Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Жыл аяғына дейін ауданда 900 жаңа жұмыс орны ашылады»

«Жыл аяғына дейін ауданда 900 жаңа жұмыс орны ашылады»

Биылғы жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы»болып жарияланғаны белгілі. Осы бағытта күн сайын қарыштап дамып, шағын және орта бизнестің көрігін қыздырған Қазалы ауданында да бірқатар мәселелер шешімін табуда. Сондай-ақ, көптеген жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны рас. Бұл мәселелер төңірегінде аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаевпен әңгімелескен едік.
– Совет Кеңесұлы, ел ішінде «Екінші Түркістан» атанған Қазалы ауданында ағымдағы жылы кәсіпкерлік саласы бо­йынша нендей жұмыстар атқарылуда?
– Айта кету керек, жергілікті салық базасын көбейтіп, халықты жаңа жұмыспен қамту үшін шағын кәсіпкерлік пен жаңа өндіріс орындарын ашуда біршама жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, бұл бағытта мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шара жоспарлары қабылданған. Тиісті қолдаулар бар. Биыл облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының бастамасымен кәсіпкерлікті қолдауды одан әрі дамыту мақсатында аймағымызда «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» жылы болып жарияланды. Жыл басында ауданда кәсіпкерлікті дамыту үшін Жол картасы бекітіліп, әр елді мекенде түрлі бағыттағы қолға алынатын жұмыстар нақтыланды.
Қазалы ауданы бойынша 2018 жылдың 1 шілдесінде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4400 бірлікті құрады. Оның ішінде үстіміздегі жылдың 6 айында 482 кәсіпкер тіркеліп, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126 пайызды құрап отыр немесе 102 кәсіпкерге артық. Қолдағы мәліметтерге сәйкес жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 3623 бірлік болып, өткен жылмен салыстыра қарағанда 118,9 пайызға жетті.
– Кәсіп бар жерде берекенің қатар жүретіні белгілі. Жалпы, ауданда кәсіпкерлік саласы арқылы тұрғын­дарды жұмыспен қамту көрсеткіші қалай?
– Өздеріңізге мәлім, «Еңбек» нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, Мұнымен қоса, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша облыс тарапынан 220 адамды оқыту межеленіп, 240 адам нақты тіркелген. Олар жобалар бойынша 550 миллион теңге несие алады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Бизнес-Кеңесші» жобасына қатысты 90 адамға меже берілсе, одан 249 адам оқу курстарын сәтті аяқтады. Ал, стартап жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында 25 қатысушыға 240500 теңгеден барлығы 6 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Осы бағдарлама шеңберінде биылғы жылға Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 21 кәсіпкер құны 85,3 миллион теңге несие қаражатын алса, 15 жоба бойынша құжаттар комиссияда қаралуда.
Бір қуанарлығы, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» Микроқаржылық ұйымы» ЖШС-нің Бақылау Кеңесінде құны 224,9 миллион теңге құрайтын 71 жоба мақұлданып, қаржыландырылуда.
Сонымен қатар, «ҚазАгро­Кепіл» АҚ-нан кепілден­діретін жобалар саны 10, құны 111,8 миллион теңгені құраған. Қаржысы күтілуде.
– Ауданымызда былтырғы жылмен салыстырғанда биыл «кәсіп ашсам», «кәсібімді кеңейт­сем» дегендердер көбейе түскен. Бұған дейін шаруасын бірізге түсіргендер жеңілдетілген несиеге қан­дай банктер арқылы қол жеткізіп келеді?
– Иә, көп жағдайда кез келген ісін дөңгелеткісі келетін кәсіпкерлер түрлі жеңілдетілген несиелерге қол жеткізгісі келетіні айқын. Ол үшін жеке кәсіпкерде үлкен арманмен қатар пайдалы жобалар болуы шарт. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша ауданнан құны 130 миллион теңгені құрайтын 3 жоба екінші деңгейлі банк арқылы несие қаражатын алып, «Даму» қоры» АҚ-ы сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланды.
Қазіргі таңда, «Даму» қоры арқылы 8 кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 387 миллион теңге құрайтын несие алуға құжаттары дайындалып, екінші деңгейдегі банктермен келісілуде.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасының мемлекеттік гранттық қаржыландыру компоненті аясында сәуір айында жарияланған конкурсқа ауданнан жоба құны 118,4 миллион теңге болатын 56 үміткер құжаттарын тапсырып, нәтижесінде қаржы көлемі 15,1 миллион теңгені құрайтын 19 жоба мақұлданды. Бүгінгі күні кәсіпкерлер кәсіпкерлік басқармасымен келісім шартқа отырып, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша «Қазалы Несие» ЖШС кредиттік серіктестігі 8 өтінішке 79,6 миллион теңге несие берген.
Жалпы аудан кәсіпкерлерінің сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан 100 өтініш бойынша жалпы көлемі 389,8 миллион теңге несие берілген.
Осы мемлекеттік бағдармалардан бөлек 2-ші деңгейдегі банктерден 22 заңды және жеке тұлғалар 499,6 миллион теңге несиемен қаржыландырылған. Бұлардың барлығы алдағы уақытта тұрғындардың жақсы өмір сүрулеріне, кәсіптерінің көкжие­гін кеңейтуге біраз септігін тигізбек.
– Облыс әкімі Сыр өңірінде бір жыл емес, үш жыл қатарынан «Кәсіпкерлікті жаппай қолдау жылы» деп жариялады. Алдағы уақытта сізге қарасты саланың қандай жоспарлары бар?
– Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту, салық базасын ұлғайту бағытында көптеген игілікті істер атқарылып жатыр.
Сондай-ақ, салық базасын ұлғайтуға байланысты жұмысшы тобының атқарған жұмыстары нәтижесінде, біздің аумақтан тыс жерлерде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің ауданымызға 9-ы есепке тұрып, төленетін салықтары арқасында ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпалын тигізетін болады.
Сонымен қатар, оның белсенділік көрсеткіші жыл басында 76,4 пайызды құраған болса, бүгінгі есепті мерзімге 82,3 пайызға артты. 2018 жылдың жоспарына сәйкес 86,5 пайызға жеткізу межеленуде.
Жалпы жыл аяғына дейін кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылатын жұмыс­тардың нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орындары ашылады деген мақсат бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ
14 тамыз 2018 ж. 1 017 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031