Теңге – ел экономикасының тірегі

Бұл күндері аудандық қаржы бөлімі аумақ көлеміндегі 86 мемлекеттік мекеменің бюджет қаражатының игерілуіне, оның тиімділігі, әрі өз мақсатында пайдаланылуына ықпал етеді. Аудан бойынша 2018 жылға кірістер 19 млрд 371 млн теңге болып межеленген. Үстіміздегі жылдың 10 айына 14 млрд 713 млн 937,6 теңгеге жоспарланған кірістер 14 млрд 721 млн 915,0 теңгені құрап, 100,1 пайызға орындалды. Шығыстар жоспары 19 млрд 371 млн теңге болып белгіленсе, 10 айда 14 млрд 691 млн 100,0 теңгеге жетті.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдауында еліміз технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып отырғанын еске салады. «Қазақстан – 2050» даму стратегиясынан кейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамудың кешенді стратегиялық жоспары жасалды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 98-қадамына сәйкес 2018 жылдан бастап халық саны 2000-нан асатын қала, кент және ауылдық округ әкімдіктерінің жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеттері енгізілді. 99-қадам талаптарына байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің аумақтық даму жоспарлары мен бюджеттерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізу жолындағы рөлдерін күшейту олардың өкілеттіктері, мәртебесі мен шешімдер қабылдау ашықтығы арттырылды.
Осы жылы аудан бойынша республикалық және облыстық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттер бойынша барлығы 7 млд 031 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрлымды дамытуға 1 млрд 997,9 млн теңге, тұрғын үй қорын салу, жобалау жұмыстарына 121,0 млн теңге, жылу энергетикалық жүйесін дамыту (электрмен, газбен жабдықтау) жұмыстарына 1 млрд 351,2 млн теңге, автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд 290,7 млн теңге, елді мекендерге ауыз су құбырын жеткізу және көшелерін күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 910,0 млн теңге, білім беру ұйымдары мұғалімдеріне қосымша ақы төлеу, білім беру кабинеттерін жабдықтау және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ақы төлеуге 751,0 млн теңге, нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бойынша берілетін көмектер, белгіленген іс-шара жоспарларын іске асыруға 609,2 млн теңге игерілді. Республикалық және облыстық бюджеттен алынған трансферттер 10 айда толығымен атқарылды. Өткен 2016-2017 жылдармен салыстырғанда аудан бюджетіне 8 млрд артық қаржы түсіп, әлеуметтік-экономикалық өсу байқалады. Теңге – ел экономикасының тірегі. Олай болса туған өлкедегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қаржы қызметкерлерінің де қосып отырған үлесі бары айдан анық. Барша әріптестерімді төл мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін.
Ахметулла АМАНОВ,
аудандық қаржы бөлімінің басшысы