Сыр өңірінде күрішке орақ түсті
Қызылорда облысында аймақтың басты дақылы - күрішке орақ түсті. Бұл шара Шиелі ауданындағы «Халық» шаруа қожалығының алқабында басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш шарада еңбек ардагері Пердәлі Архабаев, Екінші Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт майдангер Сәрсенбек Байжанов ақ батасын берді. Несібесін жерден терген ағайынға тілектестігін білдірді.
Н.Бекежанов ауылындағы Халық Мыханов басшылық жасайтын «Халық» фермер қожалығы - ауылдағы бірнеше ұсақ шаруашылықтың басын біріктіріп, бірлесе жұмыс жасаудың тиімділігін дәлелдеді. Нәтижесі де жаман емес, биыл жалпы 1445 гектар жерге егін ексе, оның 800 гектары - Сыр маржаны.
Үстіміздегі жылы Сыр өңірінде 177 мың гектардан астам алқапқа егіс егілді. Оның ішінде 81 мың гектарға жуығы күріш дақылы. Сондай-ақ, жергілікті диқандар 296 гектар жаздық бидай, 433 гектар арпа, 1027 гектар жүгері және тары, көкөніс-бақша дақылдарын екті. Былтыр 500 мың тоннадан аса күріш салысы жиналып, күріш өнімділігі гектарына 55,3 центнерді құрады. Соңғы 5 жылда күріш өнімділігі гектарына 7,6 центнерге артып отыр. Яғни, 2012 жылы бұл көрсеткіш гектарына 47,7 центнер болатын.
inform.kz