Ауданда ауқымды істер атқарылуда
Кез келген қоғам уақыт ағымына сай дамудың даңғыл жолына түсуді қалайды. Сол үшін халық жаппай еңбектенеді. Бүгінгі күні тұрмысқа тиімді болып, келешек ұрпақтың кемел ғұмыр кешуі бағытында аудан тұрғындары аянбай тер төгуде. Бұл орайда еңбекті ұйымдастырып, макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуын реттеп отырған тиісті сала өкілдерінің де үлесі басым. Биылғы жылдың 6 айында қол жеткізген даму көрсеткіштері бұған дәлел бола алады.
Қазіргі таңда республикада өнеркәсіп саласын жолға қоюға назар аударылып отырғаны белгілі. Сондықтан осыған байланысты жарқын жобаларға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ауданда өнеркәсіп өнімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120 проценттен асып, көлемі 6700 млн теңгені құраған. Ал өңдеу өнеркәсібінен 5561 млн теңге өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда біршама өсімге қол жеткізілді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуды қолға алу керектігін айтқан болатын. Кеше ғана қызметін ауыстырған сол тұстағы өңір басшысы Қырымбек Көшербаев та шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікке кедергі келтіргендер заң алдында жауап береді деген мәлімдемесінен ел дамуына ерекше қарқын беретін салаға деген жанашыр көзқарасты анық байқауға болады. Соның себебі болар Қазалы ауданындағы кәсіпкерлердің өз ісін бастауына, салада бұрыннан тірлік жасап жүргендердің жұмысына көрсетілетін қолдау жайында ауыз толтырып айтуға болады. Осы аптада ашылу салтанаты болып өткен Nur.Med.kz медицина орталығы соның айқын көрінісі.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4288 бірлікті құрап отыр. Олардың 300-ге жуығы заңды тұлға болса, 735-і шаруа қожалығы, қалған 3274-і жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге алынған. Бұлардың 90 проценті, яғни 3800 кәсіпкер тұрақты жұмыс жасап, мемлекетке салықты уақытылы төлеп отыр. Сонымен қатар бөлшек сауда көлемінде де ілгерілеушілік байқалып, табыс көлемі 3851,1 млн теңгені құраған.
Келешекке сенімді қадам жасауда елдің ауылшаруашылық саласын жолға қоюдың маңызы зор. Себебі табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалалар таусылған уақытта, халық ауылшаруашылық өнімдері арқылы нарықтан кешеуіл қалмайды. Бұл қазіргі таңда әлемдік ғалымдар мен саясаткерлер айтып жүрген тұжырым. Сол себепті ауданда ауылшаруашылық саласын жетілдіру үшін біршама тың жобалар қолға алынып, бүгінгі таңда өз нәтижесін беруде. Мәселен, саладағы өндірілген өнім көлемі 3372 млн теңгеге жетті. Бұдан сала көрсеткіші өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,6 процентке өсім алғанын байқаймыз.
Алайда ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру сәл төмендеп тұр. Ағымдағы жылы 17508 гектар жерге дәнді дақыл егілсе, былтыр 17790 гектар аумаққа орналастырылған. Оның ішінде 6225 гектарға күріш, 7551 гектар жерге мал азықтық дақылдары, 2250 гектарға картоп, көкөніс, бақша егілсе, 614 гектар жерге майлы дақылдар себілген. Дәнді дақылдарға 7093 гектар жер жеткілікті болған.
Ауылшаруашылық мамандары биыл мал басын көбейтуді, одан алынатын өнімнің сапасы мен көлемін ұлғайтуды шындап қолға алғанға ұқсайды. Тек құс шаруашылығы басқа үй жануарларына қарағанда саны жағынан кенжелеп тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 240 басқа азайған. Ал ең жақсы өсім көрсетіп тұрған – сиыр малы. Соңғы алты айдағы есеп бойынша ірі қара саны 1202, оның ішінде сиыр 1721 басқа көбейген. Сол сияқты қой 3217, ешкі 34, жылқы 2287 басқа, ал түйе төлі 543-ке артқан.
Төрт түліктен алынған табиғи өнім – адам денсаулығына пайдалы, таза тағам екені белгілі. Соны ескерген тиісті сала қызметкерлері ауылшараушылық өнімдері ұлғайғанын айтады. Атап айтсақ, сиыр сүті 7600,9 тоннадан асып, ет өндірісінің көлемі 101,5 процентті құраған. Сөйтіп ет өнімі 1443 тоннадан артып отыр. Сондай-ақ құс басының кемуі олардан алынатын жұмыртқаның санына кедергі келтіре қойған жоқ. Оның көлемі 321,5 мың данаға жеткен.
Бұдан бөлек негізгі инвестицияға салынған инвистиция көлемі 25406 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы уақытқа сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5 есеге артық орындалған. Ал құрылыс жұмыстарына жұмсалған қаржы көлемі 6252 млн теңгені көрсетіп, биыл 5,4 есеге ұлғайды. Осы көрсеткішті соңғы алты айда пайдалануға берілген 13587 шаршы метр, яғни 89 үй көтеріп тұр.
Қайбір өлкенің де дамығандығын ондағы жұмыссыздық деңгейінің төмендігіне қарап бағамдауға болады. Бұндай азаматтардың аудандағы үлесі 5 процентке жуықтап отыр. Оған жауапты мамандар жұмыссыз адамдардың санын қысқарту жұмыстарына баса ден қойған. Нәтижесінде 2019 жылдың жартыжылдығында жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 1468 адамның 460-ын түрлі салаға орналастырылған. 613 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, жастар практикасы бойынша 149 азамат, әлеуметтік жұмысқа 100-ге жуық тұрғын жіберілген. Бүгінгі таңда 469 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 448-і тұрақты, 21-і уақытша еңбек орындары ретінде қарастырылған.
Сонымен қатар салықтар және басқа да міндетті төлемдер түсімі артқан.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ