Тұңғыш астана хақындағы тұмса тарих

Тоқылдақ демекші, ол пойызға мінудің өзі бір қызық еді. Қазір Үндістандағы топырлаған жұрттың бірінен соң бірі секіре пойызға мінгенін көріп күлеміз ғой? Дәл сондай күй кешетінбіз. Адам көп, алысып, жұлысып әрең мінеміз. Ондада үлкендер «тезірек кіріп орын алып ал» деп есігінен лақтырып жібереді. Сондай «ауыртпашылықпен» қалаға жеткенде баратынымыз тек бір жер болатын. Қалалық демалыс паркіне келіп, мәз болып жүреміз. Онда қазіргідей түрлі аттракциондар, көңіл көтеретін орындар жоқ. Ол жердің қызығын көрген соң «Мәңгілік алауға» барып тамсанып қайтамыз. Бала көңілде қалған сол естеліктер біз секілді ауылдан қыдыруға келгендердің әлі де жадында сақталғанына күмәнім жоқ. «Жұрттың баласы» арман қуып Алматыға кетіп жатса, біз Қызылордадағы қара шаңырақтан қанат қақтық. Сол кездері студенттердің тұрағына айналған Сарқырамада бір үйдің баласындай нан мен майонез жеген күндер, пәтерсіз қалып «Пин паркте» түнеген түндер көз алдыма көлбейлеп келе береді, келе береді. Иә, қазір Қазалыдан Қызылордаға келу әрі кетсе 3 сағатты алады. Қашықтықты жалғап жатқан тақтадай тегіс асфальтпен апта сайын қатынау уақытымызды тиімді етті. Қалаға кірер жолдан бастап жарқыраған шамдарды көріп тағы қуанасың. Бой көтерген нысандар, түрлі демалыс орындары алыстан-ақ менмұндалап тұр. Қала келбеті бұрынғыдан көркейіп, әдемілене түскен. Дамыған кәсіпкерлігі, жоспарлаған жобалары, жүзеге асырылып жатқан жетістіктері бөлек әңгіме…
Егеменді елдің өткеніне көз жүгіртсек, алты Алаштың астанасы атанған Ақмешіт атырабы хақында сөз қаузамау мүмкін емес. Ескірген дүниенің құндылығы қай уақытта да қымбат емес пе?! Талай дүлдүлдің табаны тиген жер Сыр Алаштың анасының жылнамада жазылған жағдайы қалай өрбіді?
Көктем. 1925 жыл. Қазақ кеңестерінің V съезі. Күн тәртібінде тұтас елдің тағдырына қатысты екі тақырып тұр. Қайсыбірі болмасын екі шұқып, бір қарайтын мәселе. Біріншісі, сұрапыл саясаттың салдарынан «киргийз» деп аталып кеткен қазақтың төл атауын кері қайтару болса, екіншісі, сол тұстағы ел астанасы Орынборды Ақмешітке көшіріп, атауын Қызылорда деп өзгерту еді. Төрт күнге созылған съездің қорытындысы бойынша екі мәселе де оңынан шешілді. Ақмешіт «қазақ» атауын алған ұлттың бас қаласына айналды. Талай астанаға зиялылар келіп қызмет етті. Солай Қызылордада қып-қызыл тірлік қайнай бастады...
Тәуелсіздік алған сәт. Осы тұста сол кездегі президент алдында екі Жарлықтың жобасы жатқан көрінеді. Ең алдымен Қызылорда облысын тарату болса, екіншісі Арал ауданы тұрғындарын басқа аймаққа көшіру туралы-мыс. Әлгі шешім қабылданса, онда тұтас қазақияның рухани құлдырауы хақ. Себебі, біздің өңір тарихтың алтын діңгегі іспеттес.
Талай дүлдүлдің табаны осы жерге тиіп, Қорқыттың қобызының күйі әлі де сарнап тұрғандай. Ал егер оны жоғалтсақ, келер ұрпақтың жайы не болмақ? Тарихыңды жоғалтудан асқан бақытсыздық жоқ шығар?! Алайда ол құжат президенттің алдынан кері қайтты. Содан кейін, Қызылордада жаңа серпіліс басталды.
Қала тұрғындарының саны 22,5 мыңнан асты. Қалаға электр жарығы қосылып, осында түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қаланды. Кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауыты, сонымен қатар түрлі артелдер көбейді. Орта және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мекемелері, қазақ эпидемиология және гигиена институты негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. 1925-1928 жылдары Қызылордада болған Қазақ халық ағарту институтында А.Байтұрсынұлы дәріс оқыды. Тұңғыш қазақ ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік- бактериологиялық институттары жұмысын бастады. Сыр бойындағы бас шаһарда сонымен қатар көптеген ақпарат құралы шоғырланды. Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда»), «Ауыл» газеттері мен «Әйел теңдігі», «Денсаулық жолы», «Жаңа әдебиет», «Жаңа мектеп» журналдары жарық көрді. Тұңғыш театр шымылдығы Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен ашылды. Бүгінде қала тұрғындарының саны сол кездегіден әлденеше есе өсіп, 280 мыңнан асты.
Сыр өңірінде бағдарлы бастамаларға жол ашылды. Жаңа оқу орындары мен өнеркәсіп мекемелері бірінен соң бірі ел игілігіне берлді. Иә, сарқырап аққан Сырдария талай сырды ішіне бүгіп, үнсіз ағып жатыр. Иінағаштай иілген көпірдің арғы жағына зер салсаңыз құрылыс алаңына ұшырасасыз. Жаңадан бой көтерген биік-биік ғимараттар. Құдды бір шетелде жүргендейсіз. Құмырсқадай тырбыңдап тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, тұмсығын көкке тіреген крандар. Әйтеуір қайнап жатқан тіршілік. Осылайша, Қызылорда – қазақтың өткен жолы мен болашағы тоғысқан, мәдениет пен өнердің алтын бесігіне айналды.
Биыл Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласының Астана болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл толды. Бұл тек Сыр өңірінің мерейтойы ғана емес, тұтас ұлтқа қатысты тарихи кезең емес пе?
Айнұр ӘЛИ