Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Беріктің берекелі бастамасы

Беріктің берекелі бастамасы

Қазақ халқы “Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деп бекер айтпаған. Көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз оның еті мен сүтін тамақ есебінде пайдаланса, қой жүнінен киім-кешек тоқып, киіз басқан. Бұл дүниелерді қазақ халқы жиі пайдаланған. Ал, қазіргі күні әлемде одан басқа бір де бір жануар: жүн, елтірі, қозы, қой еті, сүті – әлемдегі ең қымбат ірімшігі және құйрық майы сияқты сан түрлі өнім бермейді.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданында да мал шаруашылығын қолға алып, қой түлігін өсіруге ден қойған кәсіпкерлер баршылық. Солардың бірі Әйтеке би кентінде тұратын Берік Ералы. Мамандығы экономист жігіт бірнеше жыл акционерлік қоғамдар мен жеке серіктестіктерде еңбек еткен соң, өзі кәсіппен айналысуды жөн көреді. Осылайша 2014 жылы “Діннұр” шаруа қожалығын ашып, Шопан атаның төлін көбейтуді қолға алады.
– Бұл кәсіпті бастамас бұрын көп ойландым. Бастапқыда басқа да жобаларды зерттеп, түрлі жолдарды қарастырғанмын. Алайда, үлкендердің ақылын тыңдай отырып, қанымызда бар қасиет мал шаруашылығын дамытуды жөн санадым. Ол үшін жеңілдетілген 3 млн теңге несие алдым. Өйткені, менің қолымда дайын қаражат жоқ болатын, – дейді кәсіпкер.
Мал шаруашылығымен айналысуды құп көрген ол қолында бар қаржыға 60 қой, 4 бас жылқы сатып алады. Мемлекеттен Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты “Ерекеш” учаскесінен 10 жылға 150 гектар жер алып, қойларын қысы-жазы осында бағып отыр. Бүгінде тынымсыз еңбектің арқасында мал басы 100-ден асты. Осылайша Берік Мұстафаұлы бір отбасылы жанды жұмыспен де қамтып отыр.
Бұрыннан таныстығымыз бар Берікпен бір кездескенімде: “Әзірге мемлекетке жұмыс істеп жатырмын” деп қалжыңдаған. Оның себебін сұрағанымызда:
– Несиеге алған малымды төлдетіп, өсіріп, сатып, несиені сол малдың төлі арқылы өтеймін. Төлін тапсырғаннан кейін мал өзіме қалады. Қарапайым есепке сүйенсек, пайызы төмен несие алып, оған мал саудалап, ұстаған жан ұтпаса, ұтылмайды. Амандық болса, несиемді келесі жылы толық төлеп құтыламын. Содан ғой мемлекетке жұмыс істеп жатырмын деп айтқаным. Әзірге қой басының қатты көбеймей тұрғаны да сондықтан. Болмаса, жылда төлдейтін қой тез көбейеді. Алдағы жылдан бастап таза өзіме жұмыс істей бастаймын. Кез келген кәсіпті бастағанда өзі солай болады екен. Шүкір, қазір елден озып кетпесек те, қатардан қалмай тырбанып жатырмыз. Қазір «мен жұмыс істеймін» деп құлшынып тұрған адам болса, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. «Мүмкіндік аз, қамқорлық жоқ» деп жылаудың еш реті жоқ. Ниет болса, өз шаңырағымның берекесін кіргізіп, шаруашылығымды дамытамын дейтін ықылас болса, қалғанының бәрі бар, – дейді кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалығының жетекшісі.
Шаруасы өрге басып келе жатқан шаруа қожалығының басшысы өз тірлігінен хабар беріп, көпшіліктің кәсібін бастауға енжарлық танытатынын айтып қалды. Берік мал бағып, оның өнімінен пайда тапқан адамға, еңбек еткен шаруаға барлық мүмкіндік бар екенін, тек ол үшін тәуекелге бел буып, кәсіпті бастап кету керектігін жеткізді. Сөзінің жаны бар және мұны өзінің ширақ қимылымен де дәлелдеп отыр.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ

28 шілде 2018 ж. 1 199 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930