Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Асық қашан алшысынан түседі?

Асық қашан алшысынан түседі?

Қазақ балаларының асық ойыны 2000 жылға дейінгі балалардың балдәурен кезінде соңғы демін алған секілді. Одан кейінгі ұрпақ ұлттық ойынның қызығын көп көре қоймады десек қателеспейміз. Өйткені бұдан әргі уақытта балалалар түрлі жас ерекшелігіне сай ойыншықтарға көшіп, арғысы ұялы телефонның ұясына тоғытылды.

Балалық шағы ХХ ғасырдың соңғы ширегімен қатар келген бүлдіршендер үшін сол кезеңдегі ең ұнамсыз нәрсе түскі мезгілде ұйықтау еді. Әрине өз қалауымен емес. Ата-ана “басыңа күн өтеді” деп, қараңғы бөлмеге еріксіз жатқызып тастайтын. “Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада” деген тәмсіл де әңгіменің осы тұсына сұранып тұрғандай. Көзін тарс жұмып, ұйқыдағы адамның түрін салатын бала осы кездің өзінде бойындағы әртістік қабілетін дамыта береді. Үйдегі барлығының ұйқыға кеткенін күтіп, аяқтың ұшымен басып, сыртқа шығады да, қақпадан әрі жүгіре жөнеледі. Ауладан ұзамай жатып “қашу операциясы” әшкереленіп қалса, жазаланатынын білгендіктен барынша сақ қимылдайды. Сонан соң өзі сияқты ұйқыдан қашқандармен бірігіп, күн ыстығын елемей, ойынға кірісіп кетеді. Бұл ойында мергеннің мерейі биік. Сақасыз асықтар қолбасшысыз әскермен тең болғандықтан, салмақты сақасы барлар көп жағдайда жеңіске жетеді. Бұл – “Асық ойнаған азар” деген мақалдың ескіре қоймаған кешегі кішкентайлардың қызыққа толы балалық шағының көрінісі.

Шын мәнінде қазіргі заманда асық ойнаған азбайды, доп ойнағандардың өзгелерден көші ілгері. Өйткені уақыт ағымы ұлттық ойындар арқылы бала денсаулығы спорттан шынығатынын, қимыл-қозғалыстан ой-өрісі дамитынын көрсетіп берді. Өкінішке орай доп қуғандар күн өткен сайын еселене түскенімен, асық ойнауға ынтық балалардың саны төмендеп кетті. Ұрпақ тәрбиелеп отырғандардың бір бөлігі кішкентайларын ұлттық ойынға баулығысы келгенімен, көп жағдайда телефонға телмірген балаға сөзі жүрмейтіні жасырын емес. Ал сақалардан сәбидің ермегін емес, ұлттық құндылықтың қасиетін ұғынатын бірен-саран қазақ отбасы Ба­уыржан батырдың “Асық – үлкен халықтық тәрбие” деген сөзін санасында сақтаған. Ендігі міндет – осындай отбасылардың санын еселей түсу.

Асық ойнауға асық балалар көп деп айта алмасақ та, ата-анасының үлгілі тәрбиесінің арқасында ұлт­тық ойынды сүйіп ойнайтын бүл­діршіндер бар. Солардың бірі – ау­данның кішкентай тұрғыны Диас Әнуарбеков. Жеті жасар жеткіншектің жүзге жуық асығы бар. Оны әкесі ер бала дүниеге келгенін естіген күннен бастап жинаған. Қазір көрші құрдастарының арасында иіріп тұрып атудан Диасқа тең келері жоқ. Оның әкесі Наурызбектің айтуына қарағанда, баланың ермегінен бөлек бұл ойынның астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр.

– Қазақта ер бала дүниеге келгеннен кейін оның бойына ержүректік, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру әкенің бұлжымас міндеті саналады. Балаға асық үйретуді де әкелік парызым деп білдім. Сәл ер жеткеннен кейін атқа мініп, көкпар тартуға баулимын деген ойым бар. Биылдан бастап қазақша күреске қатыстырамын. Себебі балам ер жеткенде бойында ұлттық намысы тулаған, дәстүрді дәулеті санап, халықтың қамын ойлайтын азамат болғанын қалаймын. Өзі ер жеткесін ұлттық ойындар мен дәстүр-жоралғыларды жанына серік еткен азамат қандай болатынын өзінен көріп, тәрбие берген әкеге риза болса екен деймін, – деді ол.

Ал бала дәрігерлері асық ойнаудың бала денсаулығына тигізер пайдасы мол екенін айтады. Жас өреннің азамат болып қалыптасуына тәрбиелік мәні де зор. Ауыз толтырып айтуға болатын пайдасы – баланың жеңіске деген жігерін арттырады. Маңызды сәттерде өзін қолға алуға баулып, мергендігін қалыптастырады. Жеңіліс тапса өзін жетілдіру керек екенін ұғынып, жігерлілікке үйренеді. Сондай-ақ асық ойыны ептілікке, шап­шаңдыққа, сергектікке бау­ли­ды. Бұл ойында үнемі оты­рып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширы­ғу жас балалардың денесін жат­тық­тырып, аяқ-қолдағы буын ауру­ларының алдын алады. Денесін шынықтырғаннан бөлек көздің алыстан көру қабілеті артады, ағзасы тынығады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады. Дәрігерлер солай дейді.
Ойын кез келген балаға ұнайтыны анық. Бастысы тәр­биелеу­шінің оған дұрыс бағдар беріп, балапанына қажетті ойын түрлері мен құралдарды саналы түрде сараптай білсе болғаны. Есесіне бала ер жеткесін бақытты балғын шақтары үшін ата-анасына шынайы пейілден шыққан риза­шылығын білдіретін болады.

Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағынан бұдан бірнеше жыл бұрын бой көтерген “Арзан” кешенінде асықтың түр-түрі сатылатынын айта кету керек. Асық символы бар арнайы ыдысқа салынып қойылған түрлі-түсті ойын сүйектері көрген көздің жауын алады. Бұндай артықшылық кент орталығында орналасқан “Арзан” базарында да бар екен. Үлкен кәсіппен айналыса отырып, ұлттық құндылықты дәріптейтін, оның дамуына бір қарыс болсын жол салатын кәсіпкерлердің барына шын пейілмен қуанасың. Әрі-беріден соң, ұлттық ойынның қазақтың өзінен басқаларға қаже­ті шамалы. Ал тұтас қазақ баласы асық ойнау арқылы сана-сезімін дамытып, үлкендер оның қасиетін дәріптеп болған сәтте, асық ойынына әлем халқының қызығушылығын тудыру туралы сөз қозғайтын боламыз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 шілде 2019 ж. 2 268 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031