теміржол өткеліне дейінгі аралықта да болады. Жол бойындағы 2,6 гектар аумаққа 8800 түп ағаш көшеті егілуде.
Бұл күні аудан орталығына кіре беріс автокөлік жолы­ның бойында қызу жұмыс атқарылды. Айналдыра қор­шал­ған арықтың бір басында жұмысшылар қолмен көшет егіп жатса, екінші бетінде арнайы техникамен тал отырғызылды. Озық тех­никаның ерекшелігі, жай­қалып өсіп тұрған саялы ағашты бір орыннан екінші жерге тамырымен қосып еш қиындықсыз орналастырады. Заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған тракторды Ардақ Кәдір басқаратын Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемле­кеттік мекемесі облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан жалға алған.
Жасыл белдеуге егілетін сыр талы, үйіңкі, катальпа, клен, қаратал ағаштары тамшылату әдісімен суғарылатын болады. Мамандардың айтуынша, бұл технология бойынша су тек керек кезінде ғана қажетті мөлшерде тамшылатып беріледі, артық жіберілмейді.
Мұның тағы бір тиімділігі туралы ағаш егу жұмыстарын ұйымдастырып жүрген Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Қайрақбай Орынбасаров:
– Жасыл белдеуге соңғы үлгідегі тамшылатып суару әдісін таңдап алуымызға негізгі себептердің бірі автокөлік жолына жақын болуы және жанынан жоғары вольтты электр бағандарының өтуі. Егер біз арықтарға су толтыру арқылы суаратын болсақ, асфальт жол мен бағаналарға зақым келуі мүмкін, – деп түсіндірді.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
17 сәуір 2018 ж. 2 685 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930