Мал баққан озады
Қазақ тарихында қай кезде де мал баққан жан көштен озған. «Пәленше деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты» деп басталатын ертегілерде, жырларда малы бар азаматтың ауқатты, көпшілікке қадірлі болатынын меңзесе керек. Өйткені, бұл дәулет – адамның төгілген терінің, еткен еңбегінің жемісі. Ал бүгінгі таңда шаруашылықпен айналысатын кәсіпкерлер тек өз отбасына ғана емес, туған жерінің дамуына үлкен үлесін қосуда. Осындай еңбекқор кәсіпкерлердің бірі ретінде Майдакөл ауылындағы «Айзат» шаруа қожалығының негізін қалаушы Сейіт Сұлтанбековты айтуға болады.
Жасы жетпістен асқан қария бірлестікті 2002 жылы ашқан. Кейінірек ұлы Берік Сұлтанбековтың атына аударған. Бірлестік құрылған жылы Майдакөл ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан 600 гектар жерді қожалыққа тіркейді. Осылайша қолда бар онға жуық малын көбейтуге күш салады. Бірнеше жылғы табанды еңбектен кейін кәсіпкердің ісі өрге домалады деп айту қиын еді. Шаруашылықтың шешілмеген мәселелері бар болатын. Осы олқылықтардың орынын толтыру мақсатында, жаңа серпіліс алу үшін 2012 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен мал санын көбейткісі келді. Сөйтіп, 6 пайыздық жылдық төлеммен 4 миллион теңге жеңілдетілген несие алады. Ол ақшаға 30 бас ірі қара алып, мал тұқымын асылдандыруға кіріскен. Қазіргі таңда қожалықта 50 бас сиыр, 15 жылқы малы және бір қора қой-ешкісі бар. Ірі қарадан тараған 30 бас төлі тағы бар.
Шаруашылықты Сейіт қарияның 3 баласы жүргізуде. Дәурен есімді азамат отбасылық кәсіптің техникалары «ДТ-75», «Т-40», «МТЗ-80» және «УАЗ» автокөліктерінің ақауларын тауып, жұмысқа жарамдылығын бақылайды. Бұдан бөлек, өздерінің жер телімдеріне жоңышқа егіп, малды азықпен қамтамасыз етеді. Ал ақсақалдың Берік және Жасарал атты ұлдары түліктердің шөп-суын беріп, бағады.
Кәсіптің ебін тауып отырған малшы отбасының алға қойған жоспарлары да ақылға қонымды. Алдымен 2020 жылға дейінгі төленетін несиені жауып, мал бордақылау ісін қолға алғылары келеді. Мұнымен қоса, шөпті престейтін техника сатып алуды жоспарлап отыр. Ол үшін не керек екендігін де біледі. Ерінбей еңбек етсең, күрмеуі қиын түйіннің бәрі тарқатылады», – дейді Сейіт ақсақал.
Айта кетейік, кәсіпкер қарияның жары Дария Рысмағанбетовамен 10 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 28 немересінің қызығына бөленіп отыр. Олардың барлығы құтты орындарын тауып, елге қызмет етіп жүрген азаматтар екен. Отбасылық кәсіп пен береке-бірлікті жандарына жалау етіп отырған олар көпшілік қауымға кәделі үлгі екені анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ