Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Токио төрінде топ жарсақ дейміз...

Токио төрінде топ жарсақ дейміз...

Өткен аптада Үндістанда өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем біріншілігіне қатысқан қазалылық қайсар қыздар туған жерге оралды. “Болливудқа” барған бұл әйелдер құрамасы қоржынға 1 күміс, 1 қола медаль салды. Сөйтіп жерлестеріміз жүлделі орынға ие болмаса да өз деңгейінде жақсы нәтиже көрсетіп, әлем чемпионатынан озық тәжірибе алып қайтты.
Біз талантты былғары қолғап шеберлерінің бапкері, Қазақстан Рес­публикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Бақытбек Құлбаевпен әңгімелесіп, Үнді еліндегі дүбірлі дода туралы сыр тарттық.
– Бақытбек Жұмабекұлы, алақандай ауданнан бір емес екі бірдей шәкіртіңіз әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеге қатысты. Турнирден қандай әсермен оралдыңыз?
– Иә дұрыс айтасың. Дүниежүзінің кіл мықтылары жиналған турнирге бокстан 69 келі салмақтағы ел чемпионы Ақерке Бақытжан мен жастар арасында Германия, Сербия, Өзбекстан еліндегі Халықаралық турнирдің жеңімпазы Аида Оңдашты алып бардым. Бүкіл әлем көз тіккен бокс бәсекесінде екеуі де жаман өнер көрсеткен жоқ. Ақерке екі жекпе-жек өткізіп, меніңше екеуінде де жеңіске жетті. Алғашқы айналымда маңғолиялық қарсыласынан айласын асырса, шаршы алаңдағы екінші кездесуде аустралиялық арудан төрешілердің шешімімен ұтылды.
Ақерке мен Аиданың алғашқы ірі халықаралық жарысы болғаннан кейін аздап тәжірибе жетіспеді. Олардың тарапынан қателіктер де кетті. Расын айтқанда Аида әлі жас. Оның қарсыласы өзінен 10 жас үлкен еді. Ал, Ақеркені қайталап айтам, өз басым жеңілді деп есептемеймін.
– Мұндай жетістіктер көп еңбекті қажет ететіні белгілі. Біздің бұрымдылар әлем чемпионатына дайындықты қашан бастады. Қай жерлерде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіздіңіздер?
– Қыздар алдымен бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Алматыдағы Бокс академиясының базасында өткен оқу-жаттығуларына қатысты. Еліміздің мықты былғары қолғап шеберлері басқосқан жиында Қазалы ауданынан үш бірдей спортшымыз тер төкті. Алатаудың баурайындағы жаттығуға Ақерке Бақытжан, Аида Оңдашпен бірге ел біріншілігінде қола медальға қол жеткізген Дәметкен Келімбет те барып, ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Присяжнюк жерлестерімізге бар білгенін үйретті. Соңғы дайындықты 1-12 қарашада Астана қаласында пысықтадық.
– Бір жылдан кейін алдымызда Токио олимпиадасы келгелі тұр. Оған шәкіртіңіз баруы мүмкін бе, кімнен үміт күтесіз?
– Рас айтасың. Бұйырса 2020 жылы Токио қаласында олимпиада ойындары өтеді. “Генерал болуды армандамайтын солдат солдат емес” деген бар. Сол секілді төрт жылда бір өтетін олимпиадаға қатысуды қаламайтын спортшы болмайды. Біздің көңілдегі бар арманымыз олимпиада ойындарына қатысу. Ол үшін келесі жылы өтетін лицензиялық турнирлерде топ жарып, Азия, әлем чемпионаттарын жеңу қажет. Негізінде осы үш бокс­шыдан үлкен үміт күтемін.
Менің басты мақсатым – осы қыздардың еңбегі жанса екен деймін. Сол үшін олардың жандарында жүріп, барлық білім-біліктілігімді үйретемін. Амандық болса, олимпиада, әлем және Азия чемпионатынан жүлделі орын алу жолында жалықпай жұмыс істейміз.
– Даңқты жерлесіміз, Лондон олимпиадасының қола медаль иегері Марина Вольнованың жетістігін қайталау үшін қыздар не істеу керек?
– Марина тек қана Қазалының ғана емес, бүкіл қазағымның мақтанышы десек артық айтқандық емес. Ел тарихында олимпиада ойындарында әйелдер боксынан алғаш медаль алған ару ретінде есімі мәңгі сақталады. Одан бөлек, әлем чемпионаты мен Азия біріншіліктерінде де толағай табыстарға қол жеткізді. Әлем біріншілігіне қатысқан шәкірттеріме келетін болсам, олардың да Маринаның көрсеткіштерінен де жоғары нәтиже көрсетулеріне зор мүмкіндіктері бар. Бүгінге дейін олар бокстан әлем чемпионаты, ел біріншілігі және халықаралық турнирлерге қатысу арқылы біраз тәжірибе де жинақтап үлгерді.
– Шәкірттеріңіз қазір қайда жаттығып жүр?
– Қазіргі таңда біз Кеңес Одағының кезінде жылу қазандығы болған ғимаратта жаттығып жүрміз. Әрине, бұл арнайы бокс үйірмесін өткізуге арналған типтік жобада салынған зал емес. Алайда оған да шүкір дейміз. Бұған дейін 15 жыл орталық стадионда жұмыс істедік. Оқушылардың көрсеткіштері жаман емес. Мүмкін алдағы уақытта спортқа жанашыр азаматтар табылып, заман талабына сай бір зал ашып берер деп жүрміз. Бірақ біз зал жоқ екен деп қол қусырып қарап отырмаймыз.
– Ауданда бір емес, екі бірдей спорт кешені бар деп мақтанамыз. Онда боксшыларға арналған арнаулы орын жоқ па?
– Біз облысқа қарайтын мекемеміз. Ал, Қ.Пірімов көшесі бойындағы спорт кешені ауданға бағынышты. Өзіміздің 5 кварталда орналасқан спорт мектебінде бокс залы жоқ.
– Қазіргі таңдағы қызметтік міндетіңіз...
– №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде бокстан бапкер болып еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Сондай-ақ, әйелдер боксынан облыс құрамасының аға жаттықтырушысымын.
Спорт мектебінде бокс үйірмем бар. Онда үш топта 39 оқушы былғары қолғаптың қыр-сырын үйреніп, жаттығу жасайды. Олардың арасында талантты ұл да, қайсар қыз да бар.
– Ақеркенің бокстан ел чемпионы екенін білеміз. Оны қалай таптыңыз? Әлде бокс үйірмесіне өзі келді ме? Ол меніңше жасы ұлғайған уақытта бокспен айналысқан сияқты.
– Иә, дәл солай. Ақерке бокске кештеу келгендіктен бірден үлкендер арасындағы жарысқа қатысты. Бірақ өзінің еңбекқорлығының, жауапкершігінің арқасында барлығынан да басып озды. Ол менің үйірмеме өз қалауымен келіп, жаттықты. Дәметкен де Ақерке секілді спортты есейіп бас­тады.
Есесіне Аида Оңдашты ойда-жоқта кездестірдім. Жаз мезгілінде көлігіммен кетіп бара жатып, дене бітімі боксшыға лайық оны бірден байқадым. Дереу тоқтап, бокс үйірмесіне қатысуға шақырдым.
Ол Бозкөл ауылындағы №96 мектептің 9 сыныбында оқитын. Аудан орталығына мектеп оқушылары арасындағы спартакиадаға баскетболдан жарысқа келген екен. Ата-анасымен ақылдастық, өзімен де сөйлестік. Алайда көп уақыт боксқа қатысуға келіспей жүрді. Бүгінгі күні ұлттық құрамаға да шақырту алып, еліміздің намысын қорғады. Жастар арасындағы жетістіктері де жаман емес. Өткен жылдан бастап әйелдер арасындағы бокста бақ сынап жүр. Мұндағы көрсеткіштері де көңіл қуантады. Биыл бокстан ел біріншілігінде күміс медальға қол жеткізді.
– Бокс федерациясы тарапынан жерлестерімізге нендей материалдық көмектер көрсетіледі?
– Үшеуі де ұлттық құраманың мүшесі болғандықтан республикалық бокс федерациясынан айлық-жалақы алады.
– Әңгімеңізге рахмет! Ойға алған барлық арман-мақсаттарыңыз орындалсын!
Сұхбаттасқан
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
08 желтоқсан 2018 ж. 1 272 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 44

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031