Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазалыдан» қол үзбеңіз!

«Қазалыдан» қол үзбеңіз!

«Хатқа түстің – отқа түстің» дейді екен біздің қазақ. Ежелден белгілі, көкірегі зерделі ата-бабаларымыз аманат сөзді жазып емес, көбіне жаттап алып, ұрпаққа мирас ететін. Жүректен шыққан сөз жүреккке жететін болғандықтан ба, ол сөздер ұмытылмайды екен. Кешегі Кеңес заманында жыршылардың соңын көрген ағаларымыз небір жүйріктермен таңды таңға қосқан күндерін аузымыздың суын құртып айтып отыратын. «Бұрынғының бәрі әулие» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтпақшы, бұрынғы жақсылардың айтып кеткен сөздері қазір зерделі көкіректе емес, қағаз беттерінде қатталып қана жатқаны өкінішті, әрине.
Жоқ, біз тарихтың тасқа түскеніне қарсы болып отырғанымыз жоқ, қағаз мың жылдық азық сақтайды деген, айтпағымыз: қанша қазақ ертегілері, Абайлар сусындап өскен батырлар жыры, небір тамаша әңгімелер, хикаялар бар, соның кейбірі жастарға айтылусыз, айтылса, тыңдалусыз қалып бара жатқан сияқты көрінеді. «Кеден кеден болды, кедергі-кесір неден болды» дейтін емес, қоғамдағы мейірімсіздік, жастар арасында өзіне қол жұмсаушылық, нашақорлық, әділетсіздік, түйсіксіздік, барлық қиындық кешегіден қалған сөз нәрін түсініп, жүрекке сіңірмегенінен болып жатыр деп ойлаймыз...
Сондықтан, «иә, сәт» деп ашылғанынан, жарық көрген алғашқы санынан бабалар аманатын ұрпаққа тәпсірлеп жеткізуді мұрат еткен, мемлекетшілдікті, елдікті дәріптеп, халықтың қуанышына ортақтасып, жақсылығы болса, жар салып келе жатқан «Қазалы» газеті Мағжанның толқын туралы ойларындағыдай, қазақ қоғамындағы һәм жергілікті жердегі толқынды толқынға қосып, «теңіздің іштей тазаруына, жаңаруына» өзінше үлес қосып келе жатыр. Мұнымен қоса, басылымда бүгінгі ағалардың, жас ұрпақтың да ел болсақ деген арманы, тілегі қатталуда. Үмітін жандырып, күдігін тайдырып, елдің мұң-мұқтажын, шерін тарқата білдік. Мәселенің ақ-қарасын анықтаудың өзі сананы сансырататын ғаламтор ғасырында газет өз оқырмандарына дәйекті де тұшымды ақпарат таратуда. Міне, сол – қуаныш! Басылымға бұдан артық не керек?!
Қазір газеттің апталық тиражы – 13000-нан асады. Әрине, бұл аз да емес, көп те емес. Мұстафа Шоқай кешегі ауыр күндері «Яш Түркістанды» шығарғанда, әуел баста қазақ және өзбек тілдерінде 500 данамен шығаруды көздепті. Бұл жерде заман мен тақырыпта, журнал мен газеттің арасында айырмашылық бар екені рас. Алайда, «Қазалы» газеті де «Яш Түркістандай» пайданы көздемеген. Тек, мемлекетшілдік пен елдік мүдденің жаршысы болуды ғана мақсат тұтады.
Шыны керек, газет шығару өте қиын жұмыс, мұны редакция маңына жуып кеткен, қалам ұстаған адамның бәрі жақсы біледі. Сондықтан, газеттің жанкештілікпен шығып жатқанын айту – міндетіміз. Бұл үшін әуелі Жаратушыға шүкірлік етеміз. Алғашқы редактор болған Жетіскен Мәкеналы ағамыздан бастап, кейінгі редакторлық тізгінін қолға алған Шамша Айтуғановтың сіңірген еңбегі зор. Сонымен қатар, газеттің басы-қасында жанашыр болған, сондай-ақ мақала жазып, басылымның мазмұндық сапасының артуына үлесін қоса білген Қасқырбек Мәмбетжан, Қуантай Ршымбет, Кеңес Арықбаев, Алмагүл Қаржаубаева, Дәурен Тілеумбетов, Марат Көптілеуов, Кемал Көпжасар, Сержанқожа Берденұлы, Жақсылық Көрпебаев, Қадырбек Бекет, Құттыбай Баймахан, Аралбай Мәмбетжан, Бақытжан Түменбай, Жеткербай Махамбет, Темір Қапаров, Ғалия Орынбасар, Әлімжан Әлкебайұлы, Әнуар Әбдімұраттарды айрықша атап өткенді жөп көріп отырмыз. Ал Алматыда тұратын газетіміздің тұрақты авторы, белгілі қаламгер Ермек Жұмахметұлы мен Астанада тұратын тағы бір жерлесіміз, кәнігі журналист Сәдуақас Жұбатовқа оқырмандар атынан алғыс айтамыз. Газет жұмысының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген Сахи Қапар, Алтын Қосбармақова, Есет Табынбаев, Жеңісбек Айымқұлов, Ұлболсын Талапбаева, Айнұр Қазмағамбетова, Ринат Әбдіхалық, Ғалымжан Алдамжаров, Қаракөз Ермекбаева, Гүлбану Алтынбекова, Гүлдана Жұмаханова, Ырзық Оразғалиев, Алмагүл Ахметова, Сексенбай Құлсымақовтың, сонымен бірге Салима Болатқызы, Мейрамбек Кеулімжаев, Асылбек Айдарбеков бастаған тарату бөліміндегі кент, қала, ауылдық округтердегі тасымалдаушылардың еңбегін бағаламасқа болмайды.
Айта кету керек, «Қазалы» газеті 2014 жылдан бері облыс әкімінің бастамасы және қолдауымен «Сыр медиа» серіктестігіне біріктіріліп, форматының көлемі ұлғайтылды. Типографиялық сапасы артып, түрлі-түсті бояумен шығарыла бастағанын да өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар.
Сонымен қатар, серіктестікке қарағалы бері екінші тынысы ашылған біздің басылымның қызметкерлері бүгінде облыстың маңдайалды шығармашылық ұжымдарында кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алуда. Әрине, ол үшін «Сыр медианың» бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа және ондағы азаматтарға ұжым мен оқырмандар атынан рахметімізді айтамыз.
Газет іздеген кісінің бәрінің қолына тие бермесі белгілі. Сондықтан да ықыласы ауған жанға, бүгінгі заманның талабына сай ақпараттық технология, яғни интернет нұсқасында да қолжетімді болуын көздедік. Қазақы БАҚ-тың, соның ішінде аймақтық интернет-ресурстың сұранысы жоқ дегеннің бос сөз екендігіне де «Қазалыны» (qazaly.kz) күніне жүздеген, мыңдаған интернет пайдаланушының оқып, танысқанын көріп, көзіміз жетті. Елдің һәм ауданның айтулы ақпараттық сайттары әр мақаламызды қолдан қолға, жолдан жолға тигізбей сілтемелеп басқан тұстарын айту керек шығар. Бұған қоса, газеттің электронды нұсқасы жарық көргеннен бастап, ауданнан шыққан еліміздің түкпір-түкпіріндегі жерлестеріміздің газетпен байланысы бұрынғыдан да жақындай түсті.
«Ойласам, барша адам – суға аққан дөңбек» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, біз де ақпарат тасқынында аққан жаңқадай ығып жүре беруді жөн санамаймыз. Сондықтан, біз өзіңізбен бірге бабалар аманатына жиі үңіліп отырсақ, мемлекеттің баянды бағдарламаларына, қоғамның тыныс-тіршілігіне терең бойлай берсек, ұрпақты рухани азықсыз қалдырмаймыз деп ойлаймыз. Газеттің 1000 санымен бірге жасаған ойлы оқырман осыны түсінеді деп сенеміз.
Дәурен ОМАРОВ,
«Қазалы» газетінің бас редакторы.
27 қаңтар 2018 ж. 2 739 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930