Шаруасы шашаусыз шаруа қожалығы
«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтереліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікді дала қазақтары да мүлт жібермеуге тырысады. Біреу мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін шаруалардың шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады. Түрлі жеңілдікті жөнімен пайдаланып, кәсібін өркендетіп жүрген шаруа қожалықтарының бірі – Майдакөл ауылындағы «Айзат» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда, оған жеке кәсіпкер Берік Сұлтанов жетекшілік етеді.
Майдакөл ауылының аумағында орналасқан шаруа қожалығы ісін мұнан біршама уақыт бұрын бастаған. Алғашқыда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан төрт миллион теңге несие алған кәсіпкер ісін дөңгелетіп әкетті. Мүйізді ірі қара, қой, ешкі, жылқы өсіретін шаруа қожалығы егін егумен де айналысады. Мал басы төлі есебінен көбейген жеке игіліктің тұрмыс- тіршілігі ойдағыдай десек болады. Бүгінгі таңда мал қыстату науқанына қызу кірісіп кеткен олар жауапты кезеңнен сыр бермей шығуды мақсат тұтқан. Азынаған саршұнақ аяздың қамын жайдары жазда күйттеген Сұлтановатар әулеті бұл тұрғыда барынша ыждағаттылық танытуда.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы шаруа қожалығы БҰҰ даму бағдарламасының пилоттық жобасы аясында 7,5 миллион теңгені құрайтын күн және жел арқылы қуат көзін өндіретін құрылғы және тәулігіне 150 литр су тұшытатын қондырғы орнатқан. Мұнымен қатар, халықаралық «Аралды құтқару қоры» қаржысына шахталық құдық қазылып, соның игілігін көруде.
– Алғаш рет 2002 жылы және 2012 жылы несие алып, шаруамызды өрістетіп отырған жайымыз бар. Қазір бес отбасы осы шаруа қожалығынан ырзық-несібесін айырып отыр. Әдепкіде, екі өгіз, отыз бас сиыр алдық. Көбіне сиыр өсіріп, оны ет бағытында бордақылауға әзірлейміз. Сондай-ақ, оларды ұрықтандырып, салмағын дамытып, өсу дәрежесіне бейімдейміз. Қазіргі таңда, елудің үстінде мүйізді ірі қара асырап отырмыз. Сонымен қатар, автокөлік пен трактор секілді техникаларды шаруамыздың тірлігіне пайдаланып отырмыз. Шүкір, жеке кәсіптің арқасында ұлдарым мен немерелерім жұмыс жасап жатыр, – дейді «Айзат» шаруа қожалығының негізін қалаған Сейіт Сұлтанбеков ақсақал.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Айзат» ша¬руа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ.